Декларациядан кімдер босатылады?

Нау 13, 2025

Елімізде 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей міндетті декларация тапсыру жүргізіліп келеді. Өткен жылы маңызды шараның үшінші кезеңі аяқталды. Биыл заңдық өзгерістерге байланысты 4-ші кезең өткізілмейді деп күтілуде. Бірақ облыста 20-25 мың адам салық есебін өткізуге міндетті. Олар кімдер?

Павлодар облысы бойынша мемле-кеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовтың айтуынша, өткен жылы аймақта 180 мыңнан астам жеке тұлға декларация тапсырды. Былтыр кәсіп иелері мен олардың жұбайлары 250-нысан бойынша салық есебін өткі-зуге міндеттелді. Бұл шара жемқорлықпен күресу үшін, сонымен бірге салық базасын ұлғайтып, бюджетке түсетін түсімді арттыру мақсатында жасалды.

— Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 4 кезеңге бөлінді. Биыл заңдық өзгерістерге байланысты 4-ші кезең әзірге алынып тасталды. Бірақ ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін жаңа өзгертулер орын алуы мүмкін. Бәрі – уақыт еншісінде. Облыс бойынша үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер және жұмыс істемейтін адамдар декларация тапсырудан босатылған. Сонымен қатар, жеке тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, бюджет саласының мамандары мен жеке кәсіпкерлер де тапсырмайды. Олардың саны шамамен 200 мыңға жуықтайды. Биыл мемлекеттік қызметшілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасатындар, шет елде жеке мүлкі бар тұлғалар декларация тапсыруы тиіс. Декларация 15 қыркүйекке дейін қабылданады, — деді Е.Ғаббасов.

Ерболат Ғаббасов 250-нысандағы «кіріс декларациясы» жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде бір рет тапсырылатынын айтады. Онда декларациялау сәтіндегі барлық жинақталған мүлік пен ақша көрсетіледі. Биыл кәсіпкерлер 270-нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны 2024 жыл үшін тапсырып, онда бір жыл ішінде тапқан және алған табысын көрсетеді. Бұл адамның бастапқы декларациясында не болғанын және кейін не қосылғанын көру үшін жасалады. Аталмыш форманы мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, кәсіпорын басшылары тапсырады.

— Өткен жылы 250-нысандағы форманы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін мұғалімдер, тәрбиешілер, оқытушылар да тапсырған болатын. Биыл бұл форманы мектеп директорлары, балабақша және оқу орнының басшылары ғана тапсырады. Яғни, тек басшылық құрам ғана міндеттеледі. Бірақ шет елде мүлкі бар тұлғалар бұл міндеттен босатылмайды, — дейді Е.Ғаббасов.

Декларацияны ұсынбағаны үшін әкім-шілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші ретте — ескерту, ал екінші жағдайда — айыппұл көзделген.

Еске сала кетейік, декларацияны «cabinet.salyk.kz» салық төлеушінің жеке кабинеті, «eGov.kz» Электронды Үкімет порталы, «Salyq Azamat», «eGov mobile» және «Kaspi.kz», «Halyk», «ВCC.kz» мобильді қосымшалары арқылы электронды форматта тапсыруға болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.