Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Үкімет макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар нақты істі қолға алған болатын. Солардың бірі – қарапайым тұрғындарға жеңіл көлікті лизингпен беру. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар дамыған елінде бұрыннан бар. Ал біздің мемлекетте қалай жүзеге аспақ? Көпшілік автокөліктерді қандай талаптар бойынша ала алады? Осы мәселелерді сарапқа салып көрген едік.
Әлемдік тәжірибе
Жалпы, лизинг дегеніміз – көлікті, қандай да бір басқа техниканы ұзақ мерзімге жалға алу. Яғни, лизингтік компания өзара келісімшарт талаптарына сәйкес автокөлікті тұрғынның пайдалануына уақытша береді. Өз кезегінде жалға алушы сол мүлікті ай сайын немесе келісім бойынша төлемдер жасап пайдалана алады. Ал жалға алу мерзімі аяқталған соң үш түрлі таңдау беріледі. Біріншісі –
көлікті толығымен сатып алу. Мұндай жағдайда ай сайынғы жасалған төлемнен қалған соманы өтеп, компаниядан көлікті алып, өз атына жазып алуға мүмкіндік бар. Екіншіден, келісімшарт мерзімі аяқталған соң темір тұлпарды еш қиындықсыз қайтадан өз иесіне, яғни лизингтік компанияға қайтара алады. Үшіншісі – жаңасына ауыстыру. Бұл ретте бұған дейін пайдаланған көліктің орнына жаңасын лизингпен алуға жағдай жасалады. Атап өтерлігі, лизингтің автонесиеден басты айырмашылығы – лизингтік келісімшарт аясында тұрғын ай сайын амортизациялық шығындарды ғана өтеп, көлікті жалға алады. Бұл ретте оның иесі ретінде лизингтік компания қала береді. Ал автонесие ресімдеген кезде белгілі бір пайыздық мөлшерлеме белгіленіп, бірнеше жыл аралығында ай сайын банкке төлем жасау міндеттеледі. Есесіне, көліктің қожайыны несие алушының өзі болады. Тағы бір ерекшелік – лизингке алар кезде бастапқы жарна мүлде керек емес. Автонесие ресімдейтін тұста кей банктер мен диллерлер 10-30 пайыз көлемінде бастапқы жарнаны талап етеді.
Мұндай лизинг жүйесі көптеген елде бұрыннан бар. Айталық, АҚШ-тағы көлік жүргізушілерінің үштен бір бөлігі техниканы лизинг арқылы алып, емін-еркін пайдаланады. Жапония да бұған әлдеқашан бет бұрған. Бұл – лизингтік операциялар саны бойынша әлемде екінші орында тұрған мемлекет. Күншығыс елінде лизинг жүйесі салық жеңілдіктерін бір елден екінші елге тиімді аударатындығымен де тиімді. Сол себепті өндірушіге де, жалға алушыға да қолайлы болып отыр.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыруға қатысты берген тапсырмасы аясында жеке тұлғаларға да аталмыш тетікті ұсыну туралы тапсырма берді. Бүгінгі таңда біздің елде әзірше заңды тұлғалар ғана техниканы лизингке ала алады.
– Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде «KIA Qazaqstan» зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз, –
деген еді Президент.
Төлем салмақ салмай ма?
Президент пәрменінен соң Үкімет жаңа жүйенің тетіктерін қарастыруға кірісті. Шарттары мен талаптарын әзірлеуді ойластыра бастады. Бірақ әлі күнге дейін автокөлікті лизингке алу жолдары, ережелері қарастырылған нақты бағдарлама белгіленген жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдар мұны бағдарламаның тетігі мен оның негізгі шарттарын анықтау үшін заңнамаға өзгерістер енгізу бағытында жұмыстар атқарылып жатқанымен байланыстырып отыр. Сауда және интеграция министрлігі тек 29 қазан күні көлікті лизингке алуға мүмкіндік беретін сауда ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы «Ашық үкімет» порталында жариялады. Жоба жеке тұлғаларға көлікті пайдалану үшін лизинг шарты негізінде оны кейін меншікке сатып алу немесе лизинг берушіге қайтаруды ұсынған. Бұл механизм азаматтар үшін автокөліктердің қолжетімділігін арттыруға, ішкі автолизинг нарығын дамытуға және бәсекелестік ортаны нығайтуға ықпал етеді.
Бұл ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері бүгінгі күнгі жоспар бойынша лизингке жаңа көліктер де, бұған дейін пайдаланылған көліктер де берілуі мүмкін екенін алға тартты. Ал олардың шекті бағасын белгілеу лизингтік компаниялардың еншісіне қалдырылмақ.
Бұл ретте кей сарапшылар лизингтік бағдарламаның оңтайлы тұсы көп боларына сенім білдірсе, енді бірі автонесиеден айырмашылығы болмауы мүмкін екенін алға тартады.
— Көлікті несиеге сатып алып, айына 100 мың теңге, лизингте 150 мың теңге төлем жасау шарты болса оны рәсімдеудің қажеті қанша? Бағдарлама шынында да халыққа жеңілдетілген нұсқада ұсынылуы үшін лизинг беретін компания немесе лизингтік бағдарламаны қаржыландыратын екінші деңгейлі банктер белгілі бір сомадағы қаражатты қазіргі мөлшерлемеден төмен қылуы қажет. Қазір қайта қаржыландыру мөлшерлемесі – 18 пайыз. Банк сәйкесінше 20 пайыздық мөлшерлемемен ұсынуы мүмкін. Сондықтан лизинг қалтаға қонымды болу үшін 20 пайыздан төмен болуы тиіс, — деп санайды Қазақстанның тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Эдаков.
Экономист әрі автосарапшы Бауыржан Ысқақ лизингінің басты артықшылығы – ай сайынғы төлемдердің төмен болуы екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмай, керісінше тиімді болады.
— Автонесие кезінде төлем көліктің толық құнына есептеледі, ал лизинг жүйесінде оның амортизациясы ескеріледі. Бұл көлік құны, пайыздық мөлшерлемесі және келісімшарт мерзімі бірдей бола тұра, ай сайынғы төлемді 15–30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда, лизинг арқылы көлікті иеленудің жалпы құны қосымша комиссиялар мен келісімшарт талаптарына байланысты 5–10 пайызға жоғары болуы мүмкін. Ұзақ мерзімде бұл айырмашылық айтарлықтай байқалмайды, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Мұндай бастаманың талап, ережесі әзірше жарияланбағандықтан, жүргізушілер нақты таңдау жасай қойған жоқ. Дей тұрғанмен, автонесиеден гөрі осы лизинг оңтайлы болар деп пайымдайды. Бастысы, бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету.
— Бүгінде ескі көліктерді несиеге алар болсаң, айына кем дегенде 150 мың теңге, жаңа темір тұлпар тізгіндеуді қаласаң, ай сайын кемінде 200 мың теңге төлеуің керек. Егер лизинг жүйесінің ай сайынғы амортизациялық төлемі 40-60 мың теңге аралығында болса, бағдарлама тиімді болады деп ойлаймын. Бірнеше жыл аралығында лизингтік төлемді аударып, кейін қалған соманы өтеу арқылы толығымен сатып алу тетігі қарастырылса, тіпті жақсы. Тек кейбір банктер жасырын түрде енгізіп қоятын қосымша комиссиялық төлемдер, түсініксіз схемалар, қандай да бір сақтандыру ақысы белгіленбесе болғаны, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Абай Смағұлов.
Иә, лизингтік бағдарламаның жалпы жүйесіне үңілер болсақ, автонесиеге қарағанда қаржылық тұрғыдан тиімді болуы тиіс. Темір тұлпар тізгіндеуді қалайтын жұртшылық оның нақты пайдасын көруі үшін бағдарлама қазірден-ақ тиімді жасалғаны жөн. Бастысы, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебі болмаса игі.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
