Foto Valeriy BUGAYEV

Оқу жылын аяқтаған балалар енді жазғы демалысты тиімді өткізудің қамына кіріседі. Әсіресе, қосымша үйірмелер оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік.  Жуырда Павлодар қаласында балаларға арналған үйірмелерді таңдауға арналған Telegram бот пайда болды. Бұл қандай бағдарлама? Оларды кімдер пайдалана алады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Павлодар қалалық білім беру бөлімінің маманы Ернар Садуовпен  тілдескен едік.

 

— Ернар Мейрамұлы, әр салаға қатысты Телеграмм парақшалар бар екенін білеміз. Ал бұл боттың өзге боттардан ерекшелігі неде?

— Біз әр баланың өзіне ұнайтын ісін тауып, қабілеттерінің ашылып, оның одан әрі дамығанын қалаймыз. Мақсат — оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық жұмысқа баулу, ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыру. Сол себепті, жақында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған uirme_pavlodar_bot – ты ойлап таптық. Енді ата-ана немесе оқушы әр парақшадан өзін қызықтырған үйірмелер туралы ақпарат жинамай-ақ, осы бот арқылы өтіп, өзінің жанына жақын ісімен бірден таныса алады. Жалпы, үйірмелер үш бағытқа бөлінген. Мәселен, өнер және шығармашылық бөлімінде сурет салу, кескіндеме, музыка, вокал, би, хореография және сәндік қолданбалы өнер түрлері бар. Спорт және белсенді өмір салты бөлімінде шағын футбол, бокс, каратэ, муай тай, асық ату, күрес түрлері енсе, білім беру секция-ларына тіл және математика курстары, экология үйірмелері енген.

— Үйірмелер тегін жұмыс істей ме?

— Аталған үйірмелердің барлығы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін. Үйірме жұмысының нәтижесінде оқушылар анағұрлым  толық мағлұматтарға  қанығып, шеберлігі  шындалып, ой-өрісі кеңи түседі. Үйірмелерде оқушы  тек мұғалімнің үйретуімен шектелмей, сонымен бірге оған талдау жасап, жасалу, өңделу технологиясына да өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын  айтуға  дағдыланады. Осылайша  балалар әр түрлі шығармаларды зерттей  отырып, баға  берумен өз бойларында келешек  кәсіби ісіне  қажетті эстетикалық, ұлттық, этикалық бағалы  қасиеттерді қалыптастырады.

— Аталған бот қалай жұмыс істейді? Оқушылар мен ата-аналар үйірмелермен қалай таныса алады?

— Алдымен Telegram желісін жүктеп алу қажет. Кейін «іздеу» деген бөлімге «uirme_pavlodar_bot»-ты енгізу керек. Сөйтіп, бот сізге қолжетімді үйірмелер мен секцияларды, сондай-ақ, олардың кестесі, өтетін орны және байланыс деректері туралы қосымша ақпарат береді. Алдағы уақытта Ватсап желісінде де бот ашу жоспарда бар.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.