Өңіріміз — картоп өсіруден елімізде көшбасшы орында. Алайда жаз мезгілінде «екінші нанды» оңтүстіктен тасуға мәжбүрміз. Көпшілік осыған аң-таң. Мамандар оның өзіндік себебі барын алға тартуда.
«Павлодар» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бек Оразғұловтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 250 тонна жергілікті картоп сақтаулы. Оның әр келісі 90 теңгеден босатылуда. Ал әлеуметтік дүкендерде 100 теңге шамасында сатылады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті. Дегенмен, алдағы айда аймағымызға картоп оңтүстіктегі көрші елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан әкелінеді. Өйткені, өңірімізде өсірілген картопты бір жылдан астам уақыт сақтауға жарамайды. Былтырғы жылдың өнімі мамыр-маусым айларына дейін ғана сақталатын көрінеді. Сондықтан маусымаралық кезеңде «екінші нан» оңтүстік аймақтардан әкелінетіндіктен, баға өсімі орын алуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда 400 тонна картоп пен 200 тонна пияз сатып алу жөнінде алдын ала келісімдер жүргізілген. Бағасы бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасының, керісінше, түскені байқалатыны да айтылды. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауда саясаты бөлімінің басшысы Кәрімжан Байсариннің мәлімдеуінше, азық-түлік бағасының индексі тұрақты түрде төмендеп келеді. Мәселен, өткен аптада индекс 0,1 пайызға, ал жыл басынан бері 0,9 пайызға түскен. Әсіресе, күнбағыс майының, қырыққабат пен пияздың бағасы арзандапты. Тағы бір айта кетерлігі, биыл көкөніс бағасы өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай арзан екені аңғарылуда. Мамандардың мәлімдеуінше, былтыр осы уақытта пияздың келісі 180-200 теңгемен саудаланса, биыл 80 теңгеге сатып ала аласыз. Мұндай айырмашылыққа 2022 жылғы өнімділіктің төмендігі әсер етсе керек.
Көпшілік қысқа тосап дайындап, қияр-қызанақ тұздайтын шақта қант бағасының өсетіні тағы бар. Қазіргі кезде біртіндеп артқаны байқалады. Дегенмен, тұрақтандыру қорында 1600 тонна шекер сақтаулы көрінеді. Сондықтан мамандар қант бағасы қатты шарықтаса, қордағы қант көлемімен бағаны тұрақтандыруға әрекет жасалатынын мәлім етті.
Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік өнімдерінің сапасына әрдайым мониторинг жүргізілуде. Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың мәлімдеуінше, бұл бағытта «Сапалы өнім» жобасы іске асады. Биыл 34 өнім бойынша зерттеу жүргізілген. Яғни, тұрғындардың негізгі рационына кіретін азық-түлік түрлері тексерілген. Оның 15 түрі бойынша кемшіліктер анықталыпты. Басым бөлігінде мемлекеттік тілде ақпарат болмай шыққан. Сонымен қатар, аталмыш департамент тұтынушылардың шағымы негізінде жоспардан тыс 51 тексеріс жүргізіпті. 18 сауда нысаны жауапқа тартылған. Бірі тауарда бағаны көрсетпегені үшін, 17-сі тауарлық үстемені асыра қосқаны үшін кінәлі деп табылған. Үстемені 128 пайызға дейін көтергендер болған. Мұндай жағдай қарақұмыққа қатысты орын алған. Тиісті шаралар нәтижесінде қарақұмықтың бір келісінің бағасы 524 теңгеден 264 теңгеге дейін түсірілген.
Аймағымызда ішкі сауданы дамытуға бағытталған бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясы басталыпты. Ол үшін өңіріміздің ірі сауда нүктелерімен 14 меморандум жасалған. Сауда саласындағы ірі инвестициялық жоба-ларға мониторинг жүргізіледі. К.Байсариннің баяндауынша, облыста мұндай 9 жоба іске асуда. Биыл шикі-заттық емес экспорттық өсуі тіркеліп отыр. Жыл басынан бері 412,5 млн АҚШ долларының өнімі экспортталған. Республикада 4-орындамыз. Өңіріміздің жалпы экспорты бойынша шикізаттық емес тауар экспортының үлесі 62,1 пайызды құраған. Бұл бағытта әлі де маңызды жобалар қолға алынуда. Мәселен, Екібастұзда жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы биыл аяқталмақ. Өндірілетін өнім толығымен экспортқа шығарылады деп күтілуде.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.