Ақшаға айырбастады

Жел 4, 2025

Павлодар облысы бойынша 2025 жылдың басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын  қорғау департаменті 1605 өтінішті тексерген. Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер саны биыл 23%-ға артып, тұрғындарға 88 миллион теңге қайтарылған.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын  қорғау департаменті  281 тексеру жұмысын жүргізген. Олардың 222–сі жоспардан тыс тексеру болса, 59–ы — профилактикалық бақылау. Сауда саласы  бойынша 212 тексеру, тұтынушылардың құқығын қорғау саласында 69 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. 2024 жылмен салыстырсақ, осы жылы тексерулер саны 66%-ға өскен.

— Департаментке келіп түсетін өтініштер санының тұрақты өсуі байқалады. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын  қорғау департаментінің  мәліметіне сүйенсек, бөлшек саудада 55%, тұрмыстық қызметтер саласында 20%, электронды саудада 11% тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылады, — деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брефингте Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев.

Сонымен қатар, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев қала тұрғындарының сертификатты ақшаға ауыстыруға құқығы бар екенін хабарлады.

—  Бізге 35 мың теңге сомасында ыдыс-аяққа арналған сертификат алған әйел көмекке жүгінді. Клиентке ас үй жабдықтары керек болмаған соң, дүкенге барып  сертификатты  ақшаға айырбастамақшы болған. Кәсіпкер тұтынушыға ақшалай қаражат беруден бас тартқандықтан, мәселені заң жүзінде шешуге тура келді. Тексеріс қорытындысы бойынша кәсіпкер заң жүзінде жауапкершілікке тартылып, әйелге ақша қолма-қол берілді, – дейді Дәулен Қабдушев.

Мамандар кез келген сыйлық сертификаты үш жыл бойы жарамды екенін ескертеді. Ол тауар ретінде табысталса, осы мерзім ішінде сертификатты пайдалануға рұқсат. Тек акция аясында сыйға тартылатын және сатып алушы төлемейтін сертификаттар бойынша ғана ерекшелік болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, сала қызметкерлері  1 млн 200 мың  теңгеге  күтім құралдарын сатып алған әйелдің  ақшасын қайтаруға көмектескен. Қала тұрғыны облыс орталығындағы сұлулық салондарының біріне барып, күтім құралдарын сатып алған. Бірақ кейін сол сатып алған тауарын қайтаруға  барғанда кәсіпкер тауар сомасынан айыппұл ретінде 15%-ын ұстап қалатының айтқан.

— Айыппұл құны 180 мың тең-гені құрады. Павлодар тұрғыны мамандардың көмегіне жүгінді. Осы шағымның негізінде тексеріс ашылды. Осылайша, тұтынушының құқығы қорғалып, тауар бағасы толық қайтарылды, – деді Дәулен Қабдушев.

Дәулет Қабдушев тұрғындарға өз құқықтарын қорғау үшін уақытылы шағымдану керек дейді.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.