Бірнеше күн бұрын елімізде «AQYL» білім беру жинақтау депозиті ашылды. Осы бағыттағы жұмыстар аталмыш бағдарламаның жаңа қатысушысы атанған «Отбасы банкі» арқылы жүзеге аспақ.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. «Отбасы банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметінің басшысы Мейрам Бағадатовтың айтуынша, депозиттің мақсаты –
ел тұрғындарының білімге қаражат жинауына мүмкіндік жасау. Яғни, кез келген қазақстандық азамат өзінің немесе баласының білім алуы үшін алдын ала салым жасай алады және жинақталған қаржы жыл сайын өсіп отыратын болады.
— «AQYL» білім беру жинақтау депозитінің салымшылары аталған қаражатты Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де білім алуға жұмсауға құқылы. Депозитті кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашу керек. Егер депозитті 3 жылға ашқан жағдайда жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12 пайызға, ал 5 жыл болса, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 9,5 пайызға тең болады, — деді Мейрам Бағадатов. Сонымен қатар, ол бұл білім беру жинақтау жүйесіне мемлекет тарапынан да үлкен көмек көрсетілетінін атап өтті.
— Салымшылардың қатарындағы әлеуметтік санатқа жататын азаматтар үшін, нақтырақ айтсақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған шаңырақтардың балалары үшін ашылған депозиттерге жыл сайын 7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы қосылады. Ал бұл топқа жатпайтын өзге салымшылардың барлығына 5 пайыз мөлшерінде мемлекет сыйақысы тағайындалады. Бірақ, депозитке есептелетін сыйақының ең жоғары мөлшері 100 АЕК-тен (369 200 теңге) аспауы қажет. Ескере кететін жайт, мемлекеттік сыйақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жылға жеткенде ғана есептеледі. Яғни, мемлекеттік сыйақыны иелену үшін салымшының жинақтағы қаржысына 1 жыл толуы қажет. Сондай-ақ, депозитке салынатын алғашқы жарнаның мөлшері 3 АЕК (11 076 теңге) болуы тиіс, — деп түсіндірді Мейрам Қайратұлы. Оның айтуынша, ары қарай салымшы ай сайын қанша қаражат салатынын қалтасына қарап өзі шешетін болады.
Депозитті «Отбасы банкінің» кеңесшілерінің көмегімен кез келген бөлімшеде ашуға болады. Сонымен қатар, өз бетінше, «otbasybank» мобильді қосымшасы және otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинет арқылы да ашуға мүмкіндік бар.
Айта кетерлігі, «AQYL» депозитін Ұлттық қордан алынған жинақтармен де толықтыруға болады, деді спикер.
— Осынау мүмкіндікті биыл 18 жасқа толған қазақстандық жастар қолдана алады. Ол үшін «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы қордағы қаржыны депозитке аудару керек. Өздеріңізге мәлім болғандай, Ұлттық қордан берілетін төлемдер екі мақсатқа ғана жұмсалады. Яғни, баспана мен білім алуға жұмсалуы тиіс. Демек, білім ақысын төлеу мақсатында «AQYL» депозитін толықтыруға болады, — дейді Мейрам Бағадатов.
Ал аталған депозиттің иесі білім грантын ұтып алған жағдайда есеп-шотындағы жиналған
қаржыны басқа мақсатқа пайдалана алады.
Нұржайна ШОДЫР