Елімізде техникалық сала мамандарының жеңілдетілген шарттар бойынша баспана алуына бағытталған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылмақ. Аталмыш бағдарлама аясында өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурс-тары салаларының қызметкерлері пәтер кілттерін ала алады.
Жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жұмысшы маман-дықтардың өкілдеріне арналған ипотекалық бағдарлама қарастыруды тапсырған болатын. Соның аясында өткен жылы іске қосылған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының бір бөлігі ретінде «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы әзірленді. Биыл жаңа бағдарлама аясында 2440 несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 72 млрд теңге бөлінбек.
Өтінімдерді қабылдау 17 наурызда басталады. Шарттарға сәйкес, ипотекалық несие әлеуметтік осал топ өкілдері үшін 7, қалған барлық санаттарға 9 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Таза әрлеудегі жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна кемінде 10 пайыз болуы тиіс. Ал әрленбеген таза үйден немесе екінші нарықтан пәтер алуды қаласаңыз, бастапқы жарна көлемі – 20 пайыз. Облыстар үшін несиенің ең жоғары сомасы 30 млн теңге болса, Астана мен Алматы қалаларындағы жұмысшылар 36 млн теңгеге дейін қаржы ала алады. «Отбасы банк» АҚ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім аясында да жұмыс жалғастыратын болады. Соның аясында ірі компаниялар өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаржы бөле алады.
— Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер, құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді, — деп пайымдайды «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Өз тілшіміз.