Жақында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты 75 жылдық мерейтойын атап өтпек. Бұл – өңірдің білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамытуға зор үлес қосқан, педагог кадрлардың кәсіби шеберлігін шыңдаған іргелі білім ордасының айтулы белесі.
Тарихы тереңде…
Институт тарихы ХХ ғасырдың орта шенінен бастау алады. Педагог кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты 1940 жылы алғаш рет мектеп бітірушілер арасынан іріктелген 75 түлектен құралған қысқамерзімді мұғалімдер даярлау курстары ұйымдастырылады. Сөйтіп, өңірдегі ұстаздар даярлау мекемесін құрудың алғашқы қадамы жасалады.
1950 жылы облыстық халыққа білім беру бөлімінің жанынан әдістемелік кабинет құрылып, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету жұмысы басталды. Ал 1951 жылғы 1 сәуірдегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес, мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты ашылды. Институт құрамында алғашқыда 15 әдіскер қызмет атқарған.
Көшбасшылар қалыптастырған
Институттың қалыптасуы мен дамуына алғашқы басшылардың қосқан үлесі зор. Атап айтар болсақ, Жұмабай Ахметов, Калеш Нығманов, Уахап Қапенов, Иван Жиляков, Анна Михайлова, Юрий Коломысов сынды тұлғалар білім ордасының іргетасын қалады.
Өткен ғасырдың 80-жылдары институт ұжымы жоғары жетістіктерге жетіп, КСРО және республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Озық тәжірибесі үшін күміс медальмен және Құрмет грамоталарымен марапатталуы – соның айқын дәлелі.
Ғылым мен тәжірибе тоғысқан
1988 жылы институтта «Педагогика және психология» кафедрасының ашылуы ғылыми бағыттағы жұмыстың жандануына серпін берді. Білікті ғалымдардың қатысуымен ғылыми-зерттеу, тәжірибе алмасу, педагогикалық оқулар мен конференциялар тұрақты түрде ұйымдастырылды.
Бұл кезең институттың тек оқыту емес, ғылыми-әдістемелік орталық ретінде қалыптасуына негіз болды.
Жаңа кезең – жаңа мүмкіндік
Ал 2012 жылы институт «Өрлеу» БАҰО» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалы болып қайта құрылды. Осы уақыттан бастап оның қызметі заманауи талаптарға сай жаңарып, білім беру жүйесінің трансформациясына бейімделді.
Бүгінде институт құрылымында екі кафедра, бірнеше бөлімдер мен қызметтер жұмыс істейді. Мұнда
27 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында тәжірибелі педагогтар, әдіскерлер және сала мамандары бар.
Кәсіби даму – басты назарда
Институттың негізгі мақсаты – педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Осы бағытта қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, тренингтер жүйелі түрде өткізіледі.
2023–2025 жылдар аралығында
10 мыңнан астам педагог білімін жетілдірді. Бұл көрсеткіш орталықтың өңірдегі мұғалімдер үшін маңызды
кәсіби алаң екенін дәлелдейді.
Оқытушылар құрамының кәсіби әлеуеті де жоғары. Олар білім мазмұнын жаңарту, инклюзивті білім беру, цифрлық сауаттылық, педагогикалық көшбасшылық бағыттары бойынша сертификатталған тренерлер болып табылады.
Инновация және сапа
Қазіргі таңда институт қызметі білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай бағытталған. Негізгі стратегиялық басымдықтардың қатарында білім беру бағдарламаларының икемділігі, қызмет сапасын арттыру, цифрландыру үдерісін дамыту, қолайлы және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру бағыты бар.
Институт педагогтардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және білім сапасын жақсартуға ықпал етіп келеді.
Ұстаздарды оқыту – ұлы миссия
Білім мекемесі 75 жыл ішінде педагог кадрлардың ұстаханасына айналды. Мұнда тек мұғалімдер ғана емес, ұстаздарды оқытатын мамандар да қалыптасады. Сондықтан бұл білім ордасының миссиясы ерекше екенін атап өткен жөн.
Бүгінде «Өрлеу» – педагогикалық инновациялардың бастамашысы, өңірдегі білім беру жүйесінің жаңғыру көшбасшысы болып табылады.
Институт алдағы уақытта да педагогтардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, білім сапасын арттыру жолында өз қызметін жалғастыра бермек.
Бибігүл НЫҒМЕТОВА,
«Өрлеу» БАҰО филиалының Павлодар облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры:
– «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы – Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институтының 75 жылдық мерейтойы – бұл тек уақыт межесі ғана емес, өңірдегі педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етіп келе жатқан ұйымның тұрақтылығы мен өміршеңдігінің айқын көрсеткіші.
Осынау айтулы дата біз үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктер кезеңін білдіреді. Жетпіс бес жыл бойы институт мыңдаған педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға, білім беру сапасын жақсартуға және заманауи педагогикалық тәжірибелерді енгізуге өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда да біз өңір педагогтерінің сұранысына сай келетін мазмұнды, сапалы білім беру қызметтерін ұсынуды басты міндетіміз деп білеміз.
75 жылдық мерейтой – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа нық қадам. Бұл белес бізді жаңа идеяларды жүзеге асыруға, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының заманауи модельдерін жетілдіруге, инновациялық жобаларды кеңінен енгізуге шабыттандырады.
Аяулым ТӨЛЕГЕНОВА,
«Өрлеу» БАҰО АҚ Павлодар облысы бойынша
кәсіби даму институтының баспасөз хатшысы.
