Делдалға айналған дропперлер жазасыз қалмайды

Мау 26, 2025

Өкінішке қарай, жыл санап алаяқтың түр-түрі көбейіп барады. Айлакерлердің адамдарды алдап, арбау арқылы алған ақшасын банк шотынан шешудің де оңай жолын тапты. Әлдекімдердің төлем картасын пайдаланып, қомақты қаржыны қолға түсіретін болды. Сөйтіп, заңсыз істен «табанды жалтыратып», ізін суытуға тырысады. Бұл – нағыз қылмыс.

Алаяққа арбалмаудың жолы қандай?

Жалпы, алдымен дроппер деген кім екеніне тоқталайық. Бұл – алаяқтарға көмектесетін адам. Кейбірі оны саналы түрде, енді бірі білместен жасап жатады. Айталық, мұның заңсыз іс-әрекет екенін біле тұра ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында алаяқтық жолмен түскен табысты банк арқылы алатын адамдар сол үшін тиісті ақы алады. Көп жағдайда басқа шотқа аударылатын немесе банкоматтан қолма-қол ақша ретінде алатын соманың 1-2 пайызын талап етеді. Кейбірі нақты бір сомаға келісіп жатады. Кей адамдар телефонға хабарласқан адамдарға жеке деректерінің барлығын – банк картасының нөмірін, жасырын кодты аңғармастан айтып, сол арқылы білместіктен дроппер болып жатады. Тағы біреулер банк картасын кез келген адамның қолына ойланбастан ұстата салады, жоғалтып алады, уақытша ұстау үшін сатып та жібереді.

Қысқасы, алаяқтар дропперлерді іске тартудың түрлі жолын тауып алған. Олардың арбауына оңай түсіп жататын адамдар бар. Мәселен, сіздің жеке банк шотыңызға қомақты сома түсуі мүмкін. Араға біраз уақыт салып белгісіз адам хабарласып, қаржыны қателесіп жібергенін айтып, ант-су ішеді. Сөзіне толыққанды сендірген соң ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Өтемақы ретінде сол соманың бір-екі пайызын ұстап қалуды ұсынады. Мұндай оңай олжадан кім бас тартсын? Сол пайыздық үстемені өзі алып қалып, телефон тұтқасының ар жағындағы адам көрсеткен шотқа қаржы аударады. Осылайша, қалай дропперге айналғанын өзі де білмей қалады.

Сондай-ақ, көп жағдайда студенттер, жұмыссыз жандар, қосымша табыс іздеген азаматтар мен зейнеткерлер делдалдық «қызметке» түсіп жатады. Алаяқтар табысы жоғары онлайн жұмыс ұсынып, ақша аудару үшін банк шотына қатысты мәліметтерді сұрайды. Қажетті ақпараттың барлығын қолға түсірген соң заңсыз қаржыны сол шоттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып алады.

Сондықтан сізге осындай өтініштермен әлдекім хабарласса, мұның ар жағында қылмыстық әрекет тұрғанын ескергеніңіз жөн. Ал айтқанына көніп, ақшаны шотқа аударып берген жағдайда ірі алаяқтық схемасының бір бөлшегіне айналуыңыз мүмкін. Бұл жерде басты мақсат – заңсыз қаржының «жолын» барынша жасырып, құқық қорғау органдары мен банк өкілдерін шатастыру. Кейде «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» жатады. Себебі полиция өкілдері тек дропперлерді табуы мүмкін. Ал оның ар жағындағы алаяқтардың ізіне түсу қиын. Яғни, алдап-арбайтындар делдалдарды пайдаланып, өздері «сүттен ақ, судан таза» болып шығады. Көп жағдайда пысықайлардың қитұрқы әрекеттерінен зардап шеккендердің қаржыны қайтара алмауының басты себебі де осы.

Қылмыстық жауапкершілік қарастырылған

Бұған дейін дропперлерді тапқан күннің өзінде олар жауапқа тартылмайтын. Себебі, тікелей оларға қатысты заңнамалық негіз болған жоқ. Көп жағдайда тек куәгер мәртебесі берілетін. Ал таяуда Парламент тиісті заң қабылдап, соған сәйкес делдалдар  да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Атап айтқанда, алаяқтарға өзінің банк шотын пайдалануға берсе, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заңсыз жолмен түскен ақшаны үшінші тұлғаға аударып, төлем жасаса, бес жылға дейін темір тордың ар жағына қамалуы ықтимал. Қылмыс жасау үшін банк шоттарын сатып алса, жеті жылға дейінгі уақытын қамауда өткізеді. Сонымен қатар, қолма-қол ақшаға айналдырған барлық соманы жәбірленушіге толығымен қайтаруға міндеттеледі.

Егер мұндай құқық бұзушылыққа бірінші рет барып, өз еркімен бұл туралы құзырлы органдарға хабарлап, тергеу барысында қылмыстың ашылуына белсенді түрде атсалысса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Алаяқтардың дроппер арқылы жасайтын әрекеттеріне тосқауыл қою үшін түрлі шара қолға алынуда. Мәселен, бүгінде күмәнді шоттарды бұғаттап, оларға онлайн қолжетімділік тетігін өшіруге қатысты механизмдер енгізілуде. Ұлттық банк жанынан арнайы антифрод-орталық та құрылды. Ол жартыжылдық жұмысы нәтижесінде күмәнді транзакциялар бойынша 1,5 млрд теңгені бұғаттады.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, былтыр 128 дроппер жауапкершілікке тартылып, сот арқылы олардан барлығы 1 млрд теңгеден астам сома өндірілді. Сондай-ақ, 59 алаяқтық тобының жұмысына тұсау салынды. Ал қаржылық мониторинг агенттігі өткен жылы айналымдағы жалпы қаражат 24 млрд теңге болатын 6200 дроп-карта бұғатталғанын мәлімдеді.

Мұндай сипаттағы қылмыстық әрекеттер біздің облыста да тіркелуде. Сәуір айында ғана киберполиция қызметкерлері «Forte Bank» өкілдерімен бірлесіп, Павлодар қаласының 25 жасар тұрғынын ұстады. Оның шотына Telegram арқылы хабарласқан белгісіз адамнан қаржы түскен. Белгілі болғандай, алаяқ облыс
орталығының тұрғынына хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді қолды еткен соң азаматшаның атына 4,5 млн теңге несие ресімдеген. Бұл соманы әлгі 25 жасар павлодарлықтың шотына жіберген. Ол өз кезегінде бұл қаржыны банкомат арқылы шешіп алып, онлайн «досына» қайта аударған. Енді делдалдық қызмет еткен жігіт алдағы бірнеше жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Сондай-ақ, келтірілген шығын орнын толтыруға міндеттеледі. Жалпы, біздің аймақта 83 сот шешімі бойынша дропперлерден 110 млн теңге өндірілді.

Алаяқтықтың мұндай түріне ұрынбас үшін жеке мәліметтерге сақ болу керек екенін тағы бір мәрте ескертеміз. Банк картасы мен шотына қатысты барлық деректі «сайрап» айтып берсеңіз, не бірнеше миллион теңгелік несиесі бар борышкерге, не қылмыскерлерге көмек-тескен делдалға айналуыңыз әбден мүмкін. Бастысы, оңай олжа болмайтынын ұмытпаңыз!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.