Closeup of businesswoman hands, working in office room

Енді салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді.

Биылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді қадағалаушы органдарға береді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынбақ.

Қазіргі таңда аударым қабылдамай, қолма-қол ақшамен ғана сауда жасауға көшкендердің көбі – шағын бизнес өкілдері. Олардың тұтынушыға мұндай талап қоюына биыл тапсыратын декларация себеп. Декларацияға сай, табысын растаған кәсіпкер, жалпы айналымының 3 пайызын мемлекетке салық қып төлейді. Ал қолма-қол төлем жасау – салық төлемеудің амалы.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кәсіпкерлердің тапқан табысын бақылау қалай жүзеге асатынын түсіндіріп өтті.

– Ата Заңға сәйкес, салық төлеу – әркімнің міндеті. Бұл бастама заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкеден шығару мақсатында қолға алынып отыр. Осы жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарға қатысты барлық дерегін мемлекеттік органдарға береді. Мәселен, белгілі бір адамға үш айдың ішінде 100 және одан көп әртүрлі адамдардан мобильді ақша аударымдары түссе, күдік туындауы мүмкін. Егер жүйе әртүрлі адамдардан түскен мобильді аударымдарды анықтаса, онда оларды тиісті органдар тексереді, – дейді ол.

Тұтастай алғанда бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарды өз бетінше жоюға, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге немесе аударымдар арқылы алынған кірістердің декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік беруге бағытталған.

Олар бұзушылықтармен келіспеген жағдайда растайтын құжаттарды бере отырып, олардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Оның барысында банктерден жеке тұлғаның шоты туралы толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар немесе жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.

А.БОРАНБАЕВА.