Елімізде несиелік қарызын ұзақ уақыт төлей алмай қалған азаматтарға банкроттық жариялап, мәселесін біржақты етудің мүмкіндігі қарастырылған. Әлбетте, оның өзіндік талаптары бар.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында білім алғандарға заңгерлер тегін көмек көрсетіп, жеке тұлғалардың банкроттық жариялауына жол көрсетеді. Жобаның заңгері Зарина Әділова банкроттық жариялаудың екі түрі барын айтты.
— Біріншісі — соттан тыс банкроттық жариялау. Бұл түрді таңдау үшін азаматтардың қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен төмен болуы шарт. Сонымен қатар, атында дүние-мүліктің, тіркелген бизнесінің болмауы талап етіледі. Мәселен, ерлі-зайыптылардың бірінің атында көлік немесе үй тіркелген болса, олардың екеуі де банкроттыққа бере алмайды. Сонымен қатар, 1 жылдан астам уақыт несиесін төлемеуі тиіс. Міне, осы критерийлерге сай келетін клиенттерге соттан тыс банкроттық жариялау жолын көрсетеміз, — дейді Зарина Қалдыбекқызы.
Бұл шарттарға сай келген азаматтар egov порталы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, e-salyq, e-azamat, egov mobile мобильді қосымшалары арқылы өтінім береді. 24 тиісті жүйе көмегімен 24 мемлекеттік органның мәліметтері автоматты түрде өңделіп, талапқа сай келгендердің қарызы есептен шығарылады. Бірақ, бұл талаптарға барлық азаматтар сәйкес келе бермейтінін ескеру керек.
Зарина Қалдыбекқызы жеке тұлғалардың банкроттық жариялауының екінші түрі сот арқылы жүргізілетінін мәлім етті. Бұл ретте, банкроттық жариялауды қалаған адамның атындағы несиелік берешегі 1600 АЕК артық болғаны ескеріледі. Мұнда да атында дүние-мүліктің болмауы қажет. Ескеретін жайт, банкроттық жариялауға өтінім бергенде қандай да бір қаржы ұйымындағы шағын несиенің өзін төлемеуі тиіс. Бір рет болсын төлемі көрінсе, талапқа сай болмай шығады. Қарыз бір жыл төленбеуі қажет. Сонымен қатар, құнды заттар, атында депозиттің болмауы талап етіледі. Ломбардқа салынған алтынның өзі де кедергі келтіреді. Сондықтан, ломбардқа салынған алтынды сатып алу немесе өтіп кеткен болса, шарттың күшін жоюы керек. Заңгерлердің көмегімен сотқа банкроттық жариялау туралы арыз түсіріледі. Тағы бір айта кетерлігі, банкроттық жарияланғаннан кейін азаматтар бес жыл банктерден несие ала алмайды. Банкроттық жариялау туралы өтініш түскеннен ол қаралып біткенге дейін шетелге шығаруға тыйым салынады. Әлбетте, банкроттық мәселені шешудің жолы емес екенін ескерген жөн.
— Тағы бір көмек түрі бар. Ол — төлем қабілетін қалпына келтіру. Мысалы, сіздің айлық табысыңыз 300 мың теңге, ал ай сайын төлейтін несиенің көлемі – 400 мың теңге. Оның сыртында күнделікті шығындарыңыз бар. Осындай жағдайда төлем қабілетін қалпына келтіруге қатысты сотқа жүгінуге болады. Арыз жазылады. Бұл ретте, клиенттің тұрақты табысы болуы тиіс. Үш айда шешім шығарылады. Мақұлданса, қарызын
5 жылға қайта бөліп, төлей алатындай деңгейге түсіріледі. Яғни, айлығынан қарызды төлеген соң да өмір сүруіне ақша қалатындай қалыпқа келтіріледі, — дейді заңгер.
З.Әділова банкроттыққа және төлем қабілетін қалпына келтіруге сотқа арыз берген соң клиентке қаржы басқарушысы тағайындалатынын атап өтті. Себебі, сот және оның жалғыз хатшысы бүкіл адамның қаржылық деректерін қарап шығуға қауқарсыз. Сөйтіп салық саласының бір маманы қаржы басқарушысы
ретінде тағайындалады. Оған клиент 85 мың теңге төлейтінін де ұмытпаған жөн.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.