Ұлағатты ұстаздарға — тағзым!

Қаз 9, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Мұғалімдер күні мерекесіне орай Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Оған өңірдегі білім беру саласының ардагерлері, ұлағатты ұстаздар мен тәлімді тәрбиешілер шақырылды. Сондай-ақ, бір топ павлодарлық педагог түрлі марапаттарға ие болды.

Мерекелік шараға аймақ басшысы Асайын Байханов қатысып, мұғалімдерге жүрекжарды лебізін білдірді.

– Баршаңызды төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сапалы білім – әділетті қоғам құрудың басты құндылығы деп белгіледі. Сіздерге жүктелген міндет – қиындыққа толы абыройлы іс. Бүгінде білім саласы тың табыстарға қол жеткізуде. Зияткер балалардың жетістігі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Сондықтан киелі істеріңізді жалғастырып, әр шәкірттің жан дүниесіне сәуле сыйлап жүрген баршаңызға бас иіп, алғыс білдіремін, — деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Сондай-ақ, ол білім беру саласын дамыту үшін қолдау шаралары жалғаса беретінін айтып, соңғы екі жылдың ішінде аймағымызда 7 жаңа мектеп, 2 қосымша білім беру орталығы, 4 балабақша ашылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде, бүгінде оқушы орындарының тапшылығы 2 мыңға қысқарған. Ал жақында облыс орталығында 600 орындық тағы бір жаңа мектептің тұсауы кесіліп, «Усолка» шағын ауданында жайлы мектептің қабырғасы қаланатыны сөз болды.

Мерекелік жиында ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай тер төккен ұлағатты ұстаздар қауымына сый-құрмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылындағы Қ.Қамзин атындағы мектептің мұғалімі Қанат Шайғазин, Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылындағы Қ.Кемеңгеров атындағы мектептің ұстазы Мадиян Қабдуова, Тереңкөл ауданындағы  Қ.Оспанова атындағы №3 мектеп мұғалімі Жанар Жұмабекова, Ертіс ауданындағы Ұзынсу жалпы орта білім беру мектебінің тәлімгері Нина Литвинова, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының педагогы Бақытжан Сәдуақасова, Аққулы ауданындағы Қазы жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Дариха  Абсолямова, Павлодар химия-механикалық колледжінің педагог-ұйымдастырушысы Марат Күреңбаев марапатталды. Сонымен қатар, бір топ ұстаз «Еңбек ардагері»  медалімен, «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін», Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапат-талып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Шара соңында көптен күткен сәт, облыстық «Жыл тәрбиешісі-2025» және «Жыл мұғалімі-2055» байқауларының жеңімпаздары анықталды. Сонымен, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның ағылшын тілі мұғалімі Камила Багаева бас жүлдені жеңіп алып, облыс бойынша ең үздік жыл мұғалімі атанды. Атал-
ған сайыста жүлделі І орынды дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының ағылшын тілі маманы Олжас Тасболатов, ІІ орынды Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясының ұстазы Әсия Машрапова, ІІІ орынды Ақсу қаласындағы №8 мектептің педагогы Қымбат Омарова иеленді. Жүлделі орын алғандардың бірі – Олжас Тасболатов:

– Мұғалімдердің еңбегін бағалау бағытында осындай шаралардың ұйымдастырылып жатқанына ризамын. Қазіргі таңда күн сайын ақпараттық технология саласы қарқынды даму үстінде. Соның дәлеліндей, жасанды интеллекттің де мүмкіндіктерін көрудеміз. Мәселен, ағылшын тілі сабағында оқушыларым арнайы компьютерлік бағдарла-малар арқылы (AI) ағылшынша сөйлесіп, пікір алмасады, қателерін түзетеді. Сол арқылы еркін сөйлеуге үйренуде. Әйтпегенде, бір сынтағы 24 баланың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс істеу қиын. Сол үшін мұндай жаңа әдіс-тәсілдердің берері мол. Ал оны меңгеріп, заман көшінен қалмау – ұстазға сын, — дейді.

Балабақша мамандары арасында өткен «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі — 2025» байқауында бас жүлде  Екібастұз қаласындағы №28 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Жәмилә Копишеваға бұйырды. Сондай-ақ, І орынға Ақсу қаласындағы №16 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Светлана Нуштаева, ІІ орынға Екібастұз қаласындағы №2 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Айымгүл Хамитова, ІІІ орынға Павлодар қаласының №24 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Елена Дорн лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтары тарту етілді. Аталған байқаудан бас жүлдені еншілеген Жәмилә Копишева:

– Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Әрине, бұл – менің ғана емес, бүкіл ұжымның жетістігі деп білемін. Еңбегіміздің еленіп жатқаны бізге шабыт береді. Жас буынның жан-жақты саналы, білімді болып өсуі үшін қолдан келгенше аянбаймыз.

Атап өтерлігі, біз балғындарды қызықтырып, ынтасын ашу үшін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудамыз. Мұндай мүмкіндіктердің жемісін балалармен қатар, тәрбиешілер де көруде, — дейді.

Мерекелік кеш соңы өңірдегі өнер жұлдыздарының ән-шашуына ұласты.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.