Білімін шыңдап, пәндерді тереңдете оқуды қалайтын оқушылар үшін елімізде таңдау бар. Яғни, мамандандырылған мектептерге оқуға түсуге мүмкіндік жасалған. Ол үшін арнайы іріктеуден өтуі тиіс. 1 ақпаннан бастап құжаттарды қабылдау басталып кетті. Қабылдау 15 сәуірге дейін жалғаспақ. Осы ретте, облысымызда мамандандырылған қанша мектеп бар? Оларда биыл қанша орын қарастырылған? Қандай құжат тапсыру керек? Осы және өзге де сауалдарға облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Әсемгүл Бейсенқызы Найманова жауап берді.
— Әсемгүл Бейсенқызы, облыста қанша мамандандырылған мектеп бар? Оларда биыл жалпы қанша орын қарастырылып отыр?
— Қазіргі уақытта облыста жалпы контингенті 5 мыңнан асатын дарынды балаларға арналған 14 мамандандырылған білім беру ұйымы бар. Павлодар қаласында — 10 мектеп, Екібастұз қала-сында — 3 мектеп, Ақсу қаласында — 1 мектеп. Балаларды 5-сыныптан бастап қабылдайтын 8 мектеп бар. Олар — Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі, №3 гимназия, Абай атындағы гимназия, «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты, «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебі, Екібастұз қаласының №1 лицей-мектебі, Қ.Сәтбаев атындағы мамандандырылған гимназия. Биыл барлығы 858 орын қарастырылып отыр. 14 мектептің ішінде 7 мектепте интернаттар бар, олардың алтауы Павлодар қаласында, біреуі Екібастұз қаласында орналасқан.
— Құжаттарды кімдер тапсыра алады? Қандай құжаттар қажет? Оларды қайда тапсыру керек?
— ҚР Оқу-ағарту министрлігі www.gabyldau.daryn.kz бірыңғай порталын әзірледі. Онда үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі белгіленген мерзімде тіркеуден өтеді. Баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен өтініш, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, үміткердің электрондық мекенжайы көрсетілген ұйымның мөрімен расталған фотосуреті бар баланың анықтамасы, үміткердің 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосуреті, халықтың әлеуметтік осал санаттарын растайтын құжаттар көшірмесі тапсырылады. Егер ата-аналар тіркелу кезінде қиындықтарға кездессе, онда таңдалған мамандандырылған мектепке барып, онлайн тіркеуден өтуге көмектесетін жауапты тұлғаның жәрдеміне жүгінуге болады.
— Талапкер оқушылар бірден бірнеше мектепке құжат тапсыра ала ма?
— Жоқ, олай болмайды. Құжаттарды орталықтандырылған «Дарын» республикалық орталығы қабылдайды. Құжаттарды тек бір мектепке тапсыруға рұқсат.
— Іріктеуді кімдер жүргізеді? Бір орынға таласып тұрған екі оқушының қайсысына басымдық беріледі?
Мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға түсушілерді, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттарынан оқуға қабылдау мамандандырылған білім беру ұйымдары бөлінісінде бос орындарға сәйкес ең жоғары балл санынан жүзеге асырылады. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ «Дарын» орталығы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың білім беру басқармалары өткізетін республикалық олимпиадаларға қатысу туралы дипломдардың иегерлері жинаған ұпайларының саны тең болған жағдайда артықшылыққа ие болады.
— Мұндай мектептерге түсуде кімдерге квота қарастырылған?
— «Мың бала» ауыл мектептерінің ұлттық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары үшін 7-сыныпқа қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 10 пайыз мөлшерінде, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5, 6, 7, 8 және 10 сыныптарға қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 15 пайыз мөлшерінде квота бар.
Халықтың әлеуметтік осал санаттарына ауылдық жерлерден мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, ата-аналарының бірінің бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасылардың балалары жатады. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тұратын балалар бұл санатқа кіреді. Төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған отбасылар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жатады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
