Экономикалық тұрғыдан алғанда биыл еліміз үшін сәтсіз жыл болды деуге келмес. Өйткені бірқатар инфрақұрылымдық тиімді жобалар ел игілігіне ұсынылды. Біраз жоба әлі жалғасып жатыр. Ең бастысы, ізденістердің эконо-микалық өсімге берер пайдасы орасан. Бұл орайда Еуразиялық даму банкімен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалардың салмағы басым екені байқалады.

Даму институты Орталық Азияға көбірек көңіл бөліп отыр. Мұның себебі де жоқ емес. Бес елдің де теңізге тікелей шығар мүмкіндігі жоқ, бұл орайда елдерге экспорттық һәм өндірістік әлеуетті арттыратын инфрақұрылым өте қажет. ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, теңізге шығар жолдан бөлек, ОА елдері үшін тағы үш тәуекел бар, олар – қаржы секторы дамуының төмен деңгейі, су-энергетика саласындағы келісімнің жоқтығы және жағымсыз климаттық өзгеріс.

— Жаңа теміржол бағыттары және контейнерлік тасымалдар транспорт шығындарын азайтуға және жаһандық жеткізу тізбегіне тиімді интеграция жасауға көмектеседі. Сондықтан дәл осы секторларда ОА елдері шетелдік инвестицияны қажет етіп отыр. Еуразиялық көлік қаңқасы қазір жаңа теміржол және автомобиль жолдары есебінен кеңейіп жатыр. Каспий теңізі порттары, әуежайлар, көлік-логистикалық орталықтар, шекарада өткізу бекеттері пайда болды. Кейінгі 10 жылда Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік пойыздар саны 200 есе өсті. Алайда өңірлік және сыртқы сауда байланыстарының жедел қарқынмен дамуы үшін кедендік және шекаралық ресімдер әлі де жеңілдетілуі керек, — дейді банк басшысы. Қазір Орталық Азиядағы су пайдалану деңгейінің тиімділігі өте төмен болып тұр. Өңірдегі орташа тиімділік көрсеткіші – текше метріне 2,5 доллар. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (текше метріне 19,01 доллар) айтарлықтай төмен.

— Халықтың жылдам өсуі, урбанизация, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы суды бұрынғыдан да көбірек қажет ете түседі. Біздің банктің позициясы бойынша, Орталық Азия өңірдегі су ресурстарын басқаруда ұжымдық тәсілдерін пайдалануға тиіс. ЕАДБ бағалауынша, кооперация есебінен кемшіліктерді жоюдың нәтижесінде аймақтағы ішкі жалпы өнім өсімі жылына 1,5 пайызға ұлғаяды, — дейді Н.Подгузов. Әрине, Орталық Азиядағы ілкімді жобалардың табысты жүзеге асуы біз үшін де пайдалы. Дегенмен ең бірінші кезекте ел ішіндегі жобалардың келешегіне айрықша үмітпен қарайтынымыз тағы түсінікті. Қазіргі кезде Қазақстан – ЕАДБ-ның ең басым үлесіне ие және өз кезегінде даму институты да Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірқатары мәресіне жетіп, пайдалануға беріліп те қойды. Жалпы, банк былтырдың өзінде Қазақстанға 1,2 млрд доллар инвестиция салды (2021 жылғы көрсеткіштен 5 есе жоғары). 2023 жылғы жоспар бойынша 1,1 млрд доллар бөлу қарастырылған. Банктің 2026 жылға дейін жалпы 3,8 млрд доллар құюды жоспарлағанын ескерсек, әлі 1,5 млрд доллар банк қазынасынан Қазақстан қазынасына ауысуы керек. Мемлекет-жекеменшік әріп-тестік негізінде салынып, іске қосылған жолдың бойымен күніне 30-70 мың аралығында автокөлік жүріп өтпек. Бұл — әрине, күн сайын адам саны да, көлік саны да көбейіп келе жатқан Алматы секілді үлкен шаһар үшін тәуір көмек. Жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін қазір 7 млн адам болып тұрған өткізу қабілеті бірден 14 млн-ға жетпек. Жобаның жалпы құнын құрайтын 737 млн доллардың 40 млн-ын ЕАДБ құйған. TAV Construction Co атқару комитетінің мүшесі Джимхур Каурдың айтуынша, егер қыс айларында тосын климаттық ахуал туындамаса, құрылыс 2024 жылы тамызда аяқталуға тиіс. Сонымен қатар, ЕАДБ Түркістан әуежайының да құрылысына атсалысты. Қасиетті қаладағы әуежай құрылысын Н.Подгузов Қазақстандағы транспорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды бастама деп бағалаған еді. Туристік әлеуеті аса жоғары Түркістанға мұндай заманауи әуежай өте қажет болды. Айта кетейік, ЕАДБ – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызмет атқарып келе жатқан халықаралық қаржылық ұйым. Банк жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қатысады. Банктің жарғылық капиталы – 7 млрд теңге. Ендігі ретте осындай алпауыт қаржы институты біздің өңірдегі бірегей жобаларды қаржыландыруға да атсалысса, нұр үстіне нұр болмақ.

Оралхан ҚОЖАНОВ.