Boy and vaccine syringe

Елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда жұқпалы індетті жұқтырғандар саны 17 мыңға жеткен. Өкініштісі, қызылшамен ауырғандардың 82 пайызы балалар екені, оның көпшілігі екпе алмағаны анықталды. Олардың қатарында жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқандар да бар. Бұл – дабыл қағарлық жағдай, дейді дәрігерлер. Аурудың алдын алу мақсатында елдегі емдеу мекемелерінде балаларды жаппай қосымша егу науқаны жүріп жатыр. Алайда кейбір ата-аналар екпеден бас тартып жатқан жайы бар. Бұл жағдайға алаңдаушылық білдірген қоғам белсенділері балаларына екпе салдырғысы келмейтіндерді жауапкершілікке тартып, жазалау керектігін айтуда. Тіпті, жақында Қазақстанда екпе егуге қарсылық білдірген ата-аналарды жазалау туралы петиция жарияланып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бұл қаншалықты орынды? Екпе егілмегендерге шара қолдану керек пе? Осы сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік. 

 

Света АБДРАМАНОВА, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының жанындағы білім және денсаулық мәселелері бойынша өңірлік кеңестің төрайымы:

– Қазіргі таңда қызылша ауруын жұқтырғандар қатары күн санап артуда. Әсіресе, екпе алмаған балғындар көбірек жапа шегіп жатыр. Әрине, алаңдатарлық жағдай. Мұның алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет. Бірақ екпеден бас тартқан ата-аналарды тезге салу керек екен деп қатаң жаза қолданудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, екпе салдыруға қарсылық білдірген әр ата-анамен жауапты мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Олардың көзін ашып, көкірегін оятып, қабылдаған қате шешімі ұл-қызының өміріне кері әсерін тигізетінін санасына жеткізген жөн. Балалар – егемен еліміздің ертеңі, жарқын болашағы. Сондықтан олардың денсаулығына бүкіл қоғам жауапты болуы тиіс. Сол үшін керек болса, әр мекемеде, әр жұмыс орнында екпе салдырудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізілуі керек. Өкінішке қарай, ел арасында екпеге қатысты түрлі жалған ақпарат таратып, көпшіліктің көзқарасын өзгертіп жүргендер де жоқ емес. Міне, осындай адамдар заң бойынша жазалануы тиіс. Ал баласына екпе салдырмай «адасып» жүргендерге дұрыс бағыт-бағдар берілгені ләзім.

 

Фариза САҒЫНЫШҚЫЗЫ, Павлодар қалалық №3 емхананың Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі, жалпы тәжірибелік дәрігер:

– Жасыратыны жоқ, қызылшаға қарсы екпеден бас тартып жатқан тұрғындар баршылық. Олар өз отбасындағы адамдардың денсаулығына ғана емес, өзгелердің де өміріне кесірін тигізеді. Яғни, бүкіл қоғамға қауіп төндіруде. Осы жағдайды ескере отырып, еш себепсіз екпе салдыруға қарсылық танытқан ата-аналарды жазалаған жөн деп санаймын. Сонда ғана нәтиже болады. Мұндай тәжірибе әлемнің көп елінде бұрыннан қолданылып келеді. Бірақ бұл қадам жас ұрпақты жұқпалы аурудан аман алып қалу үшін шарасыздан жасалып отырған қадам екенін түсіну қажет. Себебі, қызылша ауруының салдарынан пневмония, отит, соқырлық сынды қауіпті асқынулар болуы ықтимал. Қазіргі таңда қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ. Жұқпалы індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе салдыру. Осыны ата-аналар дұрыс түсініп, балаларының болашағына балта шаппағаны жөн.

Ғаламтор желісінен қызылша ауруының адам денсаулығына тигізетін кері әсері туралы неше түрлі қорқынышты бейнежазбаларды көруге болады. Үлкендер дәрігерлердің ескертуін елемесе де, әлеуметтік желілердегі қызылшадан төнетін қауіп жайлы ақпараттарды көріп, содан қорытынды шығарып, ойланса екен дейміз.

 

Майра БАЙМҰРАТ, Павлодар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана:

– Қазақстан – құқықтық, зайырлы мемлекет. Сондықтан адамдардың құқығы қорғалып, кез келген жағдайға байланысты көпшіліктің шешімі ескерілгені жөн. Бұл ретте, ата-аналарды баласына екпе салдырмағаны үшін шара қолданып, жазалау керек деген оймен келіспеймін. Әрине, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал ауыр екенін түсінеміз. Баласының денсаулығы үшін барлық ата-ана алаңдайтыны анық. Онсыз да үрей үстінде отырған аналарды осылай қорқытып, тығырыққа тіреу дұрыс емес деп ойлаймын. Ал екпе салдырғысы келмесе, оның басқа да себептері бар болуы мүмкін ғой. Шыны керек, кейбір ата-аналар баласына екпе ектіруден қорқады. Мәселен, мен де солардың қатарынанмын. Біздің елімізде «қызылшаға қарсы екпе алу керек. Егер алмаса, сүйтіп қалады, бүйтіп қалады» деген сияқты біржақты әңгімелер айтылады да, керісінше екпе салған жағдайда оның қандай кері әсері бар екені медицина саласының мамандары тарапынан ескертілмейді, тіпті, мүлдем айтылмайды десек те болады. Екпенің кесірінен орын алған жайсыз жағдайлар жөнінде ел аузынан естіп жатамыз. Бұдан кейін қорқыныш пайда болады. Ең дұрысы, ешқандай жазалау болмай, әркімнің таңдау жасауына еркіндік берілгені жөн деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.