Павлодар мұнай-химия зауыты — еліміздегі іргелі өндіріс орындарының бірі. Мұнда осыдан тура 45 жыл бұрын алғаш рет шикі мұнай өңделіп,
жанармай алынды. Сол уақыттан бері жергілікті кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп келеді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Облыс орталығындағы мұнай өңдеу орны 1978 жылы іске қосылды. Дәл сол жылы 2 қыркүйекте ол облыстың жұмыс істеп тұрған кәсіпо-рындарының құрамына енгізілді. Кейін алғашқы бір тонна мұнай өңделді. Бұл — құрылысшылардың, мұнай өңдеушілердің және мамандардың ортақ жетістігі. Осы орайда зауыттың 45 жыл-дық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Алдымен Энергетика министрлігі, бейінді ведомстволар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясының өкілдері, ПМХЗ серіктестері мен кәсіпорын ардагерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, мұнай өңдеушілер аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, меймандарға кәсіпорындағы тың жобалар таныстырылды. Павлодар мұнай-химия зауыты мерейтойлық жылда жаңа жобларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында сұйытылған көмірсутекті газдарды тазарту қондырғысының құрылысы, парафинсіздендіру блогін біріктіру-
мен дизель отынын гидротазарту қондырғысын қайта жаңарту, сутек өндіру қондырғысының құрылысы, мұнайды терең өңдеу өндірісін қайта жаңарту және тағы басқалары бар. Жобалар өнімнің сапасын жақсартуға, жеңіл мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайтуға, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға, сұранысқа ие қысқы дизель отынын алуға бағытталған. Кейін мерекелік шара Естай атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Салтанатты жиынға аймақ басшысы Асайын Байханов қатысты.
— Павлодар мұнай-химия зауыты — Ертіс өңірінің бренді ғана емес, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын жұмыс істейтін 2000-ға жуық қызметкер. Кәсіпорын жалпы ел бойынша бензин өндірісінің 30 пайыздан астамын және өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 25 пайызын қамтамасыз етеді, — деп атап өтті аймақ басшысы. Асайын Байханов зауыт ұжымына мұнай-газ саласын дамытуға қосып жатқан үлестері үшін алғысын білдіріп, ерекше көзге түскен қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Өндіріс үздіктерін марапаттау рәсімі отандық эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталды.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.