«Кәсібі бардың нәсібі бар» деп бекер айтылмаса керек. Елімізде осы саланы дамытуға ерекше ден қойылған. Жеке ісін ашқан азаматтардың бүгінде ісі дөңгелеп, кәсіп аясы кеңейген. Жалпы, кәсіпкерлікті дамытудың ел экономикасына да, халық тұрмысына да оң әсер ететіні белгілі. Бүгінгі таңда біздің өңірде де мемлекеттік қолдауға ие болып, береке көзін тапқан кәсіпкерлер баршылық. Бұған Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры аясында тағы бір мәрте куә болдық.

Қолдаудың шарапаты мол

Өткен аптада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен қаладағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралаған едік. Мұндағы мақсат мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысу еді. Жалпы, аталған қор «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша көмек көрсетеді. 2023 жылдың он айында субсидиялау құралы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің кәсіпкерлерін қолдау бағыты бойынша жалпы кредит сомасы 27,7 млрд теңгеге 442 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде бағдарламаның 1 бағыты бойынша 1 436 млн теңгеге 148 жоба, 2 бағыт бойынша 23 431 млн теңгеге 287 жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2 781 млн теңгеге 7 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар, «Кепілдік беру» құралы бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы сомасы 16 млрд теңгеге 329 жобасына қолдау көрсетілді. Оның ішінде 1 бағыт бойынша 1484 млн теңге сомасына 152 жоба, 2 бағыт бойынша 13 418 млн теңгеге 175 жоба, электронды үкімет шлюзі бойынша 1 145 млн теңге сомасына 2 жобаға кепілдік берілді.

«Ас атасы» — ата кәсіп

Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар қаншама! Солардың бірі – наубайхана өндірісін жолға қойған «Нарва» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш кәсіпорын жұмысымен Өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Даму» қоры ұйымдастырған баспасөз туры аясында танысқан болатынбыз. Тәулігіне 10-15 мың бөлке нан пісіретін наубайхана «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қорына жүгініп, мемелекеттік бағдарламалар аясында 75 миллион теңге несие алады. Ол қаражатқа кәсіпкер Түркия елінде жасалған озық үлгідегі қондырғыларды сатып алған.

— Бүгінгі таңда кәсіпорнымыз кеңейіп, бізге сапалы нан өнімдерін шығаруға мүмкіндік ашылды. Биыл «Даму» қорына жүгініп, мемлекеттік қолдаудың шарапатына ие болдық. Анықтап айтқанда, кондитерлік және нан пісіру өнімдерін өндіру бойынша өндірісті реконструкциялауға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 75 млн теңге көлемінде кредит алдық. Несие бойынша мөлшерлеме 21,75 пайызды құрады. Қор көмегімен мен оның тек 8 пайызын ғана төлеймін, қалған 13,75 пайызы субсидияланады. Сондай-ақ, «Даму» қорының қолдауымен несие бойынша 20 пайыздық кепілдік берілді. Бұл — үлкен көмек, — дейді кәсіпорын басшысы Кирилл Нарва. Сонымен қатар, наубайхананың бас директоры болашақта өнім түрлерін көбейтіп, қала тұрғындарын тәтті тоқаштармен тәнті етпек. Оның айтуынша, сапалы әрі дәмді пісірілген нан үнемі үлкен сұранысқа ие. Себебі нан — әр адам күн сайын тұтынатын қажетті және пайдалы өнім.

– Наубайхана жұмысы біздің әулетке алыс емес. Отбасылық бизнес десек те болады. Ата-анамның 2003 жылы бастаған ісін бүгінде мен жалғастырудамын. Жиырма жылдай үздіксіз істеп тұрған наубайхананы кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Атап айтсақ, наубайхана айналмалы пештермен, қамыр илегіш, бөлгіш және дөңгелектеуіш жабдықтармен толықты. Техниканың бәрі Түркия елінде жасалған. Бүгінгі таңда біздің наубайханада жалпы саны 18 жұмыскер қызмет етеді. Олар үш ауысыммен жұмыс істейді. Өзім де керек кезде жұмысқа қосылуға әрдайым дайынмын. Керек кезде нан пісіріп, қамыр әзірлей аламын. Өндіріс орнында тәулігіне 10-15 мың бөлке нан шығарылады. Сондай-ақ, біз бөлке наннан бөлек, «ас атасының» бірнеше түрлерін дайындап, пісіреміз. Оның ішінде батон, «Чемпояш» пішінді нан, каравай, піспенан, тоқаш пен багет бар. Дайын өнімдер облыс орталығындағы дүкендердің сөрелеріне жөнелтіледі, – деді Кирилл Нарва.

Кішкентай адамдардың үлкен әлемі

Қордың қолдауына ие болған кәсіпкердің бірі – Татьяна Кейл. Павлодарлық кәсіпкер келіншек декреттік демалысқа шыққан соң киім-кешек тігуді қолға алған. Осылайша ол алты жыл бойы жүкті әйелдерге арналған киімнен бастап, 4-5 жасқа дейінгі балалар киімін тігіп келеді. Сондай-ақ, кәсіпкер бесікке арналған бамперлер, перзентханадан шығаруға арналған бала конверттерін, комбинезондар, кокондар мен арнайы жүкті әйелдерге арналған жастықтар жасаумен айналысады. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Baby mall pvl»
шағын тігін фабрикасы қазір балаларға арналған сырт киімнің 20 үлгісін шығарады. Сондай-ақ, кәсіпорын 2022 жылы Астана қаласында өткен «Ulttyq ónim» көрмесіне қатысып, елордалық тұрғындардың ыстық ықыласына ие болған. Ал биылғы жылдың қараша айында «Baby mall pvl» ЖК Баку қаласында өткен көрмеге қатысты. Онда кәсіпкер жаңа туған нәресте мен 4-5 жастағы балаларға арналған киімдердің жаңа үлгісін көрсетті.

— Балаларға киім тігудің өзі бір ғанибет. Алдымен дизайнерлермен киім үлгісін таңдаймыз, кейін технологтар мен тігіншілер іске кіріседі. Бұл жұмыста әр адамның еңбегі маңызды. Біздің жұмыс ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Өндірісте қолдарына ине-жіп ұстаған екі бірдей кәсіби тігіншіміз бар. Олар әрқашан матаның сапасына жіті көңіл бөліп, киімдердің ыңғайлы әрі әдемі болуы үшін күні-түні еңбектенуге әзір. Ең танымал өнімдердің бірі — жүкті әйелдерге арналған жастықтар, біз оны холофибермен толтырамыз. Сондай-ақ, төсекке арналған жұмсақ бамперлер де үлкен сұранысқа ие, — дейді Татьяна Кейл. Кәсіпкер «кішкентай адамдардың» үлкен әлемін кеңейтіп, бастаған ісін ілгерілету үшін «Даму» қорына үш рет жүгінген. 2018 жылы оған 6 пайыздық үстемемен 1 миллион теңгеден астам несие берілген. Бұл ақшаға Татьяна Кейл өніріске қажет құрал- жабдықтар мен маталар сатып алып, айналым қаражатын толықтырды. Үш жылдан кейін кәсіпкер келіншек тағы да үш миллион теңгеге несие алған. Ал 2022 жылы Қор көмегімен екінші деңгейлі банк тігінші кәсіпкерге бес миллион теңге несие мақұлдады. Сондай-ақ, «Даму» қорының сомасынан 85 пайыз көлемінде кепілдік алды.

Жеке кәсіп ашып, еңбек еткеннің нәтижесі болатыны анық. Ал шынайы қолдауды қажет ететін кәсіпті «Даму» қоры демейді.

А.МҰҚЫШЕВ.