Қазіргі таңда өңірде вакцина алмаған балаларға қарсы иммундау жұмыстары жүріп жатыр. Себебі, кейбір ата-аналар ұл-қызына екпе салдырудан бас тартуда. Мәселен, тек биыл жыл басынан бері облысымызда осындай 800-ге жуық бала жоспарлы вакцина алмаған. Бұл жағдай олардың денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті? Жалпы, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қалай? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев жауап береді.

— Батырбек Төлеубекұлы, аймағымызда иммундау жұмыстары жүріп жатқанын білеміз. Нәтижесі қандай?

— Жасыратыны жоқ, облысымызда баласына вакцина салдыруға қарсылық білдірген ата-аналар баршылық. Осы жағдайға байланысты қолға алынып жатқан иммундау жұмыстары оң нәтиже беруде. Олай дейтінім, бұған дейін түрлі себептерге байланысты екпе алмаған, ата-анасы вакцинациялаудан, ревакцинациялаудан бас тартқан балаларға екпе салынуда. Бүгінде облыс бойынша осы науқан барысында екпе алуы тиіс деп жоспарланған 3476 баланың 3 мыңнан астамы егіліп үлгерді. Оның ішінде бастапқыда екпе алуға қарсылық білдірген 900-ге жуық баланың 200-ден астамының ата-анасы райынан қайтып, вакцина салдырды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де қызу жалғасуда. Сондықтан алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижеге жетеміз деген үміттеміз.

— Ата-аналар не себепті баласына екпе салдырудан бас тартады?

— Оның себептері әр түрлі. Мәселен, кейбіреулері вакцинаға сенімсіздік танытып жатса, енді біреулер діни сенімдеріне байланысты баласына екпе салдырудан бас тартады. Бірақ қазір еліміздегі барлық вакцинаның сапасы қатаң бақыланады. Сондықтан ол жағына алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл ретте, мәселе баланың денсаулы-ғына қатысты болғандықтан оған салғырттық танытуға болмайды.

— Екпе алмаған жеткін-шектердің өміріне қандай қауіп төнуі мүмкін?

— Әрине, түрлі сырқаттарға қарсы екпе егілмеген балалардың ағзасы әлсіз болатындықтан, жұқпалы ауруларды іліп алу қаупі де арта түседі. Соның салдарынан жеткіншектердің денсаулығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Тіпті, қатты асқынулар орын алған жағдайда оның соңы өлімге дейін әкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, облысымызда соңғы айларда қызылша ауруын жұқтырғандар қатары күрт өсті. Мысалы, былтыр аймағымызда 1 адам ғана қызылшамен ауырса, биыл наурыз айынан бері 39 болжамды жағдай тіркелген. Оның 26-сы шілде айында анықталып, расталды. Олардың басым бөлігінің екпе алмағаны, ал кейбірінің егілу туралы дерегі белгісіз болып шықты. Бұл мәселе барлығымызды толғандыруы тиіс. Себебі, бір ғана қызылша ауруын жұқтырған адамдарда қатты асқынулар орын алған жағдайда соның салдарынан паненцефалит деп аталатын қауіпті дерт пайда болады. Оны қызылша вирусы туғызады. Мұндай ауруға шалдыққан науқастардың 80 пайызында ауру 1-3 жылға дейін созылып, соңы өліммен аяқталатыны анықталған. Осындай жағдайға жол бермеуіміз керек.

— Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

— Жұқпалы аурулардың алдын алудың бір ғана жолы бар. Ол — екпе салдыру. Сондықтан ата-аналарды, тұрғындарды балаларына жоспарлы вакцина салдыруға белсенді қатысуға шақырамын. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керектігін түсінуге тиіспіз. Осы мәселеге байланысты ел арасында екпенің тиімділігі мен пайдасын түсіндіруге бағытталған насихат жұмыстары жүргізілуде. Себебі, екпе алмаған балалардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.