Павлодар облысы онкологиялық аурулардың көрсеткіші бойынша республикада үшінші орында тұр. Мұндай диагноз жыл сайын шамамен 2 мыңға жуық емделушіге қойылады. Десе де, соңғы 5 жылда өлім-жітім 20 пайызға төмендегенін атап өткен жөн. Заманауи қондырғылар жеткізіліп, мықты кадрлар қатарға қосылып, ауруды ауыздықтау жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Скринингке атүсті қарайды
Онкологиялық аурулар туралы әңгіме қозғалса, өңірдегі зауыттар көзге елестейтіні рас. Павлодар облысы ластаушы заттардың атмос-фераға шығарылуы бойынша да елімізде көш басында тұр. Былтыр шығарындылардың жалпы көлемі 727 мың тоннаға жуықтаған. Өңірдегі экология мәселесі денсаулық сақтау жүйесіне әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, бүгінде онкологиялық аурулары бар 12962 павлодарлық диспансерлік есепте тұр. Аурудың алдын алу бойынша скринингтік тексерулер жүргізіліп, медициналық заманауи құрал-жабдықтар сатып алынуда.
– Онкологиялық аурулардың ішінде колоректальді қатерлі ісік жиі таралған. Ауруларды анықтау және емдеу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мәселен, сүт безінің және жатыр мойнының қатерлі ісігін, колоректальді қатерлі ісігін анықтау мақсатында скринингтік бағдарлама жүргізіледі. Облыста 32 онкологиялық кабинет жұмыс істейді. Тұрғындарға кеңестер айтылып, ауруды алғашқы сатыда анықтауға басымдық берілуде. Жыл сайын облыстық онкологиялық диспансерде 1500-ден астам ота жасалады. Оның 30 пайызы – аз инвазивті оталар. Жаңа технологиялардың көмегіменбұрын жасалмаған, тіпті республикада жасалмайтын оталар қолға алынуда, – дейді ол. Жиында дәргерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де көтерілді. Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, әлі күнге дейін жүрек төрт камералы болатынын білмейтін жас мамандар бар екен. Бұл ретте, дәрігерлердің білімін арттыру ісіне баса мән берілуде. Маман тұрғындар денсаулығына атүсті қарап, скринингтік тексеруден өтуге ынталы емес екенін де айтып қалды. Шетелде былтыр тексерістен өтпеген адамнан келесі жылы ауру анықталса ота ақылы түрде жүргізіледі екен. Осындай қадамдар қолға алынса деген ұсынысын да жасырмады. Әйтпесе, тұрғындар ауруы асқынған кезде ғана дәрігерді жағалайтыны жасырын емес. Жоғарыда жазғанымыздай, жаңа технологиялардың тиімділігі кәдімгідей сезілуде. Жаңа қондыр-ғылар арқылы ерте диагностиканы кеңейту есебінен онкологиялық науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 51 пайыздан 57 пайызға дейін артқан. Облыс әкімі Асайын Байханов облыста заманауи технологиялар сатып алынып жатса да, кейбір тұрғындар қаражат жинап, шетелге көрінуге асық екенін айтты. Яғни, шетелде жасалатын оталарды бізде де реттеуге мүмкіндік бар. Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасы басшылығына ауруды алдын алу бойынша жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды.
Экономиканың дамуы тұрақты
Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук биыл жартыжылдықтағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және облыс бюджетінің орындалуы туралы айтып берді. Белгілі болғандай, негізгі 6 көрсеткіш бойынша қала және аудандардың даму көрсеткіші қанағаттанарлық. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі мен электрмен жабдықтау бағытындағы көрсеткіштер жоғары. Ал жеңіл өнеркәсіп өнімдері 15 пайызға төмендеген.
– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерінің бағасы 5,5 пайызға өсті. Десе де, жарма бағасы 10,4 пайызға, жұмыртқа 6,3 пайызға және қант бағасы 4,1 пайызға төмендегенін атап өткен жөн. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,1 пайызға артты. Аймағымызға 344 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыс экономикасының даму көрсеткіші 103,5 пайызды құрады, – деді И.Назарчук. Асайын Байханов ел экономикасымен қатар аймақтық экономика да жақсарғанын атап өтті.
– Облысымыздың экономи-калық даму деңгейінде оң көрсеткіштер байқалады. Десе де, босаңсып қалмау керек, – деген аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Жиында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары да баяндалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, бірқатар ауданда шегірткенің үйірлі емес түрлері байқалуда. Атап айтсақ, Железин, Павлодар, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында экономикалық зияндылық шегінен аспайтын үйірлі емес шегірткелердің жекелеген түрлері анықталған.
– Облыста италиялық прустың қаупі жоқ. Алайда Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында 2560 гектарда италиялық прус жұмыртқа салды. Аталған жерлерде құзырлы органдар химиялық өңдеу жүргізді. Жағдай бақылауға алынды, – деді ол. Облыс әкімі Асайын Байханов зиянкес шегірткелердің қаупін алдын ала ескерту керек екенін айтты.
– Биыл шегірткелердің таралуы байқалмады екен деп босаңсуға болмайды. Қазірден бастап дернәсіл бар жерлерді тексеріп, өңдеу жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді А.Байханов. Аппараттық жиында облыстағы 3 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатқаны айтылды. Бұлар – Шарбақты ауданы Жаңаауыл және Хмельницкое ауылдарындағы мектептер және Павлодар қаласындағы №5 мектеп. Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбековке демалыс күндері кестеден кешіккен мектептерді аралап, жағдайды бақылауды тапсырды.
Оралхан ҚОЖАНОВ.