Эпидемиялық маусым басталғалы аймағымызда 70-ке жуық адам тұмау жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Облыста мезгілді жіті респираторлық вирус инфекциясы (ЖРВИ) әлі де тіркелуде.

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова сөз етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері 411 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған. Оның ішінде 245 мыңнан астамы – 14 жасқа толмаған балалар. Жүкті әйелдердің арасында 434 жағдай тіркелген. Биыл 63 адам тұмаумен ауырған. Оның ішінде 32-сі – ересек адам, 26-сы – балалар. Тағы 93 адамда тұмау вирусына жатпайтын вирустар анықталған. Бұл ретте 1400 сынама зерттеліп, риновирус, аденовирус, парагрипп, бокавирус, коронавирус инфекциялары анықталған.

– ЖРВИ-дің ішінде ең қауіп төндіретіні – тұмау. Аурудың бұл түрі жөтелгенде, түшкіргенде, науқас адаммен сөйлескен кезде ауа арқылы таралады. Адамдар тұмау мен суық тиюді айыра алмайды. Тұмау кезінде адамның дене қызуы көтеріліп, бұлшық ет пен буындары ауырады, жөтел пайда болады. Сырқаттың бұл түрі ағзадағы созылмалы ауруды асқындыруы мүмкін. Вирус күшейе түскенде өкпенің ісінуі, пневмония, қан құйылу қаупі пайда болады. Сол себепті аурудың алдын алу үшін тұмауға қарсы екпе алудың маңызы зор. Бұл ретте иммунитет бір күнде пайда болмайтынын еске салғым келеді. Ол үшін екпеден кейін кемі 2-3 апта өту қажет. Биыл 92 мыңнан астам адам ресейлік «Гриппол +» препаратын қабылдады, – дейді З.Дощанова.

Зәмзәгүл Сапарғалиқызының сөзінше, тұмаудың өршитін кезі – қаңтар-ақпан айлары. Көктемде күн құбылмалы, сол себепті тұмау өрши түсуі мүмкін. Адам өзін жайсыз сезініп, ағзасында әлсіздік пайда болса, бірден дәрігерге қаралуы қажет.

– Жыл басынан бері 53 адам коронавирус жұқтырды. Қазіргі уақытта бір адам стационарда емделуде. Бұл індетті анықтауда емханаларда ПЦР-тест жасалады. Оны науқастың ауру белгілеріне байланысты дәрігер тағайындайды. Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы екпе жүргізілмейді. Аймақта аталмыш індетке қарсы қажетті иммунитет қалыптасты. Бірақ өңірге вакцина түскен кезде қауіпті топқа жатқызылатын адамдар арасында ревакцинация жүргізіледі, – дейді З.Дощанова.

Зәмзәгүл Сапарғалиқызы вирус концентрациясын азайту мақса-тында үйде, жұмыста бөлмені жиі желдетуге кеңес береді. Суық тиюдің алдын алу үшін бөлме ішін ылғалды шүберекпен сүртіп, тағам рационына жеміс-жидек пен көкөністі молынан қолданған жөн.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.