Өкінішке қарай, өңірдегі мектепалды мекемелерде балғындарға зәбір көрсету жағдайлары тыйылмай тұр. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана әлеуметтік желілерде Павлодар қаласындағы №116 сәбилер бақшасының тәрбиешісі өз тобындағы балаларды жұлқылап, ұрып-соғып, шашын жұлып, қатыгездік әрекеттерін көрсетіп жатқаны жайлы бейнежазба таратылды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, құзырлы органдар бірден тергеу жұмыстарына кірісіп кетті.
Ай мен күннің аманында бейкүнә балаларға қиянат жасаған жандардың мұндай күйге түсуіне не себеп? Бұл жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Жауапты сала мамандарының пікірі қандай?
Не істеу керек?
Ел бойынша балабақшадағы бөбектердің тәрбиеші тарапынан қорлық көру оқиғалары жиілеп барады. Бұл жағдай алдымен ата-ананың арқасына аяздай батуда. Себебі, қоғамда болып жатқан жайсыз оқиғаларды естіп, көріп отырған үлкендер таңертең өз қолымен тәрбиешінің қолына тапсырып кеткен баласы үшін алаңсыз отыра алмайтын жағдайға жеткенін айтып, мұндай сұмдыққа тосқауыл қоюды талап етуде. Кейбір ата-аналар қоғамда болып жатқан оқиғалардан кейін баласын бақшаға бере алмай, байланып отырғанын алға тартуда. Солардың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Ботагөз Ахметова:
— Менің кішкентай балам үш жасқа жақындап қалды. Тілі толық шықпағандықтан, балабақшаға беруге қорқып отырмын. Өйткені, мектепке дейінгі мекемелерде орын алып жатқан жайсыз жағдайларды естігенде зәрем ұшып, жүрегім ауырады. Жуырда ғана қаламыздағы №116 балабақшада болған оқиғаны видеодан көрген күні түнімен ұйықтай алмай шықтым. Ал сол қиянат көрген балақайлардың ата-аналары қандай күйде болды екен?! Өте аянышты жағдай. Бүгінгідей бейбітшілік заманда балаларымыз бақытты болуы тиіс. Оларға ешкімнің қорлық көрсетуге құқығы жоқ. Балабақшалардағы бассыздықты жою керек! — дейді.
Бір байқағанымыз, бауыр еті баласы үшін алаңдаған ата-аналардың көбі балабақша тәрбиешілеріне деген талапты күшейтіп, бүлдіршіндер қауіпсіздігін сақтауға баса мән беру керектігін алға тартуда.
Жасыратыны жоқ, ата-аналар көп жағдайда балаларына тәрбиешілер тарапынан жасалған қиянатты тек бейнебақылау жүйесі арқылы ғана әшкерелей алады. Ал бейнекамера жоқ, көзден таса жерде не болып жатқанын болжау түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты. Ең өкініштісі, бейкүнә балғындарға қорған болуы тиіс балабақшаларда керісінше, тәрбиеші тарапынан қорлық көрсету оқиғаларының жиілегені дүйім жұртты алаңдатуда. Алайда мамандар оның түрлі себебі болуы мүмкін екенін айтады. Тәжірибелі маман, Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің психологы Жанар Ордабаева:
— Балабақша бүлдіршіндеріне қол көтеру — үлкендердің шыдамсыздығы, өзін ұстай алмай қалуы. Мұның ар жағында отбасылық мәселенің ұшқыны да болуы мүмкін. Яғни, үйдегі келеңсіз жағдайлар мен қиналған шақтарының есесін баладан алу — үлкен қателік. Оларға тосқауыл қоямыз десек, мамандарды жұмысқа қабылдамас бұрын оның бойындағы қасиеттерін танып-біліп, соған баса назар аудару керек. Егер оның бойында жанашырлық, балаларға деген сүйіспеншілік болмаса, педагогикалық этиканы білмесе, қалай балабақшада жұмыс істейді? Осы сұрақтың жауабын әрбір мектепке дейінгі білім беру мекемесі алдына келген мамандардан іздеуі керек, — дейді.
Иә, психолог айтқандай, бұл мәселеде алдымен мектепалды мекемеде жұмыс істейтін мамандардың дипломымен қатар, адамгершілігі мен психологиялық дайындығына да назар аударудың маңызы зор. Бұл ретте, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері елімізде соңғы екі жылдан бері мектепке дейінгі білім беру кадрларын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатқанын айтуда. Аталмыш министрліктің ақпараты бойынша бүгінде Қазақстандағы 11,8 мың мектепалды мекемеде
104 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Осы саладағы қызметкерлердің кәсіби деңгейін жүйелі түрде арттыру үшін әрбір педагогтің кемінде үш жылда бір рет біліктілік арттыру курсынан өтуі міндеттелген. Сондай-ақ, жыл сайын балабақша тәрбиешілерінің 30 пайыздан астамы арнайы бағдарламалар бойынша біліктіліктерін арттыру курстарына қатысып, әдістемелік біліммен қатар, психологиялық дайындық, баламен қарым-қатынас жасау мәдениетін меңгеруде екен.
Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан заңнамалық өзгерістер қабылданып, балабақшаларға бейнебақылау камералары орна-тылып, тәрбиешілерге қойылатын талаптар күшейтілгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді.
Ал көпшілік балаға зәбір көрсеткен жандар қатаң жазалануы тиіс екенін айтып, сонда ғана мұндай оқиғалар тыйылады деген пікірде.
Өңірдегі жағдай қалай?
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, енді өңірде орын алған оқиғаларға тоқталар болсақ, облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша биыл жыл басынан бері облысқа қарасты 3 балабақшада балаларды ұрып-соғуға, жарақаттауға қатысты жағдай тіркелген. Атап айтар болсақ, Екібастұз қаласындағы «Сәби Сити» жеке меншік балабақшасы, Ақсу қаласындағы №16 бөбекжай және Павлодар қаласындағы №116 сәбилер бақшасындағы оқиға бойынша ата-аналардан өтініш келіп түскен. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақсу және Екібастұз қалаларын-дағы мектепалды мекемелердегі мәселені құзырлы органдар тергеп, тексеріп, жазықты жандарға тиісті шара қолданылған.
Ал бірнеше күн бұрын ғана облыс оталығындағы №116 балабақшада болған жағдайға тоқтала кетсек, әлеуметтік желілерде таратылған бейнежазбада тәрбиешінің бір емес, бір топ балаға қатыгездік көрсеткені, яғни, шапалақпен ұрып, шашынан жұлып, киімдерін жұлқып киіндіріп жатқаны анық түсіп қалған. Бұл видеоны №116 балабақшаның ата-аналары бей-
небақылау камерасынан түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Бейнежазба жария болғаннан кейін оқиға орнына бірден бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева барып, мәселенің мән-жайын анықтауда. Сондай-ақ, жергілікті полиция департаменті де жедел іске кірісіп, балаларға қатыгездік көрсеткен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.
Сондай-ақ, балабақша басшы-лығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, — делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асайынова:
— Павлодар қаласындағы №116 сәбилер бақшасының кіші тобындағы тәрбиеленушілерге қатысты тәрбиеші тарапынан орын алған қол көтеру және дөрекі әрекеттер бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы дәлелденді. Аталған жайт бойынша білім беру бөлімі қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізуде. Тексеру нәтижесіне сәйкес, балабақша басшысы мен тәрбиешіге қолданыстағы еңбек заңнамасына сай тиісті шаралар қабылданатын болады, — дейді. Ал жайсыз жағдай орын алған №116 балабақшаның директоры қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Өкінішке қарай, бұған ұқсас оқиғалар өңірімізде бұрын да орын алып, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Нәтижесінде, балабақша басшыларына тәртіптік жаза қолданылып, тәрбиешілер бұйрық бойынша жұмыстан босатылған.
Бір анығы, балабақша тәрбие-ленушілеріне қатыгездік көрсетуге қатысты тіркелген деректердің барлығы ата-ана тарапынан түскен шағым бойынша бейнетаспаны тексеру барысында анықталған. Алайда камераға жазылмай
қалған қаншама бейкүнә балғынның жапа шегіп жүргені бір Аллаға ғана аян.
* * *
Осылайша, бүгінде кейбір мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне барған балақайлар мейірім емес, тәрбиешінің жұдырығын көріп, қорқынышта өмір сүруде.
Егемен ел ертеңі болар балаларымыз бақытты да батыл болып өссін десек, мұндай бассыздыққа жол бермеуіміз қажет.
Нұржайна ШОДЫР.