Аймағымызда алғаш рет республикалық деңгейде «І Әлихан Бөкейхан оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлт көсемінің есімі берілген Павлодар қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде ұйымдастырылған игі шараға «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шаңбай Тұрдығұл арнайы келді. Сондай-ақ, конференцияға облыстағы зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен ұстаздар қауымы қатысты. 

 

Шара қатысушылары алдымен ғұлама ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның ескерткіш мүсініне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін алаш ардақтысына арналған тарих кабинетінің тұсауы кесілді. Жиналған жұрт мұндағы Әлихан Бөкейханның өткен өмірі мен көзі тірісінде қазақ халқы үшін атқарып кеткен абыройлы еңбектерінен сыр шертетін құнды мағлұматтармен таныс болды. Бұдан кейін ғылыми-тәжірибелік конференция жалғасын тапты. Алғаш болып Абай облысынан арнайы келген ғалым, алаштанушы Шаңбай Тұрдығұл сөз алды.

— Мен Павлодар қаласындағы қазақ мектеп-лицейіне Әлихан Бөкейханның есімі берілгенін естігенде қатты қуандым. Бұл мекемеден ұлы тұлғамызға ұқса-ғысы келетін өршіл рухты ұрпақ тәрбиеленіп шығады деген үміттемін. Әсіресе, бүгін Әлихан атындағы тарих кабинетінің ашылуы өте дұрыс шешім болды. Бірақ Әлиханның мол мұрасын әлі де толықтырып, зерттеп, кейінгі буынға насихаттау жұмыстарымен тек тарихшылар ғана емес, осындағы өзге де сала мамандары бірлесе айналысуы тиіс. Сонда ғана бұл лицей өз мақсатына жетіп, абыройы асқақтайтын болады. Ұлт көсемінің атындағы білім ордасы әрдайым басқа мектептерге үлгі болып, соған лайықты іс тындыруы қажет. Мәселен, жас ұрпақ үшін танымдық кітаптар, журналдар шығарып, білім беру мекемелеріне, кітапханаларға тарату керек. Тарих осылай жасалады. Жалпы, бұл жерде Әлиханды Алаш деп түсініп, оның тарихын мемлекеттік деңгейде елге насихаттаған жөн, — деді Шаңбай Қасенұлы. Сондай-ақ, ол оқу ордасына Әлихан Бөкейханның портреті мен кітаптар тарту етті. Келесі болып мінберге шыққан ҚР Мәдениет қайраткері, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман:

— «Тарихын танымағанның бола-шағы бұлыңғыр», — деген қазақта сөз бар. Қуантарлығы, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ зиялыларының тарихы зерттеліп, көп еңбек жазылды. Ақтаңдақтар ақиқаты ашылып, ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан қыруар жұмыс атқарылды. ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдайларға зер салсақ, алғашқы мемлекет құрудың басты қадамдарын жасаған алаштықтардың орны ерекше екенін көреміз. Оның ішінде Әлихан Бөкейханның еңбегі орасан зор. Осындай текті, білімді, рухты, өмірі өнегелі тұлғаны ұлықтап жатқан мектеп ұжымына алғыс айтамын, — деді.

Алқалы жиында Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов «Әлихан Бөкейхан — әдебиеттанушы» деген тақырыпта баяндама жасап, қоғам қайраткерінің әдебиет саласына қосқан үлесі жөнінде сөз етті. Ал аталмыш университеттің магистранты, Ә.Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Айнұр Әлиақбар «Ұлт көшбасшысының ағартушылық һәм баспасөздегі қызметі» деген тақырыптағы зерттеу жұмысымен бөлісті. Оның айтуынша, Әлихан Бөкейхан асқан ақылдылығының арқасында кезінде бірнеше басылымға бүркеншік атпен басшылық жасап, қалың бұқараға алаш идеясын насихаттап отырған.

Конференция барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев Zoom (зум) платформасы арқылы тікелей байланысқа шығып, алаш тақырыбы жөнінде ой қозғады.

Жиында Әлихан Бөкейхан атын-дағы лицей-мектебінің директоры Ләйлә Жүсіпова шара қатысушыларына ұжым атынан алғыс білдіріп, қорытынды баяндама жасады.

— Бүгінде Әлихан Бөкейхан есімі күллі қазақ еліне етене таныс. Себебі, ол ұлты үшін, ұрпақ қамы үшін үлкен ерлік іс жасап кетті. Бала кезінен бастап ұзақ жылдар бойы Ресей империясының «жұмса — жұдырығында, ашса — алақанында» отырған туған халқының аянышты халін, ауыр тағдырын көріп өскен ол ер жетіп, ес білген сәтінен бастап еліне көмектескісі келді. Халықты қараңғылық пен надандықтың шырмауынан алып шығуды мақсат еткен Әлихан Нұрмұхамедұлы алдымен ұлтына білім мен мәдениет керек екенін тереңнен түсінді. Сөйтіп, халқының көзін ашып, білім көкжиегін кеңейтуді, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін көтеруді қолға алды. Осы жолда оның атқарған еңбегі орасан зор деп айтуға болады. Ол қазақтың тұңғыш саяси элитасының шекарасын соғыссыз майдан арқылы алып берді. Айталық, қазақ жерін сақтап қалу үшін бұрын батыр бабаларымыз жылдар бойы соғысты. Тіпті, сол үшін Кенесары ханның басы да шабылғаны тарихтан белгілі. Ал алаш арысы Әлихан бастаған қазақ элитасы Ресейдің бүкіл саяси элитасымен ортақ тіл табыса отырып, қазақтың шекарасын анықтап, қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыру үшін қарусыз күрес жүргізді. Осылайша, асқан білімділігінің арқасында қазақ еліне ата-бабамыз мекен еткен қасиетті жеріміздің шекарасын бекітіп беріп кетті, — деді ол.

Шара соңында көрнекті қоғам қайраткерінің мұрасын зерттеп, оның өнегелі өмірі мен өлшеусіз еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген бір топ ғалым Әлихан Бөкейхан төсбел-гісімен марапатталды.

Конференция секциялық жұмыс-тармен жалғасын тапты.

Нұржайна ШОДЫР.