Банкроттық берешектен құтқарды

Қаң 29, 2026
Closeup of businesswoman hands, working in office room

Елімізде бірер жыл бұрын азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге көңіл бөліне бастады. Арнайы заң арқылы несиесін төлеуге қауқары жоқ тұрғындарға банкроттық деп танылып, борыштан құтылудың мүмкіндігі ұсынылды. Облыста өткен жылы осындай мемлекеттің қолдауын көруге 6742 өтініш түскен. Олардың 694-іне оң шешім шығарылыпты.

Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов Өңірлік коммуникациялар қыз-метінде өткен жылды қорытындылаған брифингте мәлім етті. Нәтижесінде, аймағымызда жеті жүзге жуық азаматтың жалпы сомасы 1,1 млрд теңге берешегі банкрот деп танылған. Дегенмен, түскен өтініштердің тек 10 пайыздан астамы ғана қанағаттандырылған. Департамент басшысы оның өзіндік себебі барын атап өтті.

– Өтініштерді қанағаттандырудан бас тартудың негізгі себебі заңға сәйкес міндетті шарттардың орындалмауынан болып отыр. Мәселен, банкроттыққа өтініш берген азаматтың берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Сонымен қатар, оның атында мүлкі болмауы керек. Басты талап соңғы 12 айда бірде бір рет берешегі бойынша төлем жасалмауы қажет. Кейде автоматты түрде берешекті өтету де кедергі келтіреді. Нақтысы, сот орындаушылар несиелік берешекке қатысты мәжбүрлі түрде тұрғындардың есепшотынан азын-аулақ ақша ұстап қалса да, ол заң бойынша қарызын өтеді деп саналады, – дейді Ержан Қалымбекұлы.

Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, банкрот деп танылған азаматтар 5 жылға дейін несие алуға шектеледі. Банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайталап қолдана алады. Банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Жылды қорытқан департамент басшысы өткен жылы облыста кіріс көлемі едәуір өскенін мәлімдеді. Мемлекеттік бюджетке 849,6 млрд теңге түскен. Бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 133 млрд теңгеге өскен. Соның ішінде 422,9 млрд теңге республикалық бюджетке жіберілсе, қалғаны жергілікті қазынада қалған. Республикалық бюджетке аударылатын түсімдер 62,1 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде 22,9 млрд теңге кедендік төлемдер есебінен қалыптасыпты. Кеден демекші, облысымыздағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жолға қойылмақ. Әйтпесе, шекарадан өтетін жүк көліктеріндегі жүктің салмағы нақты мөлшерінен айтарлықтай төмен көрсету деректері кездеседі. Яғни, пысықайлар бекеттердің арнайы таразылармен жабдықталмауын өз пайдаларына жаратуға тырысады. Көліктік бақылау органдарымен бірлесіп, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Яғни, мұндай олқылықтар көліктерді тексеру барысында белгілі болып отыр. Артық салмақ анықталса, қосымша салық жазылуда. Сондықтан алдағы уақытта облыстағы Қосақ, Үрлітөбе, Найза бекеттері жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтылса, мұндай келеңсіздікге жол берілмейді деп күтілуде.

Құзырлы орган былтыр да облыста қосымша түсім қорларын іздестірген. Мәселен, мониторингте тұрған 15 ірі салық төлеушілерді әкімшілендіру шеңберінде бюджетке қосымша 1,2 млрд теңге кіріс түскен. Ал қосымша құн салығын, акцизді әкімшілендіру нәтижесінде 1 млрд теңгеге жуық қосымша қор түсімі қамтылған.

Биыл жаңа Салық кодексінің күшіне енді. Аталмыш құжаттың басты бағыттарын департамент мамандары былтыр түсіндірумен айналысқан. Биыл әлі де салық төлеушілерге кәсіби кеңес беруді жалғастыруда. Ол үшін «Халық бухгалтері» жобасы қолға алынған. Аудан-қалаларда арнайы кабинет ашылып, кеңес берілуде. Сондай-ақ, 1 наурызға дейін кәсіпкерлер салық режимін таңдауы тиіс. Ержан Тоқтархановтың айтуынша, облыста
40 мың салық төлеуші осындай таңдау жасауы қажет. Бүгінде олардың 10 мыңынан өтініш түскен. Құзырлы орган бұл таңдау өте оңай жасалатынын еске салды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.