Кез келген ғимараттың құрылысын кірпішсіз елестету мүмкін емес. Әлеуметтік нысандар мен үйлердің, зауыттар мен кәсіпорындардың қабырғасын қалауда аталмыш құрылыс материалы кеңінен қолданылатыны мәлім. Енді нарықтағы бұл өнімнің қатарын павлодарлық кірпіш те толықтырмақ. Таяуда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында дәл осы өнімді шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды.

 

Жалпы, жыл санап арнайы аймақтағы жаңа кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Жуырда солардың тағы бірі – «KAZAKHSTAN BUILDING MIXTURES» ЖШС іске қосылды. «KAZBM» зауыты айына 1 млн данаға дейін қаптамалы гиперпресстелген кірпіш шығаруға қауқарлы.

Кәсіпорынның директоры Кирилл Жемчуговтың сөзінше, аталмыш жоба 2022 жылы қолға алынған. Сол уақытта кәсіпорын Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университетімен бірлесіп кірпіш өндірісінің жобасын әзірледі. Бұл ұсыныс арнайы байқауда үздік деп танылып, сол жылдың желтоқсанында «Ғылым қоры» акционерлік қоғамымен оны жүзеге асыру жөнінде шарт жасалды. Осылайша, бұл іс ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және өндіріске ғылымды қажет ететін технологияларды енгізу бойынша ғылыми қоғамдастықтың, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының жарқын мысалы ретінде көзге түсті.

2023 жылдың сәуірінде Павлодар облысы әкімдігінің тікелей қолдауы аясында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында зауыттың негізі қаланды. Ал осы жылдың мамырында алғашқы өнім шығарылды.

— Арнайы аймақтың таңдалуы тегін емес. Мұнда ірі өндірісті қолға алуға ниетті инвесторларға мол мүмкіндік қарастырылған. Солардың бастысы – салықтық жеңілдіктер. Мүлік, кеден салығы, басқа да төлемдердің пайыздық мөлшерлемесі нөлге тең. Бұл өз кезегінде қаржыны өндіріске салуға жағдай жасайды. Тағы бір оңтайлы тұсы – тауарды экспортқа шығаруға тиімді. Сол себепті арнайы экономикалық аймақта кәсібімізді дөңгелетуді жөн санадық, — дейді кәсіпорын басшысы.

Қаптамалы әрі гиперпресстелген кірпіш өндірісіне 360 млн теңге көлемінде инвес-тиция құйылды. Қазіргі уақытта өнімді алушылармен келіссөздер жүргізілуде. Компания басшылығы алдағы уақытта павлодарлық кірпіш талай баспана мен әлеуметтік нысанның, жеке меншік ғимараттардың қабырғасын қалауда қолданылатынына сенімді.

— Кірпіштің мұндай түрі- таңсық дүние емес. Дей тұрғанмен, біздің өнімнің бірнеше басым тұсы бар. Айталық, ақ цементтен басқа шикізаттың барлығы – жергілікті өнім. Яғни, өзге елдің шикізатына тәуелді емеспіз. Кірпішті құю кезінде еш қоспасы жоқ цемент пайдаланылады. Ол өз кезегінде өнімнің сапасын жақсарта түседі. Сол сияқты кірпіштің бояуы ұзақ уақыт сақталады. Атап өтерлігі, өндіріс барысында суды сүзгіден өткізу жүйесі қолданылады. Нәтижесінде судың құрамында ешқандай тұз болмайды. Бұл өнімнің беріктігін қамтамасыз етеді. Өндірістің барлығы дерлік автоматтандырылған. Тиісті қызметтер арнайы датчиктер, планшеттер арқылы орындалады. Бұл барлық кірпіштің сапасы, көлемі бірдей болатынын білдіреді, — дейді К.Жемчугов.

Өндіріс барысында алдымен табиғи әктас толығымен үгітіліп, біртекті қоспаға айналады. Басты шикізат – осы. Кейін қоспалар бункеріне түсіп, пигментпен араласады. Оған цемент пен су қосылады. Қоспа арнайы бункерге жеткізіліп, жоғары қысыммен кірпіштің қалпы құйылып, қалыптасады. Роботтандырылған техника дайын өнімді бу камерасына кіргізеді. Мұнда олар 8 сағат «піседі». Әбден қатайып, күйдірілген соң нарыққа жөнелтіледі.

Мұндағы құрылыс материалының көлемі әр түрлі. Тұтынушының талабына сай стандартты, «бір жарым» көлеміндегі және жартылай кірпіштер бар. Бағасы да көлеміне қарай құбылады. Бұл ретте зауыт өкілдері арзан өнімді емес өткізуге емес, сапалы материал шығаруға басымдық береді. Сондықтан қымбат қоспалар мен шикізат сатып алады. Бұл сәйкесінше дайын өнімнің бағасына әсер етеді. Десе де, салыс-тырмалы түрде қарағанда павлодарлық тауардың бағасы айтарлықтай қымбат емес. Ылғал мен аязға төзімді бір кірпіштің бағасы 150 теңгеден басталады.

Жаңа кәсіпорын нарықты сапалы өніммен қатар, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде мұнда 20 адам еңбек етеді. Оларға әлеуметтік пакет толығымен қарастырылған. Сонымен қатар, жұмыс орнына арнайы автобус апарып, алып кетеді. Олардың дені роботтандырылған, автоматты құрылғылармен жұмыс істейтіндіктен, біліктілікті арттырып, білімді толықтыруға көп көңіл бөлінеді.

Облыс басшылығы мен «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен қолға алынған жобаның сәтті жүзеге асарына сенім мол. Өндіріс оң жолға қойылса, жергілікті нарық өзіміздің сапалы кірпішпен қамтылады. Балабақша мен мектеп, емхана мен аурухана, спорт пен мәдениет нысандарын салуда павлодарлық өнім қолданылса, құба-құп. Ол үшін жаңа кәсіпорын сапаға мән беруі керек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.