Шала туған нәрестелерге ерекше күтім керек. Павлодарлық дәрігерлер салмағы жарты келі болатын нәрестенің өмірін сақтап қалды. Сәби бірнеше ай бойы облыстық перинаталдық орталық мамандарының бақылауында болды.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың штаттан тыс бас неонатологы Жаңылай Қапанова айтты. Облыста жаңа туған нәрестелерге Ақсу, Екібастұз және Павлодар қалаларындағы екінші деңгейдегі перзентханаларда медициналық көмек көрсетіледі. Ал облыстық перинаталдық орталық – жаңа туған нәрестелерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетілетін үшінші деңгейдегі ұйым. Жүктіліктің 34 аптасына дейінгі барлық шала туылған нәрестелерге перинаталдық орталықта күтім жасалады.

— Орталықтың мамандары шала туған, өте кішкентай және жетілмеген нәрестелердің өмірін сақтап қалу және оны күту үшін бар күшін салады. Бұл – терең білімді, зергерлік шеберлікті, зор шыдамдылықты қажет ететін өте ауыр және қажырлы еңбек. Мұндай шақалақтар орталықта 3-4 айға дейін жатып, реанимация бөлімінде емделеді, — деді Ж.Қапанова. Павлодар облысында дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 70 пайызды құрайды. Жыл басынан бері облыста дүниеге келген 8 369 баланың 544-і шала туған. Оның 90-ы 1,5 келіге дейінгі салмақта.

— Биыл өмірге келген нәрес-телердің ең төменгі салмағы 530 грамм болды. Бұл баланы 20-дан астам медицина қызметкері
қарады. Облыстық перинаталдық орталықта ол төрт айдан астам уақыт өткізді. Қыз бала салмағы екі келіден асқан кезде үйге шығарылды. Бірақ әлі де дәрігерлердің бақылауында, — деді ол. Аудандарда немесе 2 деңгейдегі перзентханаларда шала туылған нәрестені неонатологтар тәуліктің кез келген уақытында медициналық авиация көмегімен облыстық перинаталдық орталыққа жеткізеді. Биыл медициналық авиация арқылы 50-ден астам шала туған нәрестені перинаталдық орталыққа әкелген.

Т.ӘБІЛДА.