«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Павлодар қаласының кәсіпкерлері аймақтың елді мекендерінде көшпелі автодүкендер ұйымдастырды. Олар мектеп өнімдерін қол-жетімді бағамен ұсынуда.

Облыста 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы жүргізіліп жатыр. Акция шеңберінде кәсіпкерлер жуырда өз тауарларын Павлодар ауданының Розовка, Новочерноярка және Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылының тұрғындарына ұсынды. Онда 500-ге жуық ата-ана мектеп, спорт формаларын, кеңсе тауарларын және т.б. оқуға қажетті заттарды сатып алды. Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Байғазинованың сөзінше, аталмыш жоба аясында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні, шалғайдағы ауылдық елді мекендерге мектеп жәрмеңкелерін, көшпелі автодүңгіршіктерді ұйымдастыру және «Бірінші сыныпқа бірінші рет», «Ауыл балаларына — мектепке сыйлықтар» сынды іс-шараларды өткізу жоспарланған.

— Қайырымдылық көмек аяқ киім, кеңсе керек-жарақтары түрінде көрсетіледі. Көмекке мұқтаж оқушылардың бірыңғай деректер базасы құрылды. Мұнда 12 мыңнан астам оқушы бар. Азаматтардың өтініштеріне жедел қарым-қатынас жасау мақсатында «жедел желілер», «сенім» телефондарының жұмысы ұйымдастырылды. Сенім теле-фондарының тізімі білім беру басқармасының, қалалар мен аудандардың білім беру бөлімдерінің әлеуметтік желілерінде жарияланған, — деді Г.Байғазинова. Акция аясында қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, әлеуметтік әріптестерді, мемлекеттік құрылымдарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Бүгінде демеушілер, әлеуметтік серіктестер 32 млн теңгеден астам сомаға 3 733 оқушыға көмек көрсетті. Сондай-ақ, бұған ұқсас жәрмеңкелер М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының маңында, Ақсу қаласында және Тереңкөл, Аққулы, Май, Шарбақты, Павлодар аудандарында ұйымдастырылды. Мұндай жәрмеңкелер 26 тамызға дейін жалғаспақ.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.