Облысымызда қызылша дерті дендеп тұр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде 301 адам ауруға шалдыққан. Оның 121-і – Екібастұз, 106-сы – Павлодар, 49-ы Ақсу қалаларының үлесінде, қалғаны аудандардың еншісінде.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды. Қараша айында сырқаттанушылар саны күрт өсіп, 165 жағдай тіркелсе, желтоқсан айының алғашқы бес күнінде 32 науқас адам инфекция жұқтырған. Аймақта қызылша ауруына шалдыққандардың шамамен 78 пайызы бес жасқа дейінгі балалар. Өңірдің бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев қызылшамен ауырушылар санының өсу себебі ата-аналардың екпе салудан бас тартуы екенін айтты. Нақтылай айтқанда, дерт жұқтырғандардың 84 пайызы – екпе алмаған балалар.

– Облыс бойынша 27 мектепте, 32 мектепке дейінгі мекемеде ауру тіркелген. Қызылшаға қарсы арнайы препарат жоқ, одан тек екпе алу арқылы қорғануға болады. 6 қарашада Қазақстанда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша иммундау басталды. Бұған дейін мұндай егу науқандары 2015 және 2019 жылдары жүргізілген болатын. Бұл қызылшаның өршуін тежеуге және жұқтыру жағдайларын азайтуға мүмкіндік берді, – деді департамент басшысы. Қазіргі қосымша иммундау барысында қызылшаға қарсы 6 777 адам егілді. Мамандардың айтуынша, қызылша ауруының симптомдары алғашқы күндері ЖРВИ-ге өте ұқсас келеді. Алайда бөртпенің пайда болуы оның осы жұқпалы дерт екенін дәлелдейді. Ауру жүрек-қан тамырлары жүйесінің, орталық жүйке жүйесі, реактивті гепатит, көкбауырдың қабынуы секілді қауіпті зардаптарға әкелуі ықтимал. Бұл бірден байқал-мағанымен, науқас дертінен сауығып кеткеннен кейін біраз уақыт өткен соң білінеді. Павлодар облыстық балалар ауруханасы директорының инфекциялық стационар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Әсел Байғанова күн сайын жүгінетін жүзге жуық науқастың үштен бір бөлігі ауруханаға жатқызылатынын айтты. Санитарлық дәрігерлер ата-аналарға иммунопрофилактикадан бас тартпаудың маңыздылығын баса айтты. Екпе алған адам дертті жұқтырған жағдайда, ауру жеңіл түрде өтеді. Елімізде он жыл бойы қолданылып келе жатқан қызылша, қызамық және паротиттің алдын алуға арналған екпе сертификатталған. Мұны салғаннан кейін ауыр асқынулар тіркелмеген.

Т.ӘБІЛДА.