Қыстың қысылтаяң шағына тап болмас үшін тұрғындар етек-жеңін қымтанып, ағаш, көмір, отынын қамдап, «кәрі құдасын» қарсы алуға дайындық үстінде. Жылу маусымы жақындаған сайын жергілікті тұрғындар үшін көмір бағасының тұрақтылығы аса маңызды. Шыны керек, бүгінгі таңда көмір тасымалдаумен тек жеке кәсіпкерлер айналысатын болғандықтан, оның бағасы да күн суытқан сайын құбылып тұрады. Сонымен, биыл өңірде көмір бағасы қанша болмақ?

Павлодар облысындағы қатты отынға жалпы қажеттілік 591,7 мың тоннаны құраса, бүгінде оның 432,7 мың тоннасы, яғни 73,1 пайызы тасымалданды. Облыс көлемінде әлеуметтік нысандарға жылдық жоспар бойынша 129,4 мың тонна көмір, жергілікті тұрғындар үшін 389,6 мың тонна және орталықтандырылған қазан-дықтар үшін 72,7 мың тонна көмір қажет. Бүгінде қажетті отын көлемін жеткізуші мекемелермен келісім-шарт жасалып, көмір кезең-кезеңімен жеткізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынова мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындарды қажетті отын қорымен қамтамасыз ету мақсатында облыс және аудан әкімдіктері мен өңір кәсіпкерлері арасында көмір бағасын өсірмеу мақсатында меморандумдар жасалды.

— Жоспар бойынша қажетті көмір отыны 591,7 мың тоннаны құрайды. Халық арасында негізінен «Майкубен-Вест» АҚ компаниясының қоңыр көмірі жоғары сұранысқа ие.  Бұл көмірден басқа, жергілікті тұрғындар үшін «Қаражыра» және «Шұбаркөл» сұрыптарының тас көмірлері сатылымда бар. Қазір облыс бойынша барлық елді мекенде көмір қабылдау пункттері жұмыс істеп тұр. Көмірдің жеткізілуін біз күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Облыс әкімдігі дайындау және тарату пункттерінде көмірдің бар-жоғы мен құнына күнделікті мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімдігі, көмір разрездері мен теміржол тұйықтары арасында жылыту маусымының соңына дейін бағаны ұстап тұру бойынша меморандумдар жасалды. Оған қоса, өткен жылыту маусымындағыдай вагондар мен локомотив тартымының тапшылығын болдырмау үшін биыл теміржол паркі 25 мың жартылай вагонмен толықты. Жалпы, күн сайын салалық министрлік ҚТЖ-мен, «Қазтеміртранс» АҚ-мен көмір разрездерімен бірлесіп, проблемалық мәселелерді жедел шешетін жұмыс кеңестері өткізіледі, — деді ол. Сондай-ақ, Күлбаршын Арынова қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарын көмірмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 8500 тоннадан астам көмір тегін бөлінді.

— Қатты отынға мұқтаж отбасылардың тізімін әкімдік мамандары жасады. Олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, аз қамтылғандар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлер кіреді. Қатты отынның бағасына келер болсақ, 1 тонна көмірдің бағасы елді мекеннің қашықтығына байланысты 8 000 теңгеден 26 000 теңгеге дейін өзгеруі мүмкін. Атап өтсек, облыс орталығында павлодарлықтар «Майкубен-Вест» маркалы көмірдің бір тоннасын 12 500 теңгеден 13 000 теңгеге, «Шұбаркөл» көмірін 23 000 теңгеге, «Богатырь-Көмір» өнімін 10 мың теңгеге және «Қаражыра» тас көмірін 14 700 теңгеден сатып ала алады, – деді К.Арынова. Сонымен қатар, сала басшысының орынбасары жылу беру маусымы кезеңінде көмір тапшылығын болдырмау және едәуір арзан бағада көмір отынын алу мақсатында көмірді қараша-желтоқсан айларында емес, ертерек сатып алу қажет екенін де ескертті.

А.МҰҚЫШЕВ.