Бүгінде көпшіліктің қағаз ақшаның түрін көрмегелі біраз болды. Шынымен, қазіргі таңда әмиян ұстап жүретіндер некен-саяқ. Керек-жараққа қажет тиын-тебеннің барлығы — телефонда. Сауда жасасақ та, коммуналдық қызметтерді төлесек те бірнеше батырманы басу арқылы әп-сәтте қаржы аудара қоямыз. Бірақ осы жылдан бастап сол мобильді аударымдар бақыланатын болады. Ол қалай қадағаланады? Кімге ақша аударуға шектеу қойылуы мүмкін? Саралап көрейік.

Табысты жасыруға болмайды

Өмірімізге цифрлық технологиялар, банктердің мобильді қосымшалары етене енгені сол еді, банкоматтан ақша алуды азайттық. Себебі 100 теңгенің өзін телефон арқылы қас-қағым сәтте аударуға болады. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елдің оқ бойы озық екенін айтпаса болмас. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Еуропаның кейбір елдерінің өзінде тұрғындар арасындағы қаржы аударымы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын көрінеді. Ал бізде ұзақ күтудің еш қажеті жоқ. Дүкенге кіріп, тауар ала қойсаңыз, сол жерде бірден телефон арқылы есеп айырысуға мүмкіндік бар. Иә, бұрындары өркениеттің бұл игілігі көбінесе қалада кеңінен таралған еді. Қазір ауылдық жерлерде де QR-код сканерлеу, телефон нөміріне ақша аудару арқылы тауардың сомасын жөнелтуге болады. Бұл сатып алушыға тиімді, әрине. Қалтасынан тиын-тебен іздеп, әуре болмайды. Сатушы да ақшаны ұсатып, артығын қайтарып сарсаңға түспейді. Қысқасы, екі жаққа да мобильді аударымдар тиімді болып отыр. Әсіресе, саудасын дөңгелетіп отырған қызмет көрсету саласының өкілдеріне пайдалы. Себебі сатып алушыдан түскен қаражаттың барлығы жеке есепшотына түседі. Яғни, қанша табыс тауып жатқанын ешкім білмейді. Сәйкесінше, салық төлеуден жалтарады. Мұны сатушылардың өздері де жоққа шығармайды. Кей кездері QR арқылы төлеуді сұрасаңыз, «Оны шығарсам, банк бір, мемлекет бір ұстап қалады. Қызметтің пайызы мен Үкіметке төленетін салық бар. Одан да жеке нөміріме жіберіңіз» деп зекіп қоятындар да кездеседі. Банктің құрылғысы арқылы кодты сканерлейтін болсаңыз, тауардың бағасы қымбаттайтынын ескертіп, «қорқытып» қоятыны тағы бар. Ал бұл – көлеңкелі табыс әрі заңға қайшы әрекет.

— Қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер тауардың, қызмет көрсетудің ақысын мобильді аударымдар арқылы екінші деңгейлі банктерде ашылған шоттарына қабылдап жатады. Мұндай аударымдар бақылау-касса машиналарынсыз әрі POS-терминалдарсыз қабылданады. Демек, түбіртек те берілмейді. Ал бұл – құқық бұзушылық әрекет. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алдымен ескерту жасалады, қайталанса 15-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, салық төлеу әркімнің міндеті екенін еске салғымыз келеді, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқармасы басшысы Галина Бирюкова. Яғни, кәсіпкерлерге тауар, қызметі үшін мобильді аударым қабылдауға болмайды. Ол үшін мобильді төлем бар. ҚР Салық Кодексіне сәйкес, барлық ақшалай есеп айырысу бақылау-кассалық машиналары, банк карталары немесе банктің мобильді қосымшалары арқылы QR-код сканерлеу көмегімен жасалуы тиіс. Осылайша, олар мобильді төлемдер кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған арнайы шоттарға түсуі тиіс. Өкінішке қарай, кей кәсіпкерлер салықтан, банк ұстап қалатын пайыздық төлемдерден оңай «құтылу» үшін көп жағдайда мобильді аударымға жүгініп жатады.

Ақша жіберуге шектеу қойылмайды

Осындай көлеңкелі бизнесті әшкерелеу үшін биылдан бастап мобильді аударымдар «май шаммен» қаралмақ. Анығын айтқанда, қатарынан үш айдың әрқайсысында 100-ден артық адамнан аударым қабылдаған тұрғынның кірістері туралы ақпарат салық органдарына түсетін болады. Олар өз кезегінде табыстың қайдан, не үшін түскенін анықтайды. Мұндай жаңалық жария болған соң көпшілік арасында сан сауал туындай бастады. «Сонда балаларымызға асханада ауқаттануы үшін аударым жасай алмаймыз ба?», «Құрбы-құрдас, туыс-туғанға ақша аударсақ, одан ұстап қала ма?» сынды көп сұрақ пайда болды. Бірақ мемлекеттік кірістер саласының өкілдері мұндай шектеулердің болмайтынын бірден айтты. Қарапайым адамдардың аударымдары тексерілмейді де. Бірінші кезекте, яғни биылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары жасаған аударымдар қадағаланады. Қазіргі кезде олар былтыр тапсырған декларация негізінде кірістер қаншалықты негізді-негізсіз екені електен өтіп жатыр. Мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген азаматтар, ұлттық компания басшыларының барлығына қатысты мобильді аударымдар бойынша бақылау 2022 жылдың қорытындысы бойынша жүріп жатыр. Аталған ақпараттарды өңдеу, талдау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар шамамен келесі жылдың наурыз-сәуір айларында аяқталады. Яғни, ел азаматтары декларация тапсырған уақытта олардың мобильді аударымдары қоса қаралады. Осылайша, банктер 2025 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары (2024 жылдың қорытындысы бойынша), 2026 жылдан бастап халықтың қалған бөлігіне қатысты (2025 жылдың қорытындысы бойынша) ақпараттарды салық органдарына ұсынады. Осы кезде аталған сала өкілдерінің жеке шоттарына қатарынан үш ай бойы 100-ден артық адамнан ақша түссе, оның кімнен, қалай аударылғаны туралы есеп алынады.

— Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар, аударым жасалғанда көп жағдайда чектер берілмей қабылданады. Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз. Ал азаматтар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды. Яғни, қарапайым тұрғындар еш алаңсыз ата-анасына, баласына, жақын-жұрағатына, әріптесіне қазіргідей ақша аудара алады. Олардың кіріс-шығысы тексерілмейді, — дейді Г.Бирюкова.

Қысқасы, адал жолмен табыс тауып отырған, жеке кәсібінен түсетін кірісін еш жасырмастан көрсететін бизнес өкілдерінің, ара-тұра жақын-дарының шотына ақша жіберіп, олардан белгілі бір соманы қабылдайтын тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Олар кез келген уақытта қалаған сомасын аудара да, қабылдай да алады. Ал салық органдарында тіркелместен нәпақа тауып жүрген пысықайлар, әсіресе такси жүргізушілері, тырнақ, кірпік әрлеу сынды қызметпен айналысатын жандар, сондай-ақ кәсіпкер ретінде тіркелсе де саудасынан келетін кірісті жеке шотына қабылдап жүрген жандарға тықыр таянады. Олардың атына жасалған аударымдар егжей-тегжейлі тексеріледі. Мұндай тексерістен қорықпас үшін адал еңбек ету керек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.