Өкінішке қарай, несиенің түр-түрі кеңінен таралған қазіргі уақытта тұрғындардың басым бөлігінің қарыздық жүктемесі көп. Оны уақытылы төлей алмай жүрген азаматтар да аз емес. Берешекке белшесінен батқан сондай тұрғындар үшін былтырдан бері елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы жүйесі жұмыс істейді. Ол – бірреттік акция немесе амнистия емес. Бұл – қарызы қалта көтермейтін жағдайға дейін жеткен жандарға қолдау көрсету.
Павлодар қаласының Дастан есімді тұрғыны осыдан біраз уақыт бұрын банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жиі несие алып, соңында оларды қайтара алмай, әбден әбігерге түскен көрінеді. Салдарынан кейбір мекемелер қарызды сот арқылы қайтарып алуға кіріскен. Сөйтіп, ай бойы тынымсыз жұмыс істеген ақысының жартысын көрмей, бірден банкке беріп отырған. Сонда да жағдай жақсара қойған жоқ.
— Осыдан біраз уақыт бұрын қарыздың «қақпанына» оңбай түстім. Оған қалай топалаң етіп түскенімді өзім де аңғармай қалдым. Бастапқыда көлікке керек-жарақты алу үшін тұтынушылық несие алған едім. Бірнеше айдан соң жұмыста «қысқартуға» ұшырап, тұрақты табыстан қағылдым. Сондықтан банкке қайтарар ақшам болмады. Мерзімі өтіп кеткен кезде менеджерлер өзіме, туған-туысқа хабарласып, мазаны ала бастаған соң микроқаржы ұйымынан ақша алып, ай сайынғы төлемді жаптым. Сөйтсем, оның пайызы банктен де көп екен. Бұл аралықты жақсы жалақылы жұмыс та таппай қиналғаным бар. Ал қарызым көбейе берді. Оны төлеуге қауқарсыз болғаным соншалық, бір жылдай мүлде өтеген жоқпын. Өткен жылы банкроттық туралы заң жарияланған кезде қарыздан біржола құтылудың амалын іздеп, өтініш беріп көрдім. Өтінішім мақұлданып, 1 млн теңгеден астам несиенің ауыр жүгі арқамнан түсті. Бұл маған үлкен сабақ болды. Енді кез келген қарызды алар кезде алдын ала сараптап, есептеп, қалтамның мүмкіндігіне қарайлайтын болдым, — дейді ол.
Иә, жеке тұлғалар банкрот боп танылса, берешегінен біржола құтылатыны рас. Бірақ бұл – бұған дейін болған несиелік амнистия емес. Оның өзіндік салмағы, шектеулері бар. Банкрот деп тануға өтінішті де кез келген адам бере алмайды.
Жалпы, жекелеген борышкерлерді банкрот деп танудың бірнеше түрі бар. Олар – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы. Оның барлығы бойынша өтінішті қарыз алушының өзі береді. Бұл ретте қаржы ұйымдарының борышкерге қатысты процедураны бастауға құқығы жоқ.
Бірақ банкроттық түрлерінің әрқайсысының өз талап-шарттары бар. Айталық, соттан тыс банкроттық мәселесін мемлекеттік кірістер басқармасы қарайды. Банк алдындағы берешегі 5,5 млн теңгеден аспайтын және оны 12 айдан артық уақыт өтемеген адамдар соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл ретте оның мүлкі, жері және көлігі болмауы шарт.
Ал сот банкроттығы, аты айтып тұрғандай, сотта қаралады. Борышкер тұрғылықты жері бойынша сотқа барып, өтінішін бере алады. Мұндайда борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылып, қаржы менеджері тағайындалады. Егер жалғыз тұрғын үйі кепілдікте тұрса, кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Ал кепілдікте болмаса, мүліктік массаға енгізілмейді. Бұл процедура жарты жылдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.
Банкроттықтың тағы бір түрі — төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ол да сотта қаралады. Бұл жағдайда қарыз көлемі меншікті мүліктің құнынан аспауы керек. Мұндай кезде мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және тағы басқа шаралар қарастырылады. Оның бір ұтымды тұсы – өтініш берушінің мәселесі оң шешімін тапса, оған «банкрот» мәртебесі берілмейді әрі қаржылық мониторинг жүргізіліп, несие алуға шектеулер қойылмайды.
Ал алғашқы екі түрінің салдары болады. Атап айтқанда, сот және соттан тыс банкроттық танылса, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 5 жылға несие алуға тыйым салынады. Сол сияқты 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуға қатысты мониторинг жүргізіледі. Арада 7 жыл өткен соң ғана қайтадан банкроттыққа өтініш беруге болады.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің дерегінше, Заң күшіне енген уақыттан бастап өңір тұрғындары өзін соттан тыс банкроттық аясында қарызын қайтаруға қауқарсыз деп тануы үшін 3700-ден астам өтініш берді. Бүгінде оның 488-і бойынша оң шешім шығарылып, 700 млн теңгеден астам қарыз есептен шығарылды.
— Сонымен қатар, 2700-ден астам адамның өтініші шарттарға сай келген жоқ. Кейбірінің қарызды соңғы рет төлеген уақытынан бір жыл да өтпесе, енді бірінің меншігінде үйі, көлігі болып шықты. Борышкерлердің бірқатарында банк немесе микроқаржы ұйымдарының реттеуге қатысты оң шешім беруден бас тарту туралы құжаты болған жоқ. Осындай себептерге байланысты бұл өтініштер оң жауап алмады. Сол сияқты тағы 135 адам өз өтініштерін кері қайтарып алды, — деп хабарлады департамент өкілдері.
Банкрот болып танылған борышкерлердің ең көбі Павлодар және Екібастұз қалаларында тұрады. Облыс орталығының 215 тұрғынының қаржылық жүктемесі азайса, кеншілер шаһарының 182 адамының берешегі есептен шығарылды.
Еске сала кетейік, банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы несиесін бір жылдан астам уақыт бойы қайтара алмай жүрген жандар өзін банкрот деп тану үшін электрондық үкімет порталы немесе «e-Salyq Azamat» мобилді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА