Бизнесті ынталандыру керек

Ақп 27, 2025

Елімізде жыл басынан бері қосымша құн салығы бойынша талқылаулар жалғасып жатыр. Бұған дейін Үкіметтің жасаған ұсынысынан кейін жұрт арасында көп әңгіме туып, оған Президент өзі араласып, өз пікірін білдірген болатын. Одан кейін кейбір бизнес саласына сараланған, жеңілдетілген салық салу және кейбір салаларды одан босату туралы ұсыныстар айтылғанымен, Үкімет нақты мөлшерді әлі бекіткен жоқ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да тиімді ұсыныстарды алға тартуда.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болса, пәтер бағасы қалай өзгеретінін айтты.

— Инфрақұрылым алымы туралы мәселе әлі талқыланып жатыр. Нақты шешім жоқ. Бірақ менің көзқарасым бойынша, ҚҚС салу дұрыс. Неге олай екенін түсіндірейін. Қараңыз, 2023 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 135 трлн теңге болды. Оның ішінде көлеңкелі экономика деңгейі 17,5 пайыз деп айтылды. Сонда көлеңкелі экономиканың көлемі ақшаға шаққанда 20 трлн теңге деген сөз. Енді осының құрылымын қарасақ, ең үлкен көлемдер бірінші кезекте көтерме және бөлшек саудада кездеседі. Екінші орында ауыл шаруашылығы, үшінші құрылыс, төртінші денсаулық сақтау және бесінші білім беру саласы, — деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол құрылыс саласы неге назарға ілініп отырғанына жеке тоқталды.

— Қазір тұрғын үй салушылар пәтерді сатқанда ҚҚС төлемейді. Ол құрылыс материалдарын өзгелерден сатып алады. Соның бәрі ҚҚС-тан босатылған. Сәйкесінше сатылған пәтерге де ҚҚС салынбайды. Оның бәрі көлеңкеде деген сөз. Енді тұрғын үй салушы материал сатып алған тізбегін қосылған құн салығына енгізбесе, айналымына байланысты 16% ҚҚС төлеуі керек болады. Есептер жасалды. Инфляция 3 пайыз төңірегінде өседі деп айттық. Баға сөзсіз өседі. Яғни, пәтер бағасы да осы инфляция деңгейінде, 3-4%-ға өсуі мүмкін. Қазір ҚҚС жоқ болса да пәтер бағасы өсіп жатыр, — деді Азамат Әмрин.

Аталған кездесулерде ҚҚС 16% болса, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төлеу өзгеріссіз қалатыны айтылған болатын.ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуін Үкімет бюджетке кірістің көбеюімен түсіндіретіні белгілі. Бірақ нәтиже күткендегідей болмауы мүмкін. Атап айтқанда, ҚҚС-ты көтеруден түсетін кіріс болжанып отырғандай 4,5 трлн теңге емес, 3 трлн теңге ғана болуы мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов айтты.

Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП-ның сарапшылары қосылған құн салығын өзгертуден бюджетке түсетін қосымша кірісті өз бетімен есептеп көрген. Ол үшін мемлекеттік органдар қажетті деректердің базасын ашып берген.

— Бізге ҚҚС-ты өзгертуден 4,5 трлн теңге қосымша кіріс түседі деген Үкіметтің болжамы орындала ма, осы маңызды. Біз мемлекеттің деректер базасынан электронды шот-фактуралардың деректерін, ҚҚС жөніндегі, арнайы салық режиміндегілер туралы деректерді алып, соның негізінде ұлттық кәсіпкерлер палатасының өз есебін жасадық. Біздің шағын және орта бизнестің айналымы 15 млн теңгеден басталып, 80 млн теңгеге дейін барады. ҚҚС алынатын кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың ең төменгі айналым шегін 15 млн теңгеге түсірдік дейік. Сонда осы санаттағы ҚҚС төлеушілерден (мөлшерлемені 12 пайыздан 16 пайызға көтергенде) келетін кіріс 250-300 млрд теңге ғана. Енді қазір де ҚҚС төлеп жүргендерге келейік. Олардың бір бөлігі көлеңкелі экономикаға кететінін есептемегеннің өзінде алынатын салықтың өсімі 2,8-3 трлн теңге болады. Сонда біздің алдын ала есебіміз бойынша ҚҚС-ты өзгертуден түсетін кіріс Үкімет өкілдері айтып жүргендей 4,5 трлн теңге емес, 3 трлн теңгеден сәл ғана асуы мүмкін, — деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, ол елдегі ірі бизнес өкілдері мемлекеттің энергетика мен инфрақұрылымды дамытуға бағыт-талған жобаларына жеке қаражатын инвестициялауға дайын екенін айтты. Бұл істе кәсіпкерлерді алаңдататын жалғыз мәселе бар көрінеді. Ол — ойын ережесінің ашық әрі жария болуы.

— Мемлекет басшысымен ірі бизнес өкілдері соңғы рет кездескенде кәсіпкерлер ойындағысын айтты. «Біз жеке капиталымызды инженерлік инфрақұрылымға, жалпы инфрақұрылымға салуға дайынбыз. Ол жерде теміржол инфрақұрылымы туралы әңгіме болды. Кейбір әріптестерім энергетикаға инвестиция салуға дайын екенін айтты. Мемлекет пен квазимемле-кеттік сектор ақша жұмсап жатқан салаларға бизнестің инвестиция салуын ынталандыру маңызды деп ойлаймын. Бұл жаққа екінші деңгейлі банктердің де ақшасын тартуға болады. Бірақ бәрі жария түрде болу керек. Біз қазір инфрақұрылым мен энергетика саласын дамытудың ұлттық бағдарламасын бастағалы отырмыз. Бұл жерде тағы ақшаның тиімді жұмсалуы дейтін мәселе бар. Ақшаның алғашқы толқыны БЖЗҚ мен Ұлттық қордан алынатын шығар. Ол дұрыс та шығар. Бірақ өткен қателіктерді қайталамауымыз керек. Үлкен жобалардың арқасында жұмсаған шығындардан бірнеше есе тиімділік көруіміз қажет. Ішкі құндылықтар үлесі, қазақстандық мазмұн деген талаптарды алып тастау маңызды, — деді «Атамекен» ҰКП басшысы.

ҚҚС тақырыбы өзекті болғандықтан еліміздің БАҚ өкілдері көршілес өзге де мемлекеттердің тәжірибесіне зер салуда. Мәселен, бүгінде киім тігу секілді жеңіл өнеркәсібімен ТМД елдері арасында алға озып шыққан Қырғызстан енді зергерлерін ҚҚС-тан босатқан. Зергерлер бұдан былай сатып алатын шикізат үшін қосылған құн салығын төлемейді. Шенеуніктердің сөзінше, бұл  сол саланы алға өсуге ынталандыру болып табылады. Әдетте, шикізаттар сырттан сатып алынады. Импорттық шикізатқа тәуелді өндірушілер үнемі доллардың қымбаттауы, тағы басқа сыртқы қатерлерге ұшырап жатады.

ҚР Мемлекеттік салық қызметінің деректеріне сәйкес, қырғызстандық зергерлер бұдан былай елге әкелінетін және зергерлік бұйымдарды жасау үшін пайдаланылатын құрамында металл бар кендерге, концентраттарға, қорытпаларға және тазартылған металдарға ҚҚС төлеудің қажеті жоқ. Бұл ретте салық салу саласындағы Қырғызстанның кейбір заңнамалық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілді.

ҚР Мемлекеттік салық қызметінің төрағасы Алмамбет Шықмаматовтың сөзінше, шикізат импортына ҚҚС-ты алып тастау зергерлік саланың дамуын ынталандырады.

— Кез келген ынталандыру — бұл бизнесті дамыту, бизнесті дамыту — бұл пайданың өсуі, көлеңкелі сектордың азаюы. Өйткені қара нарықта шикізат сатып алудың, жұмыс орындарының ұлғаюының мәні жоқ. Нәтижесінде қазынаға түсетін салық көбейеді. Шикізат импортына ҚҚС-ты алып тастау оны сатып алу шығындарын автоматты түрде азайтады және кәсіпкерлерге қаражатты басқа қажеттіліктерге қайта қарастыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді ол.

Мемлекеттік салық қызметі атап өткендей, зергерлер үшін ҚҚС-ты алып тастау жергілікті зергерлік бұйымдардың өзіндік құнының төмендеуіне әсер етуі керек. Сонымен қатар, көлеңкелі экономика деңгейі төмендейді. Ал шикізат шығындарының азаюы отандық өндірушілердің қаржылық жағдайын жақсартады, олардың кірісін арттырады. Бұдан бөлек өндірісті кеңейтуге, өнім сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге ынталандырады.

Осыған дейін Қырғызстан билігі бизнесті тексеруге қойылған шектеуді алып тастағаны белгілі болды.

Бүгінде Қазақстан билігі салықтық жаңашылдықтарды қайта талқылау үстінде. Әрине, бұл ретте тек бюджеттің бүйірін қампайту мәселесін ғана біржақты ойлау дұрыс емес. Бизнестің тынысын тарылтып, белін майыстыру ертеңгі мемлекеттің кірісіне де теріс әсер етеді. Яғни, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтындай» жаңаша тәсіл табылуы керек.

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.