грантсыз қалғандар не істеуі керек?
Бірнеше күн бұрын мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Талапкерлердің бірі грант ұтып алғаны үшін, енді бірі гранттан құр қалғаны үшін жылады. Әсіресе, тестілеуден жоғары ұпай жинап тұрып, жоғары оқу орындарына түсе алмаған түлектерге обал болды десті көпшілік. Алайда осы саланың басы-қасында жүрген азаматтар сағы сынған талапкерлерді сабырға шақырып, грант ұтып алуға әлі де мүмкіндік барын айтып, үміт отын жақты. Сонымен, білім грантын иелене алмағандар не істеуі керек?
Конкурс жоғары
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл республика бойынша білім грантын тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10-11 мыңға артық. Яғни, биыл талапкерлер арасында бәсеке жоғары болғаны байқалады.
Жалпы, 2024-2025 оқу жылы бакалавриатқа бөлінген грант саны 78 мың екенін ескерсек, конкурсқа қатысқан 26 мыңнан астам талапкердің үміті ақталмады. Өкініштісі, олардың қатарында ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, грантсыз қалғандар баршылық. Мәселен, «Стоматология» мамандығы бойынша 1 грантқа 35 талапкер таласқан. Ал «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығына 1 орынға 11 адам, «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» мамандығына 1 грантқа 10 адам, «Аударма ісі» және «Психология» саласы бойынша әр орынға 9 адам үміткер болған. Мемлекеттік гранттарды тағайындаған республикалық комиссия мүшелері ұпайлары тең болған талапкерлердің ішіндегі «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу үздіктеріне басымдық берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, грант үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары да ескерілген екен. Десе де, жоғары балмен грантқа түсе алмай қалған талапкерлер мен ата-аналар әлеуметтік желілерде мәселе көтеріп, реніштерін білдіруде. Олардың көбі бұл жағдайға гранттың бір бөлігі биыл көктемде тасқын судан зардап шеккен өңір түлектеріне үлестірілгені себеп болғанын, соның салдарынан өз балалары жапа шегіп жатқанын айтуда. Солардың бірі – Д.Дайрабаева есімді ана:
— Балам ҰБТ-дан 117 балл алып тұрып грантқа түсе алмай қалды. Өзіне сенімді болып, конкурс нәтижесін асыға күтіп жүрген еді. Жоғары ұпаймен грантқа қол жеткізе алмау — әділетсіздік деп білемін. Қазір оның көңіл-күйі жоқ, тамаққа да тәбеті соқпайды. Еңсесі түсіп, қиналып жүргеніне алаңдаулымын, — деп жазды. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде дәл осындай күй кешіп жатқан түлектер саны аз емес көрінеді.
Қандай жол бар?
Гранттан құр қалып, көңіл-күйсіз жүрген мыңдаған мектеп бітірушіге жанашырлық танытқан ҚР Оқу-ағарту экс-министрі, халық қалаулысы Асхат Аймағамбетов ағалық ақыл-кеңесін айтып, жоғары оқу орнына түсудің жолын көрсетті. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында:
— Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге? Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни, грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. Алтыншы, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да — жақсы шешім. Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығады. Көріп отырғандарыңыздай, мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, — деп жазды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов.
Мүмкіндікті мүлт жіберме!
Еңсесі түскен түлектердің жағдайы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті де толғандырмай қоймады. Ол да грант иелене алмаған жастарды үміт үзбеуге шақырып, бірқатар мүмкіндік барын жіпке тізіп берді.
— Соңғы уақытта елімізде болған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты жоғары білім гранттарының аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астамы өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ, өкінішке қарай, грант ала алмаған түлектер және отбасылармен де біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр. Осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар!, — деді Саясат Нұрбек. Оның айтуынша, биыл конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп болғандықтан, бәсеке өте жоғары болған.
Министр грант иелене алмаған талапкерлерге үміт үзбеу керектігін айтып, тағы да гранттар үлестірілетінін жеткізді.
— 3 мыңдай талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдік гранттары, KazEnergy қауымдастығы мен жұмыс берушілердің гранттары бар, — деді министр. Сондай-ақ, ол Х.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасы 500 грант, Түркістандағы халықаралық туризм және қонақжайлық университеті 800 мақсатты грант, «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөлгенін атап өтті. Бұдан бөлек, ректорлар гранты бар екенін, мысалы, Тұран-Астана университеті жыл сайын «Алтын белгі» иегерлеріне арнайы гранттар бөлетінін мәлім етті.
* * *
Демек, білімге құштар жастардың жоғары оқу орында-рының студенті атануы үшін әлі де түрлі бағыттағы гранттар қарастырылуда. Сондықтан оқуға түсе алмаған талапкерлер осы мүмкіндіктерді мүлт жібермегені жөн.
Нұржайна ШОДЫР.