Үш ауысым жойылады

Қыр 11, 2025

Қазіргі уақытта Павлодар қаласында оқушылар санының артуына байланысты үш мектеп үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл мәселе ата-аналар мен ұстаздар тарапынан жиі көтеріліп келеді. Дегенмен, алдағы екі жылда жаңа білім ордаларының құрылысы мен қолданыстағы мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы түйткіл түбегейлі шешілмек. Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай шаһарда үш ауысымдық оқу жүйесі жойылмақ. 

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенованың айту-ынша, бұрын орындар тапшы-лығы 6 мыңды құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 1 900-ға дейін төмендеген. Осы ретте білім беру мекемелері кезең-кезеңімен екі ауысымдық оқу жүйесіне көшіп жатыр.

— Алдағы уақытта Павлодар қаласында 600 оқушыға арналған №47 орта мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы иннова-циялық үлгідегі орта мектеп жанынан қосымша 288 орынды қамтитын ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Облыс-
та апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Бүгінгі күні он екі шағын қамтылған мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың ешқайсысына жабылу қаупі төніп тұрған жоқ.

Жаңа оқу жылында 116 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның он мыңнан астамы бірінші сыныпқа барды. Елуден астамы қазақ тілінде білім алуды таңдады. Қала бойынша көп бірінші сынып оқушыларын №9 мектеп қабылдады. Осылайша 252 балаға он сынып комплектісі ашылды. Одан бөлек, өңірде мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты заңнамалық өзгерістер орын алды. Биыл 9 шілдеден бастап қаулыға толықтырулар енгізілді.
Енді көпбалалы отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, табысы төменгі күнкөріс деңгейінен төмен балалар балабақшада тегін тамақтана алады, — деді Ә.Әбенова.

Одан бөлек, жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап облыс мектептерінде қауіпсіз тамақтануға ерекше назар аударылды. Яғни, мектеп асханасының мәзірінен тәтті сусындар, шырындар, шұжық өнімдері, ысталған ет, спред-май және дәм күшейткіштері бар тағамдар алынып тасталды. Оның орнына жаңа піскен көкөністер мен жемістердің үлесі артады. Ал ас мәзірін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекітеді.

— Оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында ас мәзірінен түбегейлі тұзды, қантты және майлы тағамдар азайтылады. Олардың орнына жаңа піскен көкөністер мен жемістер, дәнді дақылдар және сапалы сүт өнімдеріне басымдық беріледі. Қант диабеті, кей тағамдарға аллергиясы анықталған және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қауіпсіз тамақ-тануға ерекше назар ауда-рылады. Ал бір ыстық тамақтың құны 690 теңгені құрайды. Оған бірінші және екінші ыстық тамақ, нан, салат және сусын кіреді, — деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, оқушылар мен ұстаздар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 32 ұйымда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15 мектепте қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар аясында 21 мектептің 46 кабинеті модификациядан өтті. Бүгінгі күні барлық білім ордаларында жөндеу сәтті аяқталып, жаңа оқу жылы басталды.

Айдана БОРАНБАЕВА.