Елімізде жыл сайын әлеуметтік осал топтарды қолдауға баса мән берілуде. Бүгінде олардың жан-жақты дамуы үшін кәсіпкерлік гранттар қарастырылған. Арнайы гранттың өзге бағдарламардан артықшылығы неде? Оны қалай алуға болады? Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Нұрлан Бегежановтан сұраған едік.
— Нұрлан Максимұлы, аталмыш гранттың тиімділігі қандай?
— Кәсіпкерлікті қолдау мақса-тында халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК (1 572 800 теңге) дейін грант беру көзделген. Ол әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар және мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылған жандарға беріледі. Аталмыш грантқа үміткер өтініш бергенге дейін жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде (тіркеу мерзімі үш жылдан аспайтын) тіркелсе, бағдарламаға қатыса алады. Берілетін қаражат кәсіпке қажетті еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, малдар, құстар, тұқымдар мен көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалдау ақысын төлеу үшін пайдаланылады.
— Грантты алуда іріктеу жолы мен қажетті құжаттар жайлы айтып кетсеңіз…
— Қатысушының «Бастау» жобасы бойынша білімін толықтырғаны жайлы электрондық сертификаты болуы тиіс. Үміткерлердің өтініші мен бизнес-жобасы арнайы комиссияның іріктеуінен өтеді. Олар жобаларды бағалап, бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының әрі қарастырылуы, бизнес-жобаның қаржылық тұрақтылығы, кәсіпкерлік дағдылар деңгейі мен жаңа жұмыс орындарын құру сынды бес негізгі критерий бойынша бағалайды.
— Қатысушылар қайтарымсыз қаржыны қандай салаларды дамытуға жұмсай алады?
— Аталмыш мемлекеттік гранттар 2018 жылдан бастап беріліп келеді. Осы уақыт аралығында 8,4 мыңнан астам адам гранттың көмегімен жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырып, кәсіптерін дамытты. Соңғы үш жылдағы деректерге сүйенетін болсақ, грант көбіне технологиялық жабдық, мал шаруашылығы, еңбек құралдары, үй-жайды жалға алу, құс, тұқымдар мен көшеттерді алуға бағытталған.
— Оның өзге бағдарлама-лардан басым тұсы қандай?
— Өтеусіз гранттарды алған болашақ кәсіпкер берілген қаражатты қайтармайды, яғни өзге гранттармен салыстырғанда оңтайлы тұсы осы. Ол стартаптарды қолдауға бағытталған әрі кепіл беруді қажет етпейді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.