Қазіргі таңда кедендік бекеттерден өтетін тауарлардың құжаттарын тексеру «Астана — 1» атты ақпараттық арнайы жүйе арқылы жүргізіледі. Яғни, жасанды инттеллектің көмегімен кедендік декларацияның дұрыс-бұрыстығын бірден анықтайды. Талапқа сай келетінін еш кедергісіз, мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысуынсыз «жасыл дәлізбен» жөніне жібереді.

Ал құжатта қандай да бір күмән тудыратын тұстар болса, сол кемшіліктің деңгейіне қарай «сары», «көк», «қызыл» түсті дәліздерге жолданады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді мәлімдеді. Биыл 11 айда облыс аумағындағы кеден арқылы 10 мыңға жуық кедендік декларация рәсімделген. Оның 4700-ге жуығы — импорттық тауарларға, 5 мыңға жуығы экспортталған тауарларға толтырылған.  Департамент басшылығының айтуынша, кедендік декларацияны тексеру кезінде тәуекелдерді басқаратын арнайы жүйе мамандарға ұсынымдар шығарып береді. Еш ескерту болмаса, «жасыл дәлізбен» өткізіп жібереді. Биыл жүйе арқылы тексерілген құжаттар мен мәліметтердің 70 пайызы «жасыл дәлізбен» өткізіліпті. 32 пайызы «сары» дәліз арқылы, «көк» пен «қызыл» дәліздермен тапсырылған құжаттардан бір-бір пайызы өткен. Егер декларацияда көрсетілген мәліметтерді тексеру қажет болса, бағдарлама «сары дәлізді» жариялайды. Құжаттар тексерілгеннен кейін маман ары қарай қай дәліз керектігін таңдайды. Әдетте, реттелген соң «жасыл дәлізге» жіберілетін көрінеді. Жүйе кедендік құнды төмендету қаупі бар деп есептесе, дәліздің «көк» түсін қолданады. Сәйкесінше, қосымша тексеру қажет болады.  Ал дәліздің «қызыл» түсі көрінсе, тағы бір кедендік бақылау жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніңіз, тапсырылған декларацияға жүктің сәйкес келу-келмеуі тексеріледі. Бұл шаралардың барлығы еліміздің және Еуразия экономикалық одақтың кедендік заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету үшін қолданылады. Яғни, бизнес пен мемлекет мүдделерінің ара қатынасын барынша сақтау үшін қажет. Осы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биыл 11 айда республика қазынасына кедендік төлемдер мен салықтар түрінде 23 млрд теңге түскен. Одан бөлек, кедендік органдардың тауардың шыққанына кедендік, басқа да құжаттар мен мәліметтерді тексеруінен бюджетке 1 млрд теңгеден астам қосымша қаржы өндірілді. Мәселен, кедендік бақылау желісі жағынан 76 кедендік тексеру жүргізіліп, 525 млн теңгеден астам қаржы өндірілген. Кедендік құнды бақылаудан 230 млн теңге, тауарлардың жіктелуін бақылаудан 150 млн теңге түсіпті. Тағы 140 млн теңге кедендік шараларды әкімшілендіруден өндірілген. Ал аймағымыздағы тауарлар айналымына келетін болсақ, 11 айда сыртқы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларынан асқан. Оның 83 пайызы экспорт болса, 17 пайызы – импорт.

— Экспорттық тауарлардың көбі – металлургиялық, мұнай-химия және отын-энергетикалық кешендердің өнімдері. Жекелеген тауарларға қойылған шектеулерге байланысты қазіргі таңда үшінші елдерге көмір, бидай, күнбағыс тұқымдарының экспорты кеміді. Аймағымызға сырттан келетін тауарлардың басым бөлігі, нақтысы, елу пайыздан астамы – өңіріміздегі ірі өндіріс орындары тиесілі. Яғни, алып кәсіпорындардың жұмыс істеуіне және өнім шығаруына қажетті тауарлар, — дейді департамент басшысының орынбасары Руслан Рахымберді.

Гүлжайна ТҮГЛЕБАЙ.