Келесі жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалардың барлығына бірдей Ұлттық қордан ақша түсетін болды. Мемлекет Басшысы тиісті Заңға қол қойды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Демек, Мемлекет басшысының былтырғы «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы жүзеге аса бастайды. Аталмыш жоба Ұлттық қордың жылдық табысының тең жартысын балалардың арнайы шотына жіберуді көздейді. Олар жеке шотындағы қаржыны тек кәмелеттік жасқа толғанда ала алады.

— Жобаға барлық бала қатысады. Ешқайда хабарласудың, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматтандырылған. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражат есепшоттарға аударылады. Кейін бұл қаражатты алдын ала белгіленген мақсатта пайдалануға болады, — дейді Қаржы вице министрі Дәурен Темірбеков. Кәмелеттік жасқа толған әр азамат сол қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға ғана жұмсауы тиіс. Өз кезегінде ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады. Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтарға бір жыл үшін 160-170 АҚШ доллары көлемінде қаржы аударылады. Олар қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда оның шотындағы қаржы көлемі 3,5 мың АҚШ долларына жетуі мүмкін. Айтпақшы, аталмыш Заңға еліміздегі тұрғындар саны 20 миллион адамға жеткен күні қол қойылды. Мұның өзі – жақсылықтың бастауы. 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.