Соңғы уақытта күнделікті тұрмыста қажетті әрі маңызды азық-түлік тауарларының бағасы тұрақталмай тұрғаны жасырын емес. Десе де, Үкімет осы мәселе бойынша бірқатар оңтайлы шешімдер қабылдап, жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы жоспардан тыс тексерулер жүргізу нәтижесінде бағаларды негізсіз көтеру фактілеріне байланысты 65 әкімшілік жаза қолдану туралы 59 қаулы шыға-рылды, оның ішінде 4 айыппұл және 55 ескерту бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев ағымдағы жылдың 1-інші жартыжылдығында сауда саласындағы Павлодар облысының 12 кәсіпкерлік субъектісіне профилактикалық бақылау жүргізілгенін жеткізді. Айтуынша, бақылау нәтижелері бойынша 6 сауда субъектісіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын төмендету бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.

— Мемлекеттік бақылау шаралары ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес жүргізіледі. Департамент азаматтардан растайтын фактілермен (чек, баға белгісінің фотосы, сауда объектісінің мекенжайы, БСН) өтініштер болған кезде жоспардан тыс тексерулер жүргізе алады. Осы бағытта Павлодар облысының 40 кәсіпкерлік субъектісі бойынша 2024 жылдың 2-нші жартыжылдығында профилактикалық бақылау жүргізілетін болады. Департамент 2024 жылдың өткен кезеңінде сауда саласында 95 кәсіпкерлік субъектісін (2 ірі, 1 орта, 92 шағын кәсіпкерлік субъектісі) әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын төмендету бойынша бұзушылықтарды жою туралы 65 ұйғарым берілді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектілерінің барлық ұйғарымдары орындалды, — деді ол.

Сонымен қатар, департамент басшысы сауда нарығын-дағы азаматтар кез келген тауардың бағасын көрсетпей өткізгені үшін, тауар құны сауда объектісінің ішкі және сыртқы сөрелерінде қойылған жапсырмамен сәйкес келмесе, әкімшілік жауакершілікке тартылатынын айтты. Жыл басынан бері мұндай 4 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Бүгінгі таңда облыс бойынша профилактикалық бақылаудан бөлек, «Сапалы өнім» жобасы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл жұмыс қоғам бірлестік-тері арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда өнімнің 22 түріндегі бұзушылықтар анықталды. Барлық кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер де сіз сауда нарығындағы осындай белгілі бір заң бұзушылықтарға тап болсаңыз, облыс орталығындағы генерал Дүйсенов көшесі, 9-үй, 3-қабат, 304-кабинетте орналасқан департамент мамандарына жүгіне аласыз. Сондай-ақ, арыз-шағым, өтініштерді Е-өтініш, Е-тұтынушы порталы, «kzpp_bot» телеграм арнасы арқылы жіберуге болады, — деді департамент басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.