Соңғы күндері күздің қара суығының ызғары ерекше сезіле бастады. Демек, жеке үй тұрғындары қыстың қамына мықтап кірісуі керек. Ал оларға қажет қатты отынның қоры жеткілікті ме? Қазіргі нарықтағы баға тұтынушылардың қалтасына салмақ салмай ма? Осы мәселелерді білу мақсатында облыс орталығындағы бірнеше көмір сату орнына арнайы бардық.

Қалтаға салмақ салады

Жыл сайын күзде көтерілетін басты мәселе – жылыту маусымы. Көпқабатты тұрғын үйлердің әзірлігіне пәтер иелері кооперативтері жауапты болғандықтан, мұндағы тұрғындар бұл жайтқа аса бас қатыра қоймайды. Ал ауылдағы ағайын күздің қамын ертеден ойластырады. Дәлірек айтқанда, «Қатты отынға қажет қаржыны қайдан аламын?» деген ой маза бермейді. Себебі, бүгінде екі-үш тонна көмірді алудың өзі оңай емес.

— Біздің ауданда көмірдің бір тоннасының бағасы 21 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді. Төрт тонна көмір алатын болсаңыз, 100 мың теңгені санап беру керек. Оған қоса, ағаш аламыз. Оның текше метрінің бағасы шамамен 10 мың теңге тұрады. Осының барлығын есепке алсақ, бірнеше айда үйді жылыту үшін біраз қаржы керек. Жаңа жылдан соң тағы қамданамыз. Қатты отынның бағасы ауылдың шалғайлығына, көмірдің сапасына байланысты болатыны түсінікті. Дей тұрғанмен, алыпсатарлар белгілейтін баға мемлекет тарапынан бақыланса екен дейміз. Әйтпегенде, өзіміздің өңірде өндірілетін «Майкөбе» көмірінің тоннасын кеніштен 7-8 мың теңгеге сатып алып, ауылдықтарға 22 мың теңгеге сату дұрыс емес деп ойлаймын. Жол шығындарын есепке алғанның өзінде бағаның бұлайша үш-төрт есе өсуі қисынға келмейді, —
дейді Ертіс ауданының тұрғыны Қайрат Ахметбеков.

Баға мәселесі Баянауылдағы жұртты да мазалайды. Өңірдегі ірі көмір кеніші іргеде тұрса да, жергілікті халыққа отын қымбатқа сатылады.

— Майкөбе кенішінен адам денсау-лығына келер зиян көп. Кеніштің түтіні ауылға жайылып, көпшілікке кері әсерін тигізіп жатыр. Мұны экологияға жауапты мамандар қарауы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, аудан орталығының өзінде жергілікті көмірдің 7 тоннасы 110 мың теңгеден сатылуда. Орталықтан алыс жатқан ауылдарда одан да қымбат. Сонда кемінде бір тоннасы 15 мың теңге тұрады. Бұл аудан жұртшылығы үшін қымбат. Мұнда айтарлықтай жол шығындары жоқ. Олай болса табанның астынан шығатын көмір неге қымбат? Былтыр бұл мәселені өңірімізге келген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдында көтергенімізде де мардымды жауап ала алмадық. Ал бұл уақытта көмір өзімізде өңдірілсе де, шарықтап тұрған бағаға сатып алуға мәжбүрміз, — дейді Баянауыл ауданының тұрғыны Айбат Ыдырысов.

Иә, Екібастұздағы, Баянауылдағы кеніштердегі көмір тұтынушыға жеткенге дейін қатты отынның қымбаттап кетуі ауылдықтарға салмақ салмай қоймайды. Десе де, облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы, жергілікті әкімдік өкілдері бағаны бақылауда ұстап отырмыз дегенді алға тартады. Кәсіпкерлер елді мекендерге көмірдің бағасын негізсіз өсіріп сатар болса, мәселесі «май шаммен» қаралады.

Ұзын-сонар кезек жоқ

Жалпы, облыс бойынша қатты отынның бағасы тұрақты болып отырған көрінеді. Айталық, «Майкөбе» көмірінің бір тоннасының бағасы 13 500 теңгеден, «Шұбаркөл» сұрпының тоннасы 22 мың, «Қайнама» қатты отыны 16 мың, «Қаражыра» көмірі 16 500 теңгеден басталады. Бұл ретте облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдері бағаның көмір өндіру кәсіпорындары белгілейтін
босату құны, тасымалдаушы операторлардың жол мен отынды сақтау шығындарына байланысты қалыптасатынын алға тартты.

Басқарманың мәліметінше, өңір жұртшылығы қыстан қысылмай шығуы үшін барлығы 375 мың тонна қатты отын қажет. Бүгінде оның 342 мың тоннасы жеткізілді. Жалпы, аймағымызда көмір сатумен айналысатын 10 ірі өңірлік оператор бар. Мұнда 66 мың тонна өнім сақтаулы.

Облыс орталығындағы «Кедентранссервис» АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Асылбек Еңсебаевтың айтуынша, Товарная, 25 мекенжайында үш ірі оператор көмір саудалайды. Мұнда қатты отыннан тапшылық жоқ. Ұзын-сонар кезек те байқалмайды.

— Біздегі көмір тоннасының бағасы 11 мың теңгеден басталып, 22 мың теңгеге дейін белгіленген. Күніне 100-150, демалыс күндері 300-400 адам келіп, отын алады. Тұтынушылар тарапынан «Майкөбе», «Шұбаркөл», «Қаражыра» көміріне сұраныс жоғары. Олардың тұтынушылық, сұрыпталған және түйіршіктелген түрлері бар, — дейді ол.

Дәл осы аумақта қала ішінде көмір жеткізумен айналысатын жүк көліктері дайын. Жүргізушілер қатты отынды діттеген жерге апарады. Ол үшін 7-8 мың теңге көлемінде ақы алады. Ал Кенжекөлге жеткізу ақысы – 10 мың
теңге, Атамекен кентіне – 15 мың теңге.
Қысқасы, жылыту маусымы аяқталғанға дейін тұрғындарға кемінде 10 тонна көмір керек. Елді мекендер-дегі бағаны назарға алсақ, ауылдағы ағайынға ол үшін қомақты сома жұмсауға тура келеді. Сондықтан жұрт көмір тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер белгілейтін бағаны құзырлы мекемелер назарға алса екен дейді.

Павлодар қаласындағы көмір сату орындары

Кәсіпорын атауы Көмір бағасы Мекенжайы Байланыс нөмірі
«ELIT KZ» ЖШС Майкөбе — 13500 теңге

Қаражыра — 16500 теңге

Шұбаркөл — 21500 теңге

Шығыс өнеркәсіп ауданы, 2 8 (718 2) 65 92 52
«А-ВЕСТ ПАВЛОДАР» ЖШС Майкөбе — 14500 теңге

Қайнама — 16000 теңге

Қаражыра — 16500 теңге

Товарная көшесі, 25 8 705 609 09 92
«СЕВЕРЭНЕРГОУГОЛЬСНАБ» ЖШС Қаражыра — 15300 теңге Товарная көшесі, 25 8 701 054 35 91
«AIDABOL» ЖШС Майкөбе – 16000 теңге

Қаражыра — 16500 теңге

Шұбаркөл — 22500 теңге

Товарная көшесі, 25Б 8 747 617 14 74
«ХАЛЫҚ КӨМІР» ЖШС Қаражыра — 14800 теңге Транспортная көшесі, 8/21 8 747 915 30 22

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.