Қандай өзгеріс болады?

Там 28, 2025

Үш күннен кейін елдегі барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылып, білім күні басталмақ. Ал осы оқу жылында отандық білім беру саласында қандай өзгерістер орын алмақ? Оқушылар мен мұғалімдерді не күтіп тұр?  Бұл сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

ЖИ жедел жетеді

Жаңа оқу жылынан бастап орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі деп жоспарлануда. Ел Президенті отандық білім саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу керектігін айтып, оған қажетті платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуын тапсырды.

— Әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Оның басты нышанын инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуінен байқауға болады. Сондықтан бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектептерге жасанды интеллект енгізу жұмыстары қызу жүргізілуде.

— «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәнде-ріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді, — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Мұғалімдер жазаланбайды

Бұдан былай мектеп оқушылары оқудан тыс уақытта қандай да бір жағдайға тап болса, мұғалімдер жауап бермейді. Ел Президенті «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Сол бойынша ұстаздардың құқықтарын қорғауға, оларды педагогке сәйкес келмейтін міндеттерден босатуға ерекше мән берілмек. Тіпті, жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң өрескел бұзылған жағдайда прокуратура араласуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар, Президент бала қауіпсіздігі үшін де ұстазды орынсыз кінәлау дұрыс емес екенін тілге тиек етті.

— Балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулығы тексеріледі

Алдағы оқу жылында мектеп оқушыларының денсаулы-ғына ерекше назар аударылатын болады. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлер білім беру ұйымдарында профилактикалық тексеру шараларын жалғастыратынын айтты.

— 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жылдық жоспардағы балалардың 52 пайызы тексерілді, қалған оқушылар жыл соңына дейін тексеріледі. Тексеру қорытындылары бойынша балалардың 11 пайызында аурулар (оның ішінде кариес, темір тапшылығы анемиясы, миопия) алғаш рет анықталды. Олардың 30%-ы динамикалық бақылауға алынды. Биыл ғылыми-техникалық бағдарлама аясында үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, аурулардың алдын алуға, көмек көрсетуге және оңалтуға бағытталған мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту бойынша зерттеу жүргізілуде, — деді министр. Оның айтуынша, елдегі балалардың 65 пайыздан астамы мектептерде оқитын көрінеді.

Жаңа стандарт енеді

Биыл білім күнінен бастап мектеп оқушыларын тамақтандыру талабы өзгертілмек. Яғни, ас мәзірінің жаңа стандарты бекітілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мәзір әзірлеу құзыреті білім беру басқармаларынан денсаулық сақтау басқармаларына өткен. Ал тағамды дайындау барысын қадағалау міндеті мектептердегі медицина қызметкеріне жүктелген.

Жаңа стандарт бойынша мектеп асханаларында көкөніс пен жеміс-жидектер, сүт өнімдері көбірек ұсынылады.

— Бұл өзгеріс дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандарт шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды. Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Алшақтық жойылады

Алдағы уақытта ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жойып, тең жағдай жасауға басымдық берілмек. Бұл мәселеге ерекше мән берген Мемлекет басшысы:

— Баланың бәрі – бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы, — деді.

Аймақ басшысы Асайын Байханов та негізгі міндеттердің бірі — өңірде ауыл мен қала балалары арасындағы білім беру деңгейін теңестіру, қолжетімділікті арттыру екенін жеткізді.

Атап өтерлігі, кейінгі 4 жылдың ішінде 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылған. Бұған қоса, соңғы жылдары ауылдарда жаңа білім ордалары көбірек бой көтеріп, мектеп жанынан үйірмелер ашылуда, спорттық алаңдар салынуда. Мәселен, тек ағымдағы жылы аймағымызда 3 жаңа ауыл мектебі пайдалануға берілмек.

Сауаттылық артады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған ауқымды жоба іске қосылмақ. Бұл бастаманы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық банкі бірлесіп іске асырады. Соның аясында ағымдағы жыл соңына дейін 6 мыңға жуық педагог қаржылық сауаттылығын арттырады деп жоспарлануда. Ведомствоның мәліметінше, жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Жаңа бағдарлама коучинг пен фасилитация, топтық жұмыс, ұлттық қаржы жүйесі, инвестиция және қаржыны басқарудың қазіргі тәсілдерін қамтиды.

— Қыркүйектен бастап мектеп пен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 6 мыңға жуық мұғалім бес күндік курстан өтеді. 2026 жылы тағы да шамамен 4 мың педагог қамтылмақ. Бағдарлама ұстаздарға қаржылық мәдениетті оқу үдерісін енгізуге, ал оқушылар мен студенттерге қаржыны тиімді басқару дағдыларын дарытуға жол ашады, — делінген хабарламада.

Бұл жоба — қаржылық сауаттылықты ұлттық білім беру жүйесіне енгізудің маңызды қадамы болып табылады, дейді мамандар. Яғни, сол арқылы қаржы пирамидалары мен алаяқтықтың алдын алып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берілмек.

Нұржайна ШОДЫР.