Осыдан төрт жыл бұрын елімізде зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен асатын соманы тұрғын үй жағдайын жақсарту мен кейбір медициналық қызметтер ақысын төлеуге пайдалану жүйесі іске қосылды. Сол уақыттан бері шоттағы артық тиын-тебені бар азаматтар зейнетақы аударымдарын ипотекалық несиені өтеуге, баспана сатып алу кезінде бастапқы жарна ретінде пайдалануға, ем-дом шараларына жұмсауға бағыттады. Енді бұл жүйеге көпшіліктің көңіліне жағатын жаңашылдық енгізілді.
Жағдайды жақсартты
2021 жылдың қаңтарында елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа жүйе – бірреттік зейнетақы төлемін жасау тетігі іске қосылды. Бұл өз кезегінде миллиондаған қазақстандыққа үй алып, несиесін жауып, денсаулығын реттеп алуға мүмкіндік берді. Сондай оңтайлы тұсты пайдаланған тұрғындардың бірі – павлодарлық Айжан Смағұлова. Ол осы уақытқа дейін 2 миллион теңгеге жуық қаржыны зейнетақы шотынан алып, мақсатты түрде жұмсапты.
— Мен студенттік кезден бері ресми түрде жұмыс істеп келемін. Сол себепті зейнетақы жүйесінде 20 жылдық тәжірибем бар. Осы уақыт көлемінде ай сайын жалақымның 10 пайызы шотқа аударылып отыр. Бағдарлама басталған жылы шотымда 1 млн теңгеге жуық артық ақша болды. Оның көмегімен ипотекалық несиемді толығымен өтедім. Кейін бір бөлмелі бұл пәтерді сатып, екі бөлмелі үй алдым. Сол тұста жас ерекшелігіне байланысты белгіленген жеткілікті шек деңгейі шамамен екі есе өсіп кетті. «Қап!» деп сан соғып қалған жайым бар. Себебі әу баста зейнетақы шотында артық ақша болса бастапқы жарнаға қосармын деп ойлаған едім. Олай болмады. Бірақ екінші жұмысқа орналасып, ол жерден де зейнетақы жарнасы аударылып, жеткілікті шектен асатын тағы біраз сома жиналды. Оны әр үш-төрт ай сайын «Отбасы банк» арқылы алған ипотеканы ішінара жұмсауға пайдаланып келемін. Соның есебінен ай сайынғы төлемім айтарлықтай азайды. Бұрындары айына 94 мың теңге төлесем, қазір 40 мың теңге өтеймін. Ипотекалық несие үшін бұл – өте аз сома. Қазіргі уақытта екі бөлмелі пәтерді жалдаудың өзі кемінде 150-160 мың теңге тұрады. Сондықтан бірреттік зейнетақы төлемінің игілігін көріп келемін деп ауыз толтырып айта аламын, — дейді ол.
Осындай игілікті пайдаланған жандардың тағы бірі – Жұлдыз Асылбекқызы. Ол зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен асатын соманы көру қабілетін жақсартуға жұмсады.
— Оқушы кезімнен көзімнің көру қабілеті нашар. Мектеп кезінде үзбей көзілдірік тақтым. Кейін студенттік уақытта оны линзамен алмастырдым. Лазерлік түзету арқылы офтальмологиялық ота жасатуды көптен бері ойлап жүр едім. Бірақ оған қаржылық мүмкіндік болмады. Өзім таяуда ғана қолыма диплом алғандықтан зейнетақы шотымда да бұл мақсатқа пайдалана қояр қаржы жоқ. Ақпарат құралдарынан ата-аналары балаларына зейнетақы шотындағы артық ақшасын аудара алатынын білген соң анам мен әкемнің жинақ қаржысын пайдалануға бел будым. Сөйтіп, олардың көмегімен көзіме көптен армандаған отаны жасаттым. Қазір көзілдіріктің де, линзаның да қажеті жоқ, — дейді ол.
Иә, шынымен бірреттік зейнетақы төлемі талай адамның көкейдегі арман-мақсатының орындалуына әсер етті. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, бүгінде біздің облыс бойынша 34 475 адам зейнетақы шотындағы қаржысын баспана жағдайын жақсартуға жұмсады. Оларға барлығы 103 713 млн теңге аударылды. Сол сияқты 17 905 өңір тұрғыны бірреттік төлемді медициналық қызметтерді өтеу мақсатында пайдаланды. Бұл бағытта барлығы 27 106 млн теңге төленді.
Енді салық болмайды
Жоғарыда атап өткеніміздей, жеткілікті шектен асатын соманың көмегі көп. Дей тұрғанмен, «әттеген-ай» дейтін тұсы да бар. Қазіргі уақытта зейнетақы шотындағы артық ақшаны алатын кезде оның 10 пайызын жеке табыс салығы ретінде төлеу керек. Дәлірек айтқанда, салық сомасын қазір немесе зейнетке шыққан соң ұстап қалуға қатысты таңдау беріледі. Әркім әрқалай таңдау жасайды. Онсыз да шешіп алатын сомасы аз болса, салық төлеуді құрметті демалысқа шыққанға дейінгі мерзімге шегереді. Енді бірі мемлекетке берешек болуды қаламай, бірден төлеу тетігін таңдайды. Бұған дейін мұндай әдіс кей тұрғындар тарапынан наразылық тудырған еді.
— Жинақ қаржыны аударған кезде-ақ жалақымыздан салық ұсталады емес пе? Онсыз да аз ақшаны бір «жыртықты» жамауға жұмсайық десек, қайтадан қалтамыздан жырып беру керек боп тұрады. Меніңше, бұл дұрыс емес, — дейді павлодарлық Рүстем Аманов.
Аталмыш мәселені Мәжіліс депутаттары да бірнеше рет көтерген болатын. Кейін Салық Кодексінің жаңа жобасы түзілген тұста осы жайтты алға тартып, тұрғындарға тиімді жолды енгізуді ұсынған еді.
— Бірреттік зейнетақы төлемін алар кезде салықтың салынуы дұрыс емес. Бұл салымшыға қосымша қаржылық жүктеме салады. Сондықтан салықтың мұндай түрін алып тастауды шештік. Енді тұрғындар жеткілікті шектен асатын соманы қандай да бір қосымша төлемсіз ала алады, — деп атап өтті депутат Асхат Аймағамбетов.
Аталмыш өзгеріс келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бірреттік зейнетақы төлемін қандай мақсатта пайдалансаңыз да салық ұсталмайды. Қазіргідей салықты қазір төлегендегі немесе кейінге шегергендегі қолжетімді соманы таңдауға қатысты тетік те болмайды. Тек жеткілікті шектен асатын қаржы көлемі көрсетіледі.
Ал қаражатты жаңа жылға дейін жұмсауды қаласаңыз, бұрынғы 10 пайыз көлеміндегі салық ескеріледі. Бұған дейін төленген салық қайтарылмайды. Ал бірреттік зейнетақыны төлеп, салықты өтеуді зейнеткерлік уақытқа дейін шегерген азаматтар салықтан босатылады.
Еске сала кетейік, әр жасқа сәйкес жеткілікті шек белгіленген. Сол шектен асатын соманың бар-жоғын www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен көруге болады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.