Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының аймақтық филиалы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірқатар кәсіпорынға баспасөз турын ұйымдастырды. Шара барысында журналистер жаңа өндіріс орындарын ашқан және қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтып отырған кәсіпкерлермен кездесті.
«Даму» қорының Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур аясында өңірдегі БАҚ өкілдері аймақтық филиал тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған бірқатар кәсіпорынды аралап, өңірде өндірістің өркендеп, өсіп келе жатқанын көрді. Пресс-тур аясында «Павлодар облысындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, онда өңірлік филиал директоры Рустам Касимов журналистер қауымына «Даму» қорының атқарған жұмысын, жеткен нәтижесін айтып берді.
— Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап облыста 407,4 млрд теңге сомасына жергілікті кәсіп-керлердің 4 795 жобасы субсидияланды. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің 2 953 жобасы «Даму» қорынан 102 млрд теңгелік кепілдік алған. Мұндағы жалпы несие сомасы 44,6 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылы кәсіпкерлердің 27,7 млрд теңге несие сомасына 442 жобасы субсидияланып, 329 жобасы «Даму» қорынан 16 млрд теңгелік кепілдік алды. Жалпы несие сомасы 8,2 млрд теңгені құрады. Негізгі қолдау құралдары – пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, несиелерді ішінара кепілдендіру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікті қаржыландыру. Мемлекеттік қолдауға ұмтылатын кәсіпкерлік түрлерінің ішінде өндіріс, көлік және қойма шаруашылығы, сондай-ақ, сауда және делдалдық қызмет басым, — деді филиал басшысы. Баспасөз туры аясында журналистер «Даму» қорының бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлердің бизнес-кейстерімен танысып, жеңіл несие алу, несиені субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, несиеге кепілдік алу мүмкіндігі қалай пайдаланғанын естіді. Сондай-ақ, еліміздегі бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер жайлы біліп, бірнеше кәсіпорындарды аралап шықты. Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, «жақсыны – көрмекке» демекші, осы шара барысында көптеген кәсіпорындардың аталған қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Солардың бірі – «Диана Дерепаско оңалту орталығы» компаниясының басшысы Диана Дерепаско. Ол 2009 жылдан бастап остеопат мамандығы бойынша жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп, науқастарды жалдамалы үй-жайда қабылдап келген. Ал 2021 жылы жинақталған қаражатқа ол өзінің оңалту орталығын ашқан. Кәсіпкер Павлодар қаласы, Академик Бектұров көшесі, 139/1 үй мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі бар 3 қабатты ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша медициналық құрал-жабдықтар сатып алды. Оның айтуынша, несие жүктемесін азайту үшін «Даму» қорына жүгініп, несиелік жеңілдікке қол жеткізген.
— «ДАМУ» қорының қолдауымен 5 жыл бойына жылына небәрі 6 пайызбен 60 миллион теңге алдым. Бұл қаражат маған қымбат медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік берді. Болашақта оңалту орталығын одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Алдымен науқас балалар мен жасөспірімдерге арналған қызметтерді кеңейтуді көздедік. Жалпы, менің медициналық білімім бар. Сонымен қатар, остеопатия курстарынан өтіп, қазір Санкт-Петербург қаласында біліктілікті арттыру курсынан өтудемін. Оңалту орталығын ашу туралы ой өзімнің балаларымның басынан өткен жағдаймен байланысты. Бірде 13 жасар ұлым біліксіз дәрігердің құрбаны болып, мойын тамырына зақым алды. Салдарынан балам ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде жатты. 2004 жылы қызым дүниеге келді. Оған церебральды сал ауруы диагнозы қойылды. Мен осының бәріне мойымай оларды өзім емдеп шығып, аяққа тұрғыздым. Яғни, мен оңалтуды өз балаларымнан бастадым, — дейді кәсіпкер. Қазір оңалту орталығында психикалық дамуы тежелген, сөйлеу тілі дамымаған, церебральды сал ауруы, аутизм және Ретт синдромы бар балалар кешенді ем қабылдауда. Үш қабатты ғимаратта ыстық ванналар, бассейн, тұз бөлмелері, сенсорлық және нейромоторлық бөлмелер бар. Орталықта хиропротолог, остеопат, массажист, психолог, логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Процедура күні мұнда елуге жуық бала ем қабылдайды. «Даму» қорының қолдауын сезінген келесі кәсіпкеріміздің аты-жөні — Айгүл Омарова. Бүгінгі таңда «Омарова А.М.» ЖК-нің басшысы «Лидер плюс» білім беру-демалыс орталығын ашып, оқыған мамандығы бойынша өз кәсібін жалғастыруда. Пресс-тур барысында журналистер мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен «шағын мектеп» ашқан ұстаз-кәсіпкердің қызмет барысымен танысты. Оның айтуынша, аталмыш орталықтың құрылысы үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидия-
лау түрінде қордың қолдауына ие болды. Нәтижесінде кәсіпкер 21,5 пайыздық мөлшерлемемен 8 жылға 260 миллион теңгеге несие алған. Оның 13,75 пайызы —
мемлекеттік субсидия.
— 2014 жылы жеке кәсіпкер ретінде шағын қызметімді бастадым. Бірте-бірте кеңейдім. Жеке кәсібімді дөңгелетіп, орталық ашуыма «ДАМУ» қоры айтарлықтай қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Осы көмектің арқасында 600 шаршы метрден астам жылжымайтын мүлік сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Тұрмыстық техника, мектеп оқушыларына қажетті құрал-жабдықтар да толықтырылды. Нәтижесінде осындай кең, жарық әрі ыңғайлы оқу орталығы ашылды. Жалпы, бұл орталық 6 филиалдан тұрады. Оның ішінде Павлодарда 4 филиал, Ақсуда 1 филиал және Астанада 1 филиал орналасқан. Мұнда үшінші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары білім алады. Орталықта мектеп оқушыларын НЗМ, «Жас дарынға» оқуға түсуге, университеттерге түсу үшін ҰБТ тапсыруға, сондай-ақ, басқа да түрлі білім беру бағдарламаларына дайындайды. Оқытуды Павлодар қаласының жетекші оқытушылары жүргізеді. Орталықтың барлық филиалдарында 120 қызметкер жұмыс істейді, — деді А.Омарова. Оқу орталығы барлық талаптарға сай жабдықталған. Шағын білім беру ошағының даму стратегиясына сәйкес ауқымы кеңейіп, бүгінде мұнда оқитын балалар заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Сондай-ақ, Айгүл Омарованың айтуынша, қазір оқушылармен жеке онлайн оқыту үрдісі жанданып, жалғасын таппақ. Бұдан басқа, кәсіпкер болашақта бүкіл Қазақстан бойынша мұндай оқу орталығын ашу жоспары бар екенін айтты. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қолдауға ие болып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған келесі кейіпкеріміз – кондитер. Иә, кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, үлкен сұранысқа ие. Қазір көптеген мейрамхана мен кафелер дәл осы кондитерлердің көмегіне жүгінеді. Себебі тәтті тағамдарды пісірумен қатар, оны безендірудің өзі – бір өнер. Осындай өнерлі жанның бірі, тәтті тағамдарын кәсіпке айналдыра білген – Айгүл Оразғалиева. Кәсіпкердің айтуынша, кондитерлік цех ашу туралы ой оған декреттік демалыс барысында келген. 2017 жылы өз ісін бастаған ол 43 шаршы метрлік үй-жайға жөндеу жүргізіп, асханаға қажет құрылғыларды сатып алған. Осылайша, шағын, бірақ жайлы студия шеберлік сабақтарын өткізуге арналған орынға айналды. 2021 жылы кәсіпкер өзінің кондитерлік өнімдерін сататын бутик ашса, 2023 жылдың көктемінде кондитерлік цех сатып алуға шешім қабылдапты. Арманын жүзеге асыру үшін ол коммерциялық үй-жай сатып алу мақсатында «Банк ЦентрКредит» АҚ-ға несие алу үшін жүгінген. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерге 20 млн теңге мөлшерінде несие мақұлданды. Жылдық мөлшерлеме 21,5 пайызды құрады.
— Қазір цехта 7 адам жұмыс жасайды. Тәттілерге тапсырыс күнде түседі, дүкенде дайын торттар да бар. Күнделікті тапсырыс беру деңгейі өте жоғары деп айта аламын. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыстар түсіп отырады. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады. Жүрек қалауымен айналысқаннан болар, торт пісіруден еш шаршамаймын, керісінше, жан тыныштығын табамын, – дейді ол. Бүгінгі таңда дәмі тіл үйірер түрлі тәттілерсіз дастарханды елестете алмаймыз. Әрі дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау бүгінде біраз қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып келеді. Иә, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілуде. Соның негізінде облыс кәсіпкерлеріне жеңілдетіл-ген пайызбен несиелерге, өзге де қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндіктер жетерлік. Қай жағынан алып қарасақ та, қор қолдауының ұтымды тұстары баршылық. Себебі халықтың әл-ауқаты экономика өсіміне қаншалықты тәуелді болса, кәсіпкерлікті қолдау да отандық экономиканың дамуына дәл сондай мүмкіндік береді. Өз ісін ашып, халықты жұмыспен қамту жүйелі қолға алынса, дамудың даңғыл жолына түсу деген сол.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.