Павлодар облыстық тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Бухалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы сақтау» мәселелеріне және Бюджет кодексіндегі жаңалықтарға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Шараның мақсаты – облыстық мекемелерде жүргізілген аудит нәтижелерін саралау және спортшыларды даярлауға бөлінген бюджет қаржысының тиімділігін талдау, заңнама мен нормативтік актілерге енгізілген соңғы түзетулерді талқылау.
Облыста жүргізілген консоли-дацияланған қаржылық есептілік аудитінің нәтижелеріне сәйкес кейбір мекемелерде бірқатар кемшіліктер жылдан-жылға қайталануда. Атап айтқанда, қаржылық есептіліктегі жекелеген баптар дұрыс қосылмай, шындыққа сәйкес келмейтін деректер көрсетілген. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп пен есептіліктің арасында сәйкессіздіктер бар. Коммуналдық мүлік бойынша жалға алу берешегі көрсетілмеген, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен дебиторлық, кредиторлық берешек резервтері де кей жағдайда дұрыс есептелмеген. Құрылысы аяқталған нысандардың құнын қалыптастыру кезінде жобалық-сметалық құжаттама шығындары ескерілмей қалған жағдайлар тіркелді. Ал кей жобалар мүлде есеп пен есептілікке енгізілмеген.
Мысалы, Павлодар және Екібастұз қалалары бойынша 8 нысанда аудит жүргізілген.
6 нысанда заң бұзушылық анықталған. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қалалардың жиынтық балансының валютасы 261482,7 млн теңгені құрайды.Жалпы сомасы 52154,8 млн теңге көлемінде олқылықтар анықталған, оның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 29336,0 млн теңге (56,2 %), есептілікті бұрмалау – 21411,3 млн теңге (41,0 %), рәсімдік бұзушылықтар (2,7%).
Іс-шарада еңбек уақыты табелін дұрыс жүргізудің маңызына да ерекше назар аударылды. Көп жағдайда қызметкерлердің іссапарда немесе демалыста жүрген уақыты табельде жұмыс күні ретінде көрсетіліп, нәтижесінде негізсіз жалақы төленетіні белгілі болды. Кейбір спорт мекемелерінде 8 миллион теңгеден астам негізсіз жалақы төленген. Бұл – шетелде жеке істерімен жүрген қызметкерлерге берілген еңбекақы.
Сонымен қатар, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелеріне қатысты жаңа Бюджет кодексінде айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Енді 2027 жылдан бастап мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізетін мамандар міндетті түрде сертификаттаудан өтеді. Жылдық қаржылық есептілік құрылымында дебиторлық және кредиторлық берешек туралы арнайы есептер жүргізілетін болды. Бұл өзгерістер мекемелердің қаржылық жағдайын ашық және нақты көрсету үшін керек.
Ревизиялық комиссия маман-дары мемлекеттік мекемелерге бухгалтерлердің кәсіби біліктілігін арттыру курстарына қатысуын ұсынды. Қаржылық тәртіп пен есептіліктің сапасын арттыру – тек бухгалтердің ғана емес, барлық жауапты қызметкерлердің ортақ міндеті екені атап өтілді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.