Соңғы кездері облыстағы балаларға арналған оңалту орталықтары сапалы заманауи жабдықтармен толығуда. Оған бірден-бір қолдау көрсетіп, қажетті затпен қамтамасыз етіп отырған елімізге танымал жаңа қорлардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры. Қор 2022 жылдан бастап Павлодар облысының тұрғындарына 8,1 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетті. Жуырда қор өкілдері қалада орналасқан төрт орталыққа барып, жұмыстарымен таныстырды. Оған қоса, Павлодар ауданы Заря ауылындағы тірек мектебінің жаңарған кейпімен танысты.
Аталмыш қор өңір бойынша 19 жобаны қаржыландырып, әлеуметтік маңызы зор орталықтарды жаңа құралдармен жабдықтады. Сапар барысында облыстық балаларды оңалту орталығы, №1 балабақша мектеп-интернат арнайы кешені, әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы, облыстық оңалту орталығы және Заря жалпы орта білім беретін мектебінде орналасқан заманауи құрылғылар мен жабдықтарды таныстырды.
Облыстық балаларды оңалту орталығы 2023 жылы ашылып, бүгінде 127 млн теңгеден астам қаржыға қажетті құрал сатып алынған. Мұнда жеті бағыт бойынша 98 маман жұмыс істейді. Орталықта логопед, психолог, демалу, спорт, музыка сынды кабинеттері бар. Яғни балалардың ыңғайы үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде орталыққа тіркелу үшін 400 бала кезекте тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын түрлі оңалту орталықтарына барып, жақында Екібастұз қаласынан қоныс аударып келген Ибадильдиновтер отбасы үш баласымен таңғы және кешкі уақытта орталықта ем алады.
– Өткен жылы мекеме ашылғаннан бері осында ем алудамыз. Балалардың әрқайсысы өзіне ұнаған бағытын таңдап, әрі қарай жетілдіруде. Қызымыз қазір фортепианода керемет ойнайды. Бір жыл шамасында балалардың қабілеттері әлдеқайда жақсарды деп айтуға болады, – дейді Айгерім Ибадильдинова.
Бұл орталықта сапалы медициналық көмек көрсетіліп жатқанын қолданыстағы заманауи жабдықтардан байқауға болады. Оңалту мекемесінің басты мақсаты – жүйке жүйесі зақымдарының зардаптарын жою, қимыл-қозғалыс қабілеті шектелген балаларды оңалтып, құрбы-құрдастарының қатарына қосу.
– Бүгінде 70-тен астам қызметкеріміз қор арқылы тегін оқытудан өтіп, білімдерін толықтырды. Облыстағы әлеуметтік қорғау жүйесі бойынша үздік заманауи орталық деп те айтуға болады. Орталыққа келгісі келген балалардың саны өсуде. Мұнда тіркелген балалардың 18 жасқа дейін ем алу мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта ғимаратымызды кеңейту жоспарда бар, – дейді орталық басшысы Әсет Манабаев.
«Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсеткен тағы бір мекемелердің бірі – балабақша мектеп-интернаты кешені. Қазіргі уақытта орталыққа 100 бала келеді. Оның құрылымында балабақша мен мектеп бар. Қордың көмегімен есту қабілеті нашар балалар арнайы жабдықталған кабинетте есту және көру қабілеттерін оятуға мүмкіндік алады.
«№1 балабақша-мектеп интернаты арнайы кешенінің» басшысы Нұрсәуле Төлемісованың айтуынша, орталықта толық есту қабілеті бұзылған балалардан бөлек, нашар еститін балаларға арналған арнайы үш сынып бар. Онда мүлде басқа әдістемелер қолданылып, логопед кабинетінде «ақылды айна» арқылы жұмыс жүргізіледі.
Осыдан екі жыл бұрын «Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру» жобасы аясында аталмыш №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Бұдан былай орталықта сымды есту-сөйлеу аудиосыныбы, мультисенсорлы сөйлеу тренажеры, ағаш ұстасы шеберханасы, психолог чемоданы сынды т.б. заманауи бөлмелер қызмет етеді.
Қор қаржыландырған жобалардың бірі – әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы. Бұл жобаның мақсаты – үй жағдайындағы ауыр дәрежедегі мүгедек балаларды оңалту. Сондай-ақ, пилоттық жоба оңалту әлеуетін арттыруға және мүгедек балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Орталыққа келушілердің қатарында бұрын қозғалыссыз өмір сүрген балалар, жаңа жабдықтың көмегімен тұрып, бірте-бірте үй шаруасына араласатынын айтуда.
– Қазір немерем вертикализатор жабдығын қолданып жүр. Ерекше балалардың дамып, сөйлеуі мен жүруіне септігін тигізуде. Бала болған соң қимылдағысы келеді. Немерем орталықтағы жаттығумен қатар, үйде жүріс арбасымен де жүреді. Осында қызмет ететін дәрігерлер әр баланың бабын табуға тырысады. Өте ризамын, – дейді қала тұрғыны Жұпар Құсайынова.
Ал облыстық оңалту орталығында балалардың дамып-жетілуіне жан-жақты жағдай жасалған. Аталмыш орталық монтессори, механотерапия, иммерсионды ванна, логопед, психолог, сыртқы шудан демалатын бөлме, массаж сынды кабинеттермен толыққан.
Облыстық оңалту орталығының директоры Фарида Тұрақбаеваның айтуынша, орталыққа келген әр балаға көңіл бөліп, олардың ерекшеліктеріне сай ем қабылдау шараларын қолданатынын айтты. Ерекшелігі бар балалардың иммунитеті төмен болғандықтан, бірде келіп, бірде ем-шара қабылдау бойынша демалысқа шығады. Мекемедегі емді қабылдау үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ. Емханадан жолдама алып, қажетті маманның көмегіне жүгінуге болады. Айта кетейік, орталықта невролог, логопед, реабилитолог, дефектологтар және шетелдік сарапшылардың қатысуымен оқытылған психолог мультидисциплинарлық мамандар тобы жұмыс істейді.
Бүгінде Павлодар ауданы Заря ауылындағы орта білім беру мектебі өзге мектептерден озуда. Оған «Қазақстан халқына» қорының заманауи, сапалы жабдықтармен қамтамасыз етуі себеп. Қордың «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 17 өңірде 135 ауылдық тірек мектептері құрылды. Қордың мектептерді жабдықтауға салған жалпы қаражаты 33 508 065 842 теңгені құрады. Облыс бойынша жобаға 8 тірек мектеп қатысты, онда қор қаражатынан 1 994 005 057,45 теңгеге материалдық-техникалық база жабдықталды. Жобаның серіктесі – Назарбаев Зияткерлік мектептері. Олар әдістемелік қолдау көрсетіп, педагогтардың біліктілігін арттыру, семинарлар өткізу, мектептерге бару, сабақтарды қадағалау және талдау, оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингтеу жұмыстарын жүргізеді.
Заря мектебінде заманауи оқу кабинеттері, химия, физика, биология пәндеріне арналған зертханалар, STEM-зертханалар, экология және робототехника кабинеттері, телестудиялар, FabLab шеберханалары, ART-студиялар және басқа да кабинеттер орнатылған.
Ауыл мектебіне жаңа жабдықтар келгелі оқушылардың оқуға ынтасы артқаны байқалады. Соңғы екі жылда физика, биология, география пәндерін терең оқитын оқушылар облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болған. Оқу орнында облыс бойынша жалғыз дрон футболы ойнатылады. Балалар команда құрып, алдағы уақытта сайыстарға қатыспақ. Сондай-ақ, мектеп түлегі Жұмаш Алдияр биыл «21 ғасырдың көшбасшысына» қатысып, облыс намысын қорғап, жүлдені қанжығасына байлады.
– Биыл біз «100 үздік мектеп» қатарына еніп, мектеп деңгейін көтерудеміз. Алдағы үш жылда әлі де талай белестерді бағындырамыз. Бүгінде мектебіміз толық жабдықталған. Республикалық деңгейде үздік атанып, енді халықаралық дәрежеге жетуді жоспарлап отырмыз, – дейдің мектеп директоры Гүлжанар Жанкаринова.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру орталығының жетекшісі Шыңғыс Шарапиевтің айтуынша, ұйымның басты мақсаты – ауылдағы мектептерге қолдау көрсету. Сонымен қатар, бүгінде 19 бағдарлама жүргізіліп жатса, 20-шы жоба іске асырылуда. Осы жобаның аясында 46 әлеуметтік нысан бар.
Салтанат ҒАББАС,
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.