Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын ел билігі азаматтарды алаяқтардан қорғау үшін несие ресімдеуге шектеу қою тетігін қосқан еді. Яғи, кез келген адамға электрондық үкімет порталы арқылы өз атына несие алуға тыйым сала алатын мүмкіндік берілді. Енді бұл функцияны қоңырау шалып-ақ пайдалануға болады.
Қазақстандықтар eGov арқылы өз атына несие ресімдеуден бас тарта алады. Бұл — өзгелердің атынан заңсыз несие алуға тырысатын алаяқтардың жолын кесуге арналған қадам. Несиеден ерікті түрде бас тарту туралы өтінішті азаматтың өзі ғана толтыра алады. Соған сәйкес, қарыз алу тетігі жарты жыл аралығында қолжетімсіз болады. Яғни, осы аралықта мүлде несие ала алмайды. Бұл мерзім аяқталған соң шектеу автоматты түрде алынады. Бұл қызмет eGov mobile қосымшасының басты бетіндегі «Танымал қызметтер» бөлімінде қолже-тімді. Сондай-ақ, eGov.kz порталының «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» — «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» батырмаларын басу арқылы онлайн түрде өтініш жолдауға мүмкіндік бар.
Дегенмен, мұндай функцияларды орындау алаяқтарға жиі алданатын қарттарға, интернет сапасы нашар ауылдарда тұратын азаматтарға қиын. Сондықтан тағы бір жаңа қызмет түрі пайда болды. 1414 нөміріне қоңырау шалып, қызмет көрсету тілін таңдап, «Несиеге тыйым салу» деп айтқан азамат та жарты жылға несие алуға шектеу қоя алады. Ол дыбыстық сигналдан соң ЖСН енгізіп, SMS-код арқылы әрекетті растаса болғаны.
Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, қажет болған жағдайда несие алуға салынған тыйымды телефон арқылы алып тастауға да болады. Бұл сервис смартфондарды пайдаланбайтын, интернетке қолжетімділігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы болмақ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.