Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту – күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселелердің бірі. Мәселен, бүгінде облыс тұрғындарының 100 мыңнан астамы МӘМС жүйесінде жоқ. Себебі, олардың көпшілігі ауруханалардағы ұзақ кезекте тұрудың орнына ақылы емханалардан өз уақытында өтуді жөн санайды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов хабарлады. Оның сөзінше, бұл жүйеге тіркелмегендердің көпшілігі ауруханада көрсетілетін медициналық көмекке көңілдері толмайды. Сондай-ақ, ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Дегенмен сақтандырылмаған павлодарлықтардың саны биыл біршама төмендеген.

– Облыста 122 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Бұл – жыл басымен салыстырған кезде 10 мың адамға аз. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тартылмаған адамдардың шамамен 75 пайызы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрады. Аудандар бойынша Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты аудандары көш бастап тұр,– деді Жангелді Шайымбетов. Бұл жағдайды өзгерту үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өңірлік штаб құрылды. Соңғы бір айдағы жұмыстың нәтижесінде аймақта 2 824 адамның мәртебесі «сақтандырылған» деп өзгертуге мүмкіндік туған. Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның сөзінше, қалалар мен аудандарда жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмеген, сақтандырылмаған жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде.

– Жұмыссыздар Мансап орталығына барып, мемлекеттік қолдау түрлерін пайдалана алады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орнына орналасу, әлеуметтік жұмыс орын беру, қысқа мерзімдік оқытудан өту, мемлекеттік грант беру және тағы да басқа шаралар бар, –  деді М.Есембаева. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін облыс деңгейінде 38,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінде МӘМС қаражаты есебінен адамдар бұрын ақылы түрде ғана қолжетімді болған медициналық қызметтерді ала алады. 3 жыл бұрын бағасы қымбат диагностикалау азаматтардың жекелеген санаттарына ғана тегін түрде қолжетімді болды және іс жүзінде оны жасайтын ұйымдар болмады. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 15 компьютерлік томография аппараты және 9 магнитті-резонанстық томограф жұмыс істейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалы МӘМС жүйесінен тыс қалғандардың барлығын оның қатысушысы болуға шақырады. Сақтандырылған адам медициналық қызметтердің көлемі мен құнымен шектелмей, медициналық көмек ала алады. Оған бейінді дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер (рентген, ультрадыбыстық, КТ, МРТ және т.б.), жоспарлы емдеуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау кіреді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.