Ара балының емдік қасиеті көп екені баршаға мәлім. Сондықтан көпшілік әсіресе көктем, күз кезінде бал алып, оны түрлі тәтті-дәмді дайындау кезінде де пайдаланып жатады. Алайда биыл бұл өнімнің жергілікті түрі күрт азаюы мүмкін. Себебі, осыдан бір жыл бұрын шекараның ар жағынан ара әкелуге салынған тыйым әлі күшін жойған жоқ. Бұл өз кезегінде тауарды өндіру ісіне айтарлықтай кедергі келтірмек.
Қазіргі уақытта сауда орындарының сөрелерінде балдың түр-түрі самсап тұр. Соңғы жылдары өзіміздің өніммен қатар өзге елдердің балы нықтап орныға бастады. Әсіресе, Башқұртстаннан жеткізілетін, құлпынай, таңқурай, зімбір сынды дәмдер қосылатын балға сұраныс жоғары екені байқалады. Бірақ бұл ретте біздің облыста да табиғи әрі пайдалы өнім дайындалатынын ұмытпау керек.
Айталық, «Пчелоферма» фермерлік шаруашылығының басшысы Артем Шараповтың бұл іспен айналысқанына бірталай жылдың жүзі болды. Айтуынша, павлодарлық өнімнің басқалардан бірқатар ерекшелігі бар. Оның құрамына өсімдіктермен қатар даладағы түрлі шөп те әсер етеді. Сондықтан да болар, жергілікті балдың басқа балдан дәмі өзгеше көрінеді.
— Біз әр сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне тұрақты түрде қатысамыз. Оның ұйымдастырылуы бізге, яғни сатушы-ларға да, тұтынушыларға да тиімді деп ойлаймын. Көпшілік өз өңірі-мізде өндірілген ауыл шаруашылығы тауарларын қолжетімді бағамен ала алады. Сол арқылы тұрақты сатып алушыларымыздың тобы да қалыптасты. Үнемі іздеп, өнімімізге тапсырыс беріп жатады. Сауданың мұндай жүйесі бәрімізге оңтайлы болып тұр, — дейді А.Шарапов.
Алайда ара өсіріп, одан бал алатын кәсіпкерлердің биылғы жағдайы мәз болмайын деп тұр. Себебі, былтыр елімізге Өзбекстаннан ара әкелуге тыйым салынған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны карантиндік шаралармен байланыстырғанға ұқсайды. Алайда арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, тыйымның алынар түрі жоқ. Сондықтан павлодарлық шаруалар көрші мемлекеттен ара пакеттерін әкеле алмай отыр.
— Елімізде тек Шымкент қаласында бал алу үшін арнайы ара өсіріледі. Бірақ ол бұл шаруашылықпен айналысатын адамның бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан бұған дейін Өзбекстаннан еш қиындықсыз ара алып, одан бал дайындап, араның өзін басқа кәсіпкерлерге сатып жүрсек, биыл бұл жұмыстың барлығы сап тыйылатын түрі бар. Құзырлы министрлікке, оған қарасты комитет пен инспекцияға бірнеше хат жолдағанымызбен, одан еш қайыр болмай тұр. Араларды біз де карантиндік тексерістен өткіздік. Барлығы таза болып шықты. Жалпы, аралардан ешқандай қауіп жоқ. Олар қандай да бір ауруды таратпайды да. Сол себепті карантиндік тыйымды неге алмай отырғаны түсініксіз, — дейді кәсіпкер.
Бұл тыйым бір ай аралығында күшін жойып, шаруаларға шекараның ар жағынан ара әкелуге қайта жағдай жасалмаса, бәрі бекер болмақ. Себебі, олардың негізгі кезеңі – сәуір-мамыр айларының аралығы. Бұдан кеш жеткізілсе, өнім бермейді. Бұрындары бір кәсіпкердің өзі 5-20 мың дана аралығында ара пакетін алдырса, биыл біреуі де жеткізілмеуі мүмкін.
— Өткен жылы араның көптігі, ылғалдың жоғары болуы нәтижесінде өнім де мол жиналды. Әдетте бір омартадан 50 келі жоғары сапалы бал алынса, кей жағдайда бір омартадан 150 келіге дейін өнім жиналды. Сөйтіп, қыркүйек айының соңына дейін жартыжылдық азықты алдық. Ал биыл ара болмаса, өнімнің де былтырғыдай мол бола қоюы екіталай, — деп кейіді кәсіпкер.
Бұл шаруашылықта балдың негізгі үш түрі дайындалады. Оны жоғарыда айтқандай, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне, саяжай аумағында саудалайды. Ресейлік дүкендер тарапынан сұраныс болғанымен, оны іске асыруға кедергі келтіріп тұр. Өнімді көршілес мемлекеттің сөресіне орналастыру үшін балдың үлгілерін сараптамаға тапсыру міндеті қойылатын көрінеді. Ал біздің елде тиісті сараптаманы ешқандай зертхана жасамайды. Сондықтан павлодарлық өнімді Ресейге жөнелтуде қиындықтар туындап отыр.
Ал бұл ретте Қазақстан ресми түрде Еуропалық Одақ елдеріне бал экспорттауға рұқсат алды. Тиісті қаулы 2025 жылдың 21 ақпанында Еуропалық комиссия тарапынан жарияланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл көпжылдық еңбектің нәтижесі екенін жария етті. Құзырлы ведомство балдағы қалдық заттарды бақылаудың Ұлттық жоспарын әзірлеп, енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп, Қазақстан осы өнімді экспорттауға құқығы бар елдер тізіміне қосылды.
Бірақ өзіміз өнім өндіру үшін шикізатты ала алмай отырған тұста сыртқа қайтіп дайын тауар шығарамыз? Еуропалық Одаққа сапалы балды жеткізу үшін алдымен жергілікті жердегі мәселені шешіп, шаруалардың өнім алуына жағдай жасау керек шығар. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бір жайтты баса назарға алса екен дейміз. Әйтпегенде, экспортқа бағытталған көпжылдық еңбектің еш кетуі әбден мүмкін…
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.