«Қанатты» металл шығаратын елімізде теңдесі жоқ «Қазақстан электролиз зауыты» биыл өнім көлемін жоспардан асыра орындамақ. Биылға 250 мың тонна бастапқы алюминий шығару жоспарланған. Бірақ кәсіпорын қолда бар мол тәжірибесі мен жаңа технологиялардың көмегімен 261 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Зауыттың технологиялық учаскесінің инженер-технологы Никита Коттың айтуынша, мұнда өндірілетін бастапқы алюминийдің сапасы жоғары болғандықтан, әлемнің талай елінен келісімшарттар құруға жол ашылған. Павлодарлық өндіріс орнынан шығатын «қанатты» металл бүгінде Түркия, Грузия, Нидерланды, Италия, Ресей, Белорусь, Грекия және Еуропаның бірқатар еліне экспортталады.
— Бір қуантарлығы, соңғы 5 жылда отандық нарыққа жөнелтілетін өнім көлемі екі есеге артты. Айына 5 мың тоннаға дейін алюминий еліміздің 11 кәсіпорнына жіберіледі. Негізінен, біздің алюминий еліміздегі кабельдік өнімдер, құрылыс материалдарын, алюминий қорытпаларын шығаратын, машина жасау кәсіпорындарда қолданылады. Сонымен қатар, металлургиялық өнеркәсіптер де сатып алады, — дейді Никита Александрович. Енді аталмыш металдың қалай түпкі өнімге айналып, тұтынушыға жол тартатынын сәл тарқата кетсек. Бастапқы алюминийге айналатын шикізат – глинозем. Теміржол арқылы арнайы вагондармен глинозем зауыттағы торапқа әкелінеді. Мұнда вагондар босатылады да шикізат автоцистерналарға тиеледі. Кейін газ тазартқыш қондырғыға жеткізіледі. Осы жерде электролизер деп аталатын алып аппараттарға глинозем толтырылады да, электролитке түсіреді. Температура мен электролиттік тоқ арқылы балқытады да, оған анодтар жіберіледі. Анодтар арқылы шикізат атомдарға ыдырайды, алюминий иондары оң көрсеткішке көшіп, катодта тұнады. Вакуумдық тәсілмен алынып, металл құю цехына аттандырылады. Мұнда құрамындағы қожды бөліп алып, дайын құйма етіп құйылады. Осылайша, А7 және А8 маркалы 20 келілік алюминий құймалары тұтынушыларға жөнелтіледі. Бастапқы өнімнен кәсіпорындар елімізде әр үйде қолданылатын кабельдік сымдар, құрылысқа қажетті профильдік өнімдер шығарады. Көліктің дөңгелектері де павлодарлық металдан жасалады. Өндіріс орнының өкілі аталған технологиялық процестерді жетілдіруге әрдайым көңіл бөлінетінін айтты. Мәселен, бұрын бункерлердегі шикізаттың көлемі қолмен тексерілетін болса, қазіргі таңда бұл жұмыс толық автоматтандырылған. Қанша қалғанын оператор бақылап отырады. Сонымен қатар, алюминий өндіруге аса қажет анодтар ауыстырылған. Нәтижесінде өнім сапасы артып отыр. Қолданылатын электролиттік тоқ мөлшері де көтерілген. Бұрын 320 килоампер қолданылса, қазір 336,5 килоамперге көшкен. Бұл қадам шығарылатын өнім көлемін арттыруға жол ашқан. Алып кәсіпорын өндірістік қуатымен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларына да маңыз береді. Қызметкерлерінің баспаналы болуына атсалысуда. Мәселен, 2021 жылы 82 отбасыға жеңілдікпен пәтер алуына қолғабыс жасады. Биылдың өзінде зауыттың 75 қызметкері баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар, ERG мен әкімдік арасында 3 млрд теңгеге әртүрлі жобалар жүзеге асыруға меморандум жасасқаны белгілі. Осы құжат аясында «Қазақстан электролиз зауыты» аймағымыздың металлургия саласының мамандарын даярлайтын екі оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға 35 млн теңге бөлген. Жобаның бірі Торайғыров университетінде іске асырылуда. Мұнда былтыр электр техникалық зертхана орнатылса, биыл токарлық станок сатып алынған. Сонымен қатар, Павлодар политехникалық колледжіне де көмек беруде. Аталмыш білім ордасы ERG компаниясының 14 әріптес колледжінің қатарына енген. Бұл қолдау өзара тиімді болмақ. Яғни, кәсіби мамандар даярлауға септігін тигізеді. Айта кетейік, бүгінде зауытта 2335 адам еңбек етеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.