Апта басында Павлодар қалалық білім беру бөлімі «Достық» шағын ауданында қабырғасы қаланып жатқан жаңа оқу ордасы мемлекеттік тілде ашылатынын ресми түрде жария етті. Жағымды жаңалықты естіген көпшілік сүйінші хабарды әлеуметтік желілерде қуана бөлісіп, бұл мектепке қатысты оң шешім қабылданғанын жарыса жазуда.
Естеріңізде болса, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан аталмыш білім ордасының оқыту тіліне қатысты тұрғындар пікірі екіге жарылған еді. Алайда көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп, нәтижесінде таза қазақ мектебін ашу туралы шешім қабылданған. Бұл жөнінде Павлодар қалалық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратта:
— Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» ықшам ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ оқушылар көрші №21 орта мектепте және Ж.Тәшенев, Б.Момышұлы мектептерінде, Ә.Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ, ықшам ауданнан тыс жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа жайлы мектеп бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» ықшам ауданындағы 1200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2134 оқушы білім алуда. «Достықтан» балалар келіп оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1020 орынның орнына шамамен 1500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды, — делінген.
Қалалық білім беру бөлімі өкілдерінің айтуынша, шаһардағы 43 мектептің тек 10-ы ғана қазақ тілінде оқытады. Соңғы 5 жылдың ішінде өңірде 2 жаңа мектеп пен 3 қосымша ғимарат салынғанымен, олардың ішінде тек біреуі ғана, яғни Әлихан Бөкейханов атындағы лицей мемлекеттік тілде білім беруде. Сондай-ақ, бүгінде білім ордаларының саны артқанымен, бұл жағдай орын тапшылығы мәселесін толық шеше алмай отырған жайы бар. Алайда сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы уақытта аймағымызда, әсіресе, облыс орталығында мемлекеттік тілде оқытуға деген сұраныс тұрақты түрде арта береді деп күтілуде. Себебі, жылдан-жылға қалада салынып жатқан көпқабатты жаңа үйлер қатары көбейіп, халық саны да өсуде. Тек «Достық» шағын ауданында ағымдағы жылдың соңына дейін 100-ге тарта пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал келесі жылы тағы да 240 пәтерден тұратын үш жаңа тұрғын үй салынып, өз иелерін таппақ.
— «Достық» ықшам ауданында 1200 орынға арналған жаңа жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар, павлодарлық жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадам болады деп сенеміз, — дейді қалалық білім беру бөлімінің өкілдері.
Айта кетерлігі, көпшіліктің сұранысы бойынша облыстағы орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асуда. Мәселен, соңғы 5-6 жылдың ішінде Павлодар қаласындағы 15 орыс тілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптарының тұсауы кесілген. Бірақ бұл жағдай да мәселені шешуге жеткіліксіз болып отыр, дейді мамандар.
— Біз өз тарапымыздан қазақ тілді сыныптар мен мектептерді көбейту жұмыстарын қолға алудамыз. Атап айтар болсақ, 2017 жылы Зеленстрой шағын ауданында №37 мектеп ашылды (Ж.Тәшенов атындағы), 2018 жылы №7 мектеп және 2022 жылы №1 мектеп қазақша білім беруге көшті. Сарыарқа шағын ауданында салынған Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де мемлекеттік тілде оқытуда, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.
Осылайша, бүгінде қалада қазақ мектептерінің қатарын арттыруға барынша басымдық беріліп жатқаны қуантады. Бұл – заман талабы! Мемлекеттік тілді меңгеру — әр қазақстандықтың азаматтық борышы, дейді зиялы қауым өкілдері. Қалай десек те, қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде, қазақ мектебінде екенін естен шығармағанымыз жөн.
Нұржайна ШОДЫР.