Облыс әкімі Асайын Байханов ауыл мектептерінің оқушылары арасында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жүлдегерлерін марапаттады.
Ауыл мектептері оқушылары арасында республикалық пәндік олимпиада биыл екінші рет ұйымдастырылды. Осы жылдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл мектептері оқушыларының құрама командасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша
9 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль еншілеп, республикадағы «Үздік олимпиадалық команда — 2024» атағын иеленді. Аймақ басшысы жас дарындарды осы жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.
— Мен Павлодар облысы командасының биыл үздік атанғанын мақтан тұтамын. Мұндай жетістікке ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың қосқан үлесі зор. Сіздердің жеңістеріңіз арқылы өңіріміздің білім сапасы жоғары бағаланады, — деді облыс әкімі.
Асайын Байханов олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы табыс етті. Аймақ басшысы облыста балалардың жан-жақты өзін-өзі дамытуға, болашақ мамандығы бойынша халықаралық стандарттар деңгейінде білім алуға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Соңғы екі жылда өңір оқушылары республикалық деңгейде 170-тен астам және әлемдік деңгейде 30-дан астам медаль жеңіп алды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.