Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу — білім беру мекемелері үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Жақында «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының ұйымдастыруымен «Бірлігіміз жарасқан» жазғы жобасы аясында Павлодар қаласы мектептерінің оқушыларымен «Әлем халықтарының ойындары» атты іс-шара өтті.
Шараның мақсаты — оқушылардың ынтасын, қызығушылығын арттырып, өзінің жауапкершілігін сезіне білуіне және өз бетінше жұмыс істеуге жұмылдыру, жан-жақты ойлауын, ізденуін, есте сақтау қабілетін, дүниетанымын арттыру. Түрлі тақырыптық ойын алаңына бөлінген бүлдіршіндер таза ауадағы белсенділікті дәріптеп, ойын арқылы ұлттық мәдениет пен саламатты өмір салтын насихаттады. Ойын 6 локация бойынша өтті.
Клуб алаңында қалалық мектепке дейінгі ұйымдар кішкентай бүлдіршіндер үшін ұлттық ойындар, ата-аналармен бірлескен шаралар, балғындардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы қойылымдар өткізді. Онда қосымша білім беру педагогтарының жетек-шілігімен мектеп оқушыларына әлем халықтарының ойындары ұйымдыстырылды. Дарындылар алаңына шығармашылық байқау-ларда оза шығып, жүлделі орын иеленіп жүрген шәкірттер де жиналды.
Клуб директоры Гүлнәр Үйсінбаеваның айтуынша, әлем халықтарының отбасылық тәрбие ғұрыптарын қайта жаңғырту барысында жас баланың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы дамыту әрі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың түрлерін бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау керек. Бұл балалардың өзара достығын нығайтып, бірлік пен татулыққа үйретеді.
— Әлем халықтарының ойындары — сол халықтың мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін жақсырақ түсініп танысуға көмектеседі. Бұл іс-шараға қала мектептерінің 1500 оқушысы қатысты. Барлық оқушылар әлем халықтарының ойындарын белсенді түрде ойнап, өзге ұлттардың әдеп-ғұрыптарын тануға үлкен мүмкіндік болады. Жалпы, жаз айлары – мектеп оқушыларының ерекше ықыласпен күтетін уақыты. Ол сабақтан босап, табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетанымын кеңейтетін тамаша мезгіл. Сондықтан ұстаз-тәрбиешілер оқушының жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыруы қажет. Бұл жерде оқушылардың жасы, психологиялық, ұлттық, діни, денсаулық жағдайы және қабілет-қарымы түгел ескерілуі тиіс, — деді Гүлнәр Қайыргелдіқызы.
Өз тілшіміз.